Жеке басты куәландыратын құжатсыз жүруге рұқсат берілді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
32176

Нотариус құжаттың түпнұсқалығына QR-код арқылы көз жеткізеді. 

Жеке басты куәландыратын құжатсыз жүруге рұқсат берілді

"Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы нақты нәтиже беріп жатыр. Біздің ел бірте-бірте қағазбастылықтан құтылып келеді.

Естеріңізде болса, 1 қарашадан бастап "Мекенжай анықтамасы" мемлекеттік реестрден алынып тасталды. Тұрғылықты мекенжайға қатысты мағлұмат egov.kz электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасына жүктелді.

Мемлекеттік органдар мекенжай дерегін ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйеден алатын болды.

Осы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы зейнеткерлікті SMS-хабарлама арқылы рәсімдеуге мүмкіндік беретін проактив қызмет іске қосылды. Бұдан былай зейнетке шығатын адамдар бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталығына бармай, зейнетке SMS-хабарлама арқылы шыға алады.   

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әсемгүл Балташеваның баяндауынша, 2018 жылдың қазан айында қолданысқа зейнетке бір өтінішпен шығуға мүмкіндік беретін композит қызмет енгізілді. Ал 2019 жылдың тамызында  зейнет жасына толуға 10 күн қалғанда зейнетке SMS-хабарлама жолдау арқылы шығу мүмкіндігі ұсынылды.

Ел азаматтары осыны місе тұтып, "жақсы болған екен" деп жүргенде, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы тағы бір қызметті іске қосты. Соған сәйкес, қазақстандықтарға жеке басын куәландыратын құжатсыз жүру және түрлі мемлекеттік қызметтерді пайдалану құқығы берілді. Бұл үшін ұялы телефонға eGov mobile қосымшасын жүктеу қажет. Осылай істеген азаматтар кез келген жерде жеке басын куәландыратын құжаттың электронды нұсқасын көрсетіп, шаруасын шеше береді.

Бұл туралы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында: "Қазақстандықтарға eGov mobile қосымшасы арқылы жеке басын куәландыратын құжаттың электронды нұсқасын көрсету құқығы берілді. Электронды құжат жеке басты куәландыратын құжаттың баламасы бола алады", – деп жазылды.

Белгілі болғандай, электронды құжатқа eGov mobile қосымшасы бар азаматтардың барлығы қол жеткізе алады.

"Егер, сізде жеке куәлігіңіздің түпнұсқасы болмаса, оны электронды түрде ұсына аласыз. Құжат рәсімдеу кезінде, мысалы, нотариуске барғанда eGov mobile қосымшасы арқылы жеке куәлігіңізді электронды нұсқасын көрсетесіз. Сізге QR-код қолдану арқылы рұқсат беру функциясы ұсынылады. Нотариус құжатыңыздың түпнұсқа екеніне көз жеткізеді және қызмет көрсетеді", – деп нақтыланған акционерлік қоғамның түсіндірме жазбасында.

Айта кетейік, eGov mobile қолданушылары жұмысқа, салық органдарына, елшіліктерге және басқа да ведомстволарға ұсынуға қажетті анықтамалар мен құжаттарды ала алады. Бұл үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ.   

Электронды қызмет қолданушылардың қатарына қосылу үшін электронды цифрлық қолтаңба алу және ұялы телефонның нөмірін eGov порталындағы жеке кабинетке тіркеу қажет. Осыдан кейін мобильді қосымшаны жүктеп, сотталмағаны туралы, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы, аты, тегі, әкесінің аты өзгергені туралы, неке қию немесе ажырасу туралы, туу туралы анықтамаларды сонымен қатар зейнетақы көшірмесін ала беруге болады.

Біле жүріңіз, ел азаматтарының, тұрғылықты мекенжайына қарамастан, жеке басын куәландыратын құжаты болуға тиіс. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі мен төлқұжаты Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжат болып саналады.

Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты азаматтарға олардың жасына қарамастан қалауы  бойынша 10 жыл мерзімге беріледі. Төлқұжат

ҚР азаматының жеке басын ел аумағынан тыс жерде де куәландырады.

Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі азаматтарға 16 жастан бастап беріледі және республика аумағында жарамды болады. Қазақстан Республикасы аумағында тұратын барлық  азаматтардың жеке басының куәлігі болуға тиіс. Бұл құжат 10 жылға беріледі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу