Үкімет интернет-бизнеске құлақ аспады

1966

"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасына интернет-бизнестің жасаған ұсынысының тек бір ғана сөйлемі енген. 

Үкімет интернет-бизнеске құлақ аспады Фото: e-event.kz

Қазақстандық интернет-бизнес қауымдастықтың басшысы Константин Горожанкин "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының жобалары мен индикаторларын ешкім интернет-бизнеспен талқыламағанын айтты.

"Біз бағдарламада болуы тиіс бастамалар жайында көп айттық. Өткен жылдың қараша айынан бері бірнеше кездесу өтті. Маусым айында үкіметте бағдарлама таныстырылды. Өкінішке қарай біздің ұсынысымыздың тек бір ғана сөйлемін алғаны белгілі болды. 200 млрд теңгеге көптеген басқа жоба пайда болған. "Бұл қалай болды?" деген біздің сұрағамызға, "Уайымдамаңыз, ол жерде сіздердің де ұсыныстарыңыз бар" деген жауап алдық", – деді  Константин Горожанкин Алматыда өткен "MobiEvent-2017" халықаралық коференциясында.

Оның айтуынша,  KPI-бағдарламалар өте әлсіз. Олардың көбі – еліміздің қол жеткізген көрсеткіштері. Мысалы, бағдарламада 2017 жылы интернет-экономиканың үлесі елдің ЖІӨ-нің 0,2%-ын, 2025 жылы 2,3%-ын немесе 262 мыңды құрайды деп көрсетілген. Алайда қауымдастық мәлеметіне сүйенер болсақ, eCommerce үкіметтің қойған міндетін қазірдің өзінде еңсеріп тастаған. Оның үстіне құжатта көрсетілген кейбір индикаторлар тіпті мемлекеттік бағдарлама қабылданбаса да іске асады.

Мысалы, интернетті пайдаланушылардың үлесі 2025 жылға қарай 81%-ға, ал халықтың цифрлық сауаттылығының деңгейі 81,5%-ға жету керек.

"Бұл бағдарламаның "тастай қатып" орындалатынын көрсетеді. Бірақ бұдан бізге келетін пайда қандай? Бұл көрсеткіштер нақты бір бағдарламасыз-ақ іске асатын болса, ел азаматтарының салығы есебінен 250 млрд теңгені неге төлеуі керек?", – дейді қауымдастық басшысы.

Еске сала кетсек, елді цифрландыру мәселесіне қатысты жиналыста мемлекет басшысы "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының жайы көңіл көншітпейтінін айтып, оны іске асыру қандай қаржылық пайда әкелетінін есептеуді тапсырған болатын.

"Ал бағдарламаны әзірлеушілеріміз одан қандай пайда табуды көздеп отыр? Ол туралы ештеңе де естімедік. Жарайды, 2021 жылға қарай жоба бойынша 251 млрд теңге шығындайық. Қайтарымы қандай? Цифрлар жоқ. Егер дәл осылай жұмыс жасайтын болсақ, бұл ақшаны желге шашу болмақ немесе ол қаржы тағы ұрланады. Сондықтан біз өз мақсатымызды нақтылап алуға тиіспіз", – деген болатын мемлекет басшысы.

Константин Горожанкиннің айтуынша, бағдарламашылар да, кәсіпкерлер де қаражат емес, тек бизнес үшін нақты бір жағдай сұраған. Ол елдегі нарықтың көп бөлігін Amazon, eBay және қытайлық Alibaba онлайн-ритейлері сияқты интернет-дүкендер иеленіп отырғанын айтты. Қазір қазақстандықтарға Alibaba арқылы күн сайын 800 сәлемдеме келеді. Қарашада 11000, желтоқсанда одан да көп сәлемдеме келеді деп жоспарлануда. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, "Қазпочтаның" тек 16000 сәлемдемеге шамасы келеді. Егер жіберілімдер көп болатын болса, поштаның барлық құрылымын өзгертуге тура келеді.

Константин Горожанкин шағын интернет-дүкендердің ірі ойыншыларды ұтуына мүмкіндік аз екенін айтып отыр. Сондықтан қауымдастық үкіметтен салыққа қатысты нақты бір жеңілдік сұраған болатын. Бірақ бұл жерде қандай да бір ақша сөз болған жоқ. Оның үстіне интернет-бизнестің ұсынысы үкіметтің "құлағына" жетпеген. Содан кейін интернет-дүкендер жұмыс істеу үшін қауымдастық мүшелері салықтық емес аймақ – "Алатау" инновациялық технологиялар паркін пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ қауымдастық интернеттегі сауда операцияларының қуатты PR-компаниясы жұмыс істеген басқа елдердің тәжірибесімен танысқан. Жергілікті билікке қайта-қайта өтініш жасалғаннан кейін, Алматы әкімдігі азаматтардың е-commerce деген қызығушылығын арттыру үшін 50 билборд бөлуге уәде еткен.

Константина Горожанкин интернет-бизнес көп ұсыныс жасағанын, алайда олардың көбі қолдау таппай қалғанын, ал қабылданған болса, онда бұрмаланып берілетінін айтты.     

"Электронды шот-фактуралардың өзін әзер енгіздік. Оларды кім қолданады? – деп сұрады ол. – Біздің үкімет мұны қалай болса солай енгізе салды. Электронды шот-фактураны енгізіп, қарапайым шот пен атқарылған жұмыстар актісін енгізуді ұмытып кеткен. Бұл құжаттарды пошта арқылы курьер жасайды".

Қазіргі уақытта "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын президент жанындағы арнайы комиссия әзірлеуде.

Гүлназ Ермағанбетова, Римма Гахова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу