Үкімет "көлеңкелі экономикамен" күресуге кірісті

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2360

Мамандар қолма-қол ақшаның қолданысын шектеу қажет деп отыр.

Үкімет "көлеңкелі экономикамен" күресуге кірісті

Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламалары төңірегінде қордаланған былықты  тексеруге  екінің бірінің тісі бата бермейді. Осы саладағы бағдарламалардың санынан  қарапайым халық түгілі мамандардың өзі жаңылатын болды. Өйткені ол "2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысы" бағдарламасы, 2012 жылы басталған "Қолжетімді тұрғын үй-2020" бағдарламасы, "Жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы, "Бәйтерек" холдингінің "Нұрлы Жол" бағдарла­ма­сы шеңберіндегі жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы" болып жалғаса береді.

Бізде бір бағдарламаны аяқтамай жатып, екінші бағдар­ламаны бастап кете береді. Бұл туралы құрылыс саласының маманы Владимир Жанабеков: құрылысқа мол қаржы алу үшін жаңа бағдарламаны жүзеге асырған тиімді екенін айтты.  Оның сөзінше, 2015 жылдан бастап "2020 жылға дейін өңірлерді дамыту" бағдарламасы күшіне енді де, "Қолжетімді тұрғын үй-2020" бағдарламасының күші жойылды. Ал 2017 жылдан бастап "Нұрлы жер"  бағдарламасы іске асырыла бастады.

"Бізде бір бағдарламаны аяқтамай, нақты нәтижесін көрмей жатып, екіншісіне ауысып кету қалыпты құбылысқа айналған. Маман ретінде бағдарламаларды  дайындаған кезде алдыңгы құжаттың орындалу барысын  тексеру қажет деп ойлаймын. Мысалы, мемлекеттік құзырлы орындар "2020 жылға дейін өңірлерді дамыту" бағдарламасы бойынша қанша адам кезеккке тұрды, қанша адам үй алды" деген сауалдардың жауабын нақты біліп керек. Егер, осы мәселе заңдастырылса талай мәселенің алдын алуға  болады. Себебі кез келген бағдарлама қабылданған кезде оның қаржылық қоры болады. Ол қаржы құжатттың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Осы тетіктер болмағандықтан,  құрылыс компаниялары заңды айналып өте береді. Игерілмей қалған қаржы  салымшылардың емес, жекелеген адамдардың қалтасына  кетеді. Егер үкімет көлеңкемен   күресті шындап қолға алса, заңға өзгерістерді осы механизмдерді заңдастырудан бастауы тиіс, – дейді  Владимир Жанабеков.

Еліміздегі ресми статистика бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі көлеңкелі экономиканың үлесі 20% шамасында. Ал халықаралық валюта қорының мәліметінше, былтыр Қазақстанның  ІЖӨ 214,84 млрд долларды құрап, әлемдегі 182 елдің ішінде 53-орынға табан тіреді. Сарапшылардың сөзінше, көлеңкелі бизнестегі қаржының көбеюі қолма-қол ақшаның бақылаудан шығып кетуімен тікелей байланысты. Осыған орай Үкімет еліміздегі қолма-қол ақша көлемін қысқартуға ниеттеніп отыр. Себебі банк шотындағы ақшаны бақылау әлдеқайда оңайырақ. Көптеген мемлекеттерде құны 1-3 мың доллардан асатын сауда барысында қолма-қол ақшамен есеп айырысуға тыйым салынған.

Қаржыгер Ілияс Исаев  КСРО кезінде де қолма-қол ақша айна­лымы қатаң бақыланғанын, кассаларда белгілі бір сомадан ар­тық ақша ұстатпайтын әрі мемлекеттік банк өкіл­дері оны тұтқиылдан тексеріп, қа­даға­лап отыратынын айтады.   

"Шетелде  М-0 орнына М-2 ақша агре­гаты, яғни аударма депозиті кеңінен қол­да­нысқа ие. Сол себепті көлеңкелі эконо­ми­каны қатаң бақылауға алған елдерде қара базар деген түсінік жоқ. Өйткені барлық жерде касса элек­тронды түрде қызмет көрсетеді. Тіпті Ва­шинг­тоннан 50 шақырым жерде орна­ласқан Потомакс "барахолкасында" сау­да-саттық кас­салық операция түрінде іске асырылады.

"Барахолка" деген аты болмаса, ондағы қызмет көрсету деңгейі өте жо­ғары. Бұл жерде қолма-қол ақшаға затты бір даналап сататын секторлар бар, яғни қолдағы ақшаны көтерме саудаға пай­далана алмайсыз, – дейді қаржыгер. Ал экономист Мағбат Спанов  қаржыны көлеңкеден шығара алсақ, ІЖӨ-ді екі еселеуге болатынын сол арқылы әлеуметтік бағдарламаларды  мерзіміне жеткізбей орындау мүмкіндігі туатынын тілге тиек етті.

"Бұл қаржыдан салық түспейді. Тұрғын үй салынып, кәсіпорын құрылып жатқан жоқ. Оның қызығын тек қана таңдаулылар ғана көріп жатыр", – дейді экономист Мағбат Спанов. 

Ломбардтардың жұмысы қалай реттеледі?

2006 жылдан бері ломбардтарды лицензиялау тоқтатылды. Басқаны былай қойғанда Алматы мен Астанада қанша ломбард тіркелгенін және олардың қаншасы жариялы түрде жұмыс істеп жатқаны туралы дерек жоқтың қасы.

Белгілісі мұнда үкімет тарапынан ретке келтірілген  шекті пайыз жоқ. Кредит бергені үшін пайыздық мөлшерлеме әр ломбардта  әртүрлі. ІІМ тіл және ақпарат департаментінің басшысы Алмас Садубаев осыдан біраз бұрын Астанада журналистермен кездескен кезде Ломбардтардың қызметіне қатысты ешқандай заңнамалық талап жоқ  екенін және оның қызметі ешбір мемлекеттік органмен реттелмейтінін айтты. Сонымен қатар ол елімізде ломбардқа қатысты қандай да бір қауымдастық та жоқ екенін жеткізді. Ал бас прокурор Жақып Асанов Астанада өткен еліміздегі заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінде "ломбардқа келушілер жайлы жеке мәлімет, яғни аты-жөнін жазып алып қалу керек. Сондай-ақ, оларды суретке түсіріп алған да артықтық етпейді. Мұндай жерлерде камералар бар шығар", – деген болатын.

Қысқасы, үкімет "алдағы бес жылда триллиондаған қаржыны  көлеңкеден алып шығамыз" деген уәде беріп үлгерді.  "Қалай? Қайтіп?" деген заңды сауалдың жауабын үкіметтің жыл аяғына дейін қолға алатын жұмыстарының нәтижесіне қарап беретін боламыз. Себебі көлеңкемен күрес Бақытжан Сағынтаев   басқаратын қазақ үкіметіне оңай болмайын деп тұр.   

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңін 2017 жылдан 2022 жылға, ал екіншісі кезеңін 2020 жылдан 2025 жылға, яғни елді мекендер ғаламтор желісімен толық қамтамасыз етілгенге дейін шегеру керек деген ұсыныспен шықты. Халық қалаулысының сөзінше, декларациялаудың шикі тұстары бар. Қолданыстағы заң да бұған дайын емес. Оның қашан дайын болатыны да әзірге белгісіз.

Ал экономист-қаржыгер Ғалым Байназаров оны кешеуілдете берудің қажеті жоқ деген пікірге басымдық береді.   

"Жалпыхалықтық декларация енгізу жемқорлықты толық жойып жібермесе де, оның азаюына, көлеңкелі экономика үлесінің кемуіне, бюджетке түсетін қаржының артуына ықпал етеді", –  деді Ғалым Байназаров.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу