Украина РФ зымырандарының айласын әшкерелеп, контршара енгізді

3582

Бұл елде ресейлік зымырандардың қалдығы қаптап жатыр. Киев оны да іске жаратудың жолын тапты. 

Украина РФ зымырандарының айласын әшкерелеп, контршара енгізді Фото: sun9-7.userapi.com

Соғыс қарсаңында РФ арсеналында стратегиялық қашықтықтағы 2 257 зымыран бар деп есептелді. Бұл деректі Украинаның Қорғаныс министрі Алексей Резников жариялаған еді. Оның басым көпшілігі шапқыншылықтың алғашқы айларында қолданылды.

Forbes есептеуінше, Ресей былтырдан бері тіпті 2022 жылғы 24 ақпанда өзінде болғаннан да көп алыс қашықтықтағы зымыранды атып болды. 2023 жылғы маусымдағы дерек бойенша, РФ Украинаға шамамен 2 700 үлкен қашыққа ұшатын зымыран жолдаған. Бұл деректі Украина Әуе күштерінің қолбасшылығы өз есебінде жария етті.

Сонда соғыс қарсаңында РФ қолында осындай 2257 зымыраны болса, онда қалай атқылағанының саны 2,7 мыңға жеткен?

Әскери сарапшылардың айтуынша, оның сыры түсінікті: Ресей жаңа зымырандарды шығаруды жалғастырып қана қойған жоқ, олардың өндіріс қарқынын еселеп арттырды. Өткен жылдан бері РФ кәсіпорындары соғысқа жұмылдырылуда, үш ауысыммен, күні-түні жұмыс істеуде. Бұған батыстың санкциялары мен тыйымдары да тоқтау бола алмады. Мәскеу микросхемаларды, өзге де қажеттіні айналма жолдармен, жалған, делдал фирмалардың көмегімен шетелден, соның ішінде Батыс елдерінен тасып жатыр. 

Шетелдік барлау қызметтерінің мәліметінше, 2022 жылғы желтоқсанда Ресей бір айда 40 алыс қашықтықты зымыран жасай алса, биылғы мамырда бұл қарқын 67, тіпті 80 бірлікке дейін жеткен.

Осы орайда британдық The Economist басылымының журналистері Украинадағы "Ресейлік зымырандар зиратын" тапты.

"Зымырандар әлдебір табыттар сияқты қатар-қатар қойылған. Типіне, үлгісіне қарай топтастырылған, базбір "әулетімен" қойылғандай. Оларда атып құлатылған күні көрсетілген: өлген датасы сияқты. Кейбірінің айналасына, яғни улы отыны төгіліп, жерді күйдіріп тастағанынан басқа телімдерінде шөп шығып, жасыл желек көмкере бастаған. Олардың қатарын аралау Ресейдің әскери қылмыстарының каталогын парақтаумен тең. Ресейдің Украинаны құрту миссиясымен жолдаған қаһарлы қаруының арасында қанатты зымырандар, баллистикалық зымырандар, самғайтын бомбалар, еркін құлайтын бомбалар және басқасы бар", – деп суреттеді The Economist.

Олардың "ішек-қарындары" ақтарылып тасталған: сымдары, баспа платосы, гироскоптары, линзалары, қаптамасы және басқасы шашылып жатыр. Аспаннан құлаған бұл мыңдаған тонна металдар Киев түбіндегі нақты орнын жариялауға болмайтын құпия оқу орталығының жанында жинастырылған.  

"Егер сен жауға қарсы тиімді соғысқың келсе, онда оның саған қарсы нені қолданатынын алдымен түсініп алғаның жөн", — деді полковник Николай Данилюк.

Оның айтуынша, зымырандық "мола" 2022 жылғы көктемде ашылыпты. Егер Киевке немесе Киев облысына Ресейдің зымыраны құласа, оқиға орнына сол орталықтың қызметкерлері де жетеді. Олар зымыранның атауын, типін анықтайды. Содан соң оның сериялық нөмірін, басқа да таңбаларын табуға тырысады.

Бірақ мамандардың түсіндіруінше, зымыран не снаряд неғұрлым тиімді болса, жарылыстан соң одан қалатыны қалдығы да соғұрлым аз болады. Кейде әуе қорғанысы күштерінің кешендері зымыранның қозғалтқышына дөп тиеді. Онда зымыранның қалған бөлігі жерге бүтін күйде құлайды.

Бұл жағдайда орталық мамандары оның қайда және қашан өндірілгенін, қай кәсіпорын оған қызмет көрсеткенін, модернизациялаудан өткен-өтпегенін оңай біледі.

Бұдан Украинаға не пайда?

Біріншіден, бертінде Ресейден жаңа шығарылған зымырандар ұшып келе бастаған. Бұл дұшпанда зымырандар қорының азайғанынан хабар берген көрінеді. 2023 жылғы ақпан және сәуір аралығында Ресей өз қорын қалпына келтіру үшін зымырандармен атқыламай, үзіліс алды.

Екіншіден, зымырандардың ішінен шетелдік, соның ішінде Батыс елдерінің өндірушілерінің өнімдері мен технологиялары табылады. Бұл санкциялардағы тесіктерді, олқы тұстарды табуға да үлес қосады.

Мысалы, Х-101 зымырандарының басым көпшілігінің өзіндік көздеу оптикалық жүйелері Қытайдан емес, Америкадан жеткізілген. Оның қатарында Altera Flex логикалық платолары бар. Бұл өнім санкцияға ілікпеген, салдарынан, The Economist жазуынша, оны Ресей "не Aliexpress арқылы тапсырыс бергізіп, немесе Қазақстан арқылы алғызады".

Үшіншіден, зымырандар қордаланған алаңда журналистермен тілдескен, өзін "Саша" деп таныстырған офицердің айтуынша, бұл Ресейдің зымыран өндірісінің қуаттылығын түсінуге көмектеседі. Ал "өндіріс динамикасын түсіну – жаудан бір қадам алда жүрудің басты бір алғышарты".

Мамандар бастапқыда осыдан алынған кейбір мәліметтер үміт отын жаққанын айтады: Ресейдің зымыран қоры шынымен қысқарған. Содан ол айына қанша өндірсе, соншасын атуға көшкен еді. Бұл кейбір украиналық және шетелдік сарапшылардың "Ресейдің зымыраны таусылуға таяды" деген жаңсақ байлам жасауына соқтырды.

Алайда 2023 жылғы екінші тоқсанда алынған жаңа деректер Ресейдің "Кинжал", "Искандер" және басқа да қуатты зымырандарының өндірісін еселеп арттырғанын дәлелдеген. Салдарынан Украинаға жасалған соққыларының саны да күрт өсті.

Талдау көрсеткендей, бүгінде Мәскеу Украинаны бомбалауда ұшақ арқылы атылатын Х-101 қанатты зымыранына екпін түсіре бастады.

Полковник Данилюк Х-101 – ресейлік армияның ең қалаулы қаруына айналғанын растады: бұл зымыран аса тиімді саналады. Ол өте төмен ұшады, оны радарлар байқамайды. Оның үстіне ұшу кезінде бағытын ондаған рет өзгерте алады. Мысалы, Киевке ұшып келе жатқандай сыңай танытып, жолай бағытын күрт ауыстырып, елдің батысына бет қоюы мүмкін.

Сардар зымырандар шабуылы бірнеше соққы тобынан құралатынын жеткізді.

"Оның құрамына Х-101 зымырандары да, беспилотниктер де кіреді. Бір топ Киевті солтүстіктен шабуылдап жатқанда, екінші тобы Украина аспанында алып "сегіз" саны сипатында бұлтақтап айналып жүреді. Содан ПВО оның қалаға қай бағыттан "сүңгитінін" түсінуге тырысып, дал болады. Ал олар кілт бұрылып, Одессадағы авиабазаға соққы береді", – деді полковник Николай Данилюк.

Тағы бір сыр ашылды: Ресей соғыс барысында өз зымырандарын жанталаса жетілдіріп жатыр. Нәтижесінде, 2022 жылы табылған Х-101 зымыранының нысананы өзіндік көздеу құрылғысының тек бір оптикалық датчигі болған. Енді соңғы ұшып келіп жатқандарында бірден үш датчик орнатылыпты.

Әйтсе де, дұшпанның зымырандарын мұқият зерттеуден практикалық пайда да бар. Сашаның айтуынша, сүңгуір қайықтардан немесе Каспийдегі әскери кемелерден ұшырылатын "Калибр" қанатты зымырандарының нысананы көздеу технологиясын терең зерттеу арқасында украиналықтар оны жүрісінен жаңылдырып, конус тәріздес жалған нысаналарға қайта бағдарлау әдісін ойлап тауыпты. Мұндай қорғаныс құралдары маңызды көпірлерді қорғайды.

Бұл тәсілді Батыс эксперттері білуге ынтығып отыр. Ендеше соғыс аяқталғанда, украиналық мамандарға сұраныс өте жоғары болмақ. Олар аман болса, болашақта шетелдік әскери оқу орындарында дәріс оқу арқылы да табыс таба алады.

Тағы бір байлам украиналық әуе қорғанысы күштеріне (ПВО) ресейлік зымырандардың ұстатпай кетуіне мүмкіндік беретін "жылу тұзақтарын" еңсеруге мүмкіндік беріпті. Зымырандар нысанаға зуылдап келе жатып, қарсы атылған зымырандарды адастыру үшін түрлі "снарядтар бұлттарын" атқылап, түзеді. Украиналық әскерилер қаптаған "жалған зымырандар" арасынан нағыз зымыранды дәл танудың шебері болып алды.

Тағы бір қызықты дерек: Ресей зауыттарындағы бюрократияның бір нышаны болса керек, мысалы, "Калибр" компоненттерінде оларды жасаған мамандардың, жұмысшылардың аты-жөніне дейін жазылады екен. Бұл соғыстан кейін оларды бейбіт тұрғындарды қыруға үлес қосқаны үшін сотқа тартып, жазалауға ықпал етуі ғажап емес.

"Біз біраз аттарды ашық дереккөздерде жарияладық. Осы арқылы оларды таңдау алдына қойдық: не зымыран жасауыңды доғарып, кетесің немесе өндірісте саботаж жасайсың. Сонда атың тізімнен жойылады. Содан қыста оларда өндіріс белгілі бір мерзімге дағдарды",  — дейді Саша есімді украиналық сардар.

Бірақ Мәскеу де репрессияны өршітуде. Зауыттарда саботаж жасағандар отанға опасыздық жасады деп, ұзақ жылға сотталады. Салдарынан, өз тағдырына көндіксе керек, ресейлік жұмысшылар ажал сепкен зымырандар өндірісінің көрігін ары қарай қыздырды.

Соған қарамастан, Ресейдің зілді зымырандары Украинаны тізе бүктірер күшке айнала алмады. Қайта, уақыт өткен сайын Украинаның әуе қорғанысы жетіліп, кемеліне келе бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу