Украина тұтқынға түскен Ресей сарбаздарын қайта тәрбиелеп жатыр

2265

The Times хабарлауынша, Украина әскери тұтқындарға арналған лагерьде Ресей жауынгерлерінің сауатын ашуға тырысуда.

Украина тұтқынға түскен Ресей сарбаздарын қайта тәрбиелеп жатыр Фото: autospynews.net

Ресейдің басты пропагандистерінің бірі, "RT" халықаралық телеарнасының басшысы Маргарита Симоньян былтырғы мамырда Украинаның өз қолына түскен тұтқындарды қатты азаптайтыны туралы фейк таратты. Оның сендіруінше, "украиналық әскерилер әскери тұтқындарды кастрациялайды, оларды тізесінен атады, ішек-қарындарын монтаж көбігімен толтырады".

Киев бұл айыпты жоққа шығарды. Керісінше, соның бәрін ресейлік басқыншылар жасағанының бұлтартпас дәйектемелерін ұсынды. Ол видеоларды ресейлік солдаттардың өздері түсірген. Біразын мақтанып, ресейлік жабық телерам-арналарға өздері жүктеген. Видеоайғақтардың бір бөлігі қашқан оккуппанттардың артында қалдырып кеткен ұялы телефондарынан табылды. Олар дәйектеме ретінде Халықаралық қылмыстық сотқа, БҰҰ-ға табысталған.

Маргарита Симоньян таяуда әлгі жалған мәлімдемесін қайталады. Ол федералдық телеарнадан сөйлеген он минуттық сөзінде Украинаның "өз қолына түскен ресейлік тұтқындарды арнайы лагерьлерде жаппай кастрациялайтынына, олардың өзге де сау мүшелерін операция жасап, кесіп тастайтынына" өз аудиториясын сендіруге тырысты.

Бұл ресейлік жауынгерлердің жаппай қол көтеріп, Украина армиясына берілуінің алдын алу, оларды қасық қаны қалғанша шайқасуға үгіттеу үшін жасалғаны даусыз.

Бірақ америкалық журналистер Ресейдің бұл мәлімдемесінің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеруге ұйғарыпты. Украинадағы ірі тұтқындар лагерін аралаған The Times журналистерінің тапқан, таққан бар "айыбы" – Украина өз қолына түскен ресейлік сарбаздарды "қайта тәрбиелеуге" тырысады.

Америкалық журналистердің жазуынша, таңертең барлық әскери тұтқындар Украинаның әнұранын тыңдайды. Таңғы астан соң бір минут үнсіздік жарияланып, ресейлік басқыншылық салдарынан қаза тапқан украиналық жауынгерлер, бейбіт тұрғындар рухына құрмет көрсетіледі. Мұны "азап" деу әбестік.

Таймстың хабарлауынша, тұтқындар өздері тұрып жатқан бөлмелерден асханаға өту үшін жолай естелік қабырғасынан өтеді. Онда Степан Бандера, Тарас Шевченко сияқты украиналық тарихи тұлғалардың суреттері ілінген. Бірақ олардың бейнелеріне қарауға тұтқындардың ешқайсысын мәжбүрлемейді, көзін төмен салып, не шекесінен қарап, өтіп кетсе де өз еркі.

Басылым Путиннің 2021 жылғы желтоқсанда америкалық журналистке сұхбатында "Украина деген елдің болмағаны, оны Кеңес одағын құру кезінде Владимир Лениннің ойлап тапқаны" туралы ақпаратты жариялағанын еске салды.

Тиісінше, Украинаға соғысқа аттандырғанда, Ресей өз жауынгерлеріне "заңсыз тартып алынған орыс жерлерін қайтарасыңдар" деп уағыздайтын көрінеді. Салдарынан УҚК қолына тұтқынға түскен ресейлік солдаттар украиналық армияны "басқыншы" санап, олардың "бөтеннің жері үшін не себепті қасарыса күресіп жатқанын" түсінбейді.

"Олар Украина деген халық та, мемлекет те жоқ деп есептейді. Сондықтан біз осылай оларды Украинаның тарихы туралы жеделдетілген курстан өткізіп жатырмыз. Бәлкім, бірдеңе ұғынар. Украина қолдан жасалған мемлекет деген Путиннің мәлімдемесі нақақтан жабылған жала, жалған екенін түсінер деген ой ғана", – деді Таймсқа сұхбатында Украинаның Әскери тұтқындарға күтім жасау жөніндегі үйлестіру штабының өкілі Петр Яценко.

The Times журналистері берілген ресейлік солдаттармен еркін әңгімелесіпті. Олардың азапталмағанына көздерін жеткізген, қайта олардың күтімінің жақсы екеніне таңғалады.

Америкалық басылымның мәліметінше, ресейлік әскери тұтқындар украиналық лагерьлерде жалақы алады: қаласа, аптасына алты күн жұмыс істей алады және айына 8 доллар еңбекақы табады.

Таймстың түсіндіруінше, бұл сома әскери тұтқындарға қатысты Женева конвенциясының талабына сәйкес келеді. Табысын тұтқындар лагерьлік дүкенде жұмсай алады. Дүкенші Ресей солдаттары арасында ең танымал өнім Кока-Кола екенін жеткізді. Бұл компания соғыс басталғалы Ресейден кетіп қалды, содан ресейлік әскерилер еліне оралғанша оны қанып ішуге ынтық.

Украинадағы лагерьлерде жалпы саны қанша тұтқын отырғаны белгісіз. Бұл барлық елде әскери құпия саналады.

Бірақ The Times тұтқындарды ұстау мекемелерінің шектен тыс толып бара жатқанына назар аудартады. Сонымен бір мезгілде Ресей Украинамен тұтқындар алмасуды біраз айдан бері тоқтатып тастаған.

Петр Яценконың айтуынша, лагерьлердегі әскери тұтқындардың үлкен бөлігі немесе шамамен үштен бірі – "Шторм-Z" жасақтарының содырлары. Олар түрмелерден ерікті ретінде тартылған. Тиісінше, Мәскеу олар отанына оралып, Ресейдегі онсыз да ушыққан қылмыстық ахуалды тіптен күрделендіреді деп қорқады.

Америкалық басылым ресейлік тұтқындардың ештеңеден қысылмайтынын, өздерін еркін ұстайтынын паш ететін бір деректі келтірді. Ресейде ауыр қылмыстары үшін түрмеге қамалып, еркіндікке шығу, рақымшылыққа ілігу үшін Украинаға аттанған, содан майдан даласында қолға түскен Ресей сотталғандары украиналық лагерь ішінде өз тәртіптерін орнатуға тырысыпты. Олар барлық тұтқын солдаттардың Ресей түрмелерінде қалыптасқан иерархияға бағынуға тиістігін мәлімдеген.   

Ресейлік солдаттар бұл туралы дереу украиналық әкімшілікке жеткізді. Өз жерлестерінен құтқаруды, қорған болуды, араша түсуді сұраған көрінеді.

"Кейбірі бұл жерде кімнің қожайын екенін танытуға, бұдан былай мұндағылардың бәрін өздері жатқызып, өргізетінін ұғындыруға күш салды. Біз ондай талаптарды тез тыямыз. Бұл үшін қорқытып қоямыз. Егер өздеріңді дұрыс ұстамасаңдар, бостандыққа апарып қоя береміз. Онда өшіккен украиналықтар кек алуы мүмкін дейміз. Әдетте мұны естіп, олар тыныштала қалады", – деді Петр Яценко.

Бұған дейін Украинада әскери тұтқындар үшін тек "Запад-1" лагері жұмыс істейтін. Ресейлік тұтқындар саны күрт көбейіп, оларға орын жетіспейтін болған соң Киев ресейлік әскерилерді берілуге шақыратын "Хочу жить" жобасы аясында тағы бір ірі лагерьді ашуға шешім қабылдады.

2023 жылғы қыркүйекте Киев Prozorro ортақ порталы арқылы лагерьлерге арналған мемлекеттік сатып алуларды өткізді. Оның қорытындысы зәрезап болған украиналық қоғамның ызасын тудырды.

Өйткені ресейлік тұтқындарды түрлі шырындармен, кәмпиттермен, қойытылған сүтпен, етпен, саломен, пюренің түр-түрімен және басқасымен тамақтандыратыны анықталды. Ресей әскерилерінің гигиена және парфюмерия өнімдерімен қамтамасыз етілетіні белгілі болды.

Мұның бәрі тіпті украиналық әскерде де жете бермейді. Тапшылықты халық, еріктілер жылу-донат жинап, өз қалталарынан өтеуге мәжбүр болуда.

Бірақ Киевтің басқа амалы жоқ. Халықаралық Конвенцияны қатаң сақтауды, соның ішінде қарсыласы сияқты берілген жауын атып тастамай, оларды майдан даласынан қияда жатқан Львов облысындағы лагерьге аман жеткізіп, аялап ұстауды Батыстағы серіктестері талап етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу