Украина Запорожье АЭС-індегі жарылыс салдарларын жоюға дайындалуда

2707

Ресей Украинадағы Кахов ГЭС-і бөгеніндегі жарылыстан соң бұл елдің атом станциясында да апат ұйымдастыруы мүмкін. Онда 140 мыңдай адамға тікелей қауіп төнбек. 

Украина Запорожье АЭС-індегі жарылыс салдарларын жоюға дайындалуда Фото: РИА Новости

Шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей тарапы өзі оккупациялаған Запорожья атом станциясының аумағындағы әскерлерін азайтқан. Олар Украинаның бас барлау басқармасындағы дереккөздеріне жүгініп, "Росатомның" бірнеше менеджері станция аумағын тастап шыққанын жариялады. Бұған қоса, РФ әскерилері "Росатоммен" келісімшартқа отырған жергілікті мамандарға 5 шілдеге дейін Қырымға эвакуациялануға кеңес берген.

Бұған дейін украиналық ақпарат құралдары да ресейлік әскерлердің Энергодар қаласынан Запорожье АЭС-інің (ЗАЭС) 2700 қызметкерін және олардың отбасы мүшелерін эвакуациялау жоспарын бекіткенін жариялады. Киев осыған қарап, РФ жағы атом станциясын тастап шығу барысында онда жарылыс ұйымдастыруы мүмкін деп қауіп қылып отыр.

Өз кезегінде өткен бейсенбіде, 29 маусымда Ресей төл құзырын пайдаланып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шақыртты. Онда БҰҰ жанындағы РФ тұрақты өкілі Василий Небензя ЗАЭС аумағында арандатушылық-провокация жасағалы тұр деп Киевті айыптады.

Бірақ сарапшылар маңызды бірнеше жайтқа назар аудартады: біріншіден, арандатушылық ұйымдастыру үшін атом станциясы аумағына ену қажет. Бірақ ЗАЭС және оның аумағындағы Энергодар қаласы толығымен РФ бақылауында.

Екіншіден, атом станциясы жарылса, Украинаға оның эпицентріне жақындау орналасқан бірнеше өлкесінен 300 мыңнан астам тұрғынды эвакуациялауға тура келмек. Онда Украина Қарулы күштерінің онсыз да ілгері баспай тұрған шабуылы түпкілікті дағдарады. Ал РФ әскері шамалы жауынгерін құрбан етіп, кері тайып тұрады. Яғни, Украина шабуылын тоқтататындықтан, Кахов плотинасындағы апат сияқты, АЭС-тегі жарылыстың да ақырғы бенефициары Мәскеу болмақ.      

Украина Президенті Владимир Зеленский өз халқына және жаһан жұртшылығына арнайы бейнеүндеу жасады. Онда ол барлау деректеріне жүгініп, Еуропадағы ең ірі АЭС саналатын украиналық атом электр станциясында ресейлік әскерилердің бірнеше реакторды жаруға әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

"Кахов ГЭС-індегі ресейлік терактіден кейін және бұл лаңкестер басқа энергетикалық объектілер мен бөгендерге саналы түрде соққы берген соң әлемде Ресейдің қарау ниетіне қатысты ешқандай күмән болмауға тиіс. Егер кімде кім Еуропадағы ең ірі атом станциясын Ресейдің оккупациялағанына және оның аумағы мен жабдықтарын миналағанына көз жұма қараса, демек ол да зұлымдыққа және терроризмге септеседі", – деп ашына сөйледі В.Зеленский.

Ол алып станция аумағынан ұшқан радиоактивті бұлттың шекараны мойындамайтынын және бұл соғысқа бейтарап қарап отырған елдерді де басуы мүмкін екенін еске салды.  

Жалпы, бұл дабыл негізсіз емес. Ресейлік әскерилер әлеуметтік желілерде Запорожье АЭС-інің машиналық залдарында тұрған, "Z" символикасы бар әскери техникалардың фотосуреттерін жариялады.

Әскери шолушылар ондай жүк көліктерінің жарылғыш заттарды таситынын ескертті. Жарылғыш толы жәшіктерді көлігімен бірге қашықтан жара салуға мүмкіндігі болады. Олардың байламынша, ядролық апат – РФ армиясына Украина Қарулы күштерінің кем дегенде Запорожье бағытындағы күйретуші шабуылынан құтылуға мүмкіндік береді.

Бұған жауап ретінде Мәскеу "Украина станция аумағын зымыранмен атқылап, жарылысқа және қуатты радиация таралуына соқтырмақ" деп кезекті рет мәлімдеме жасады.

Дегенмен, сарапшылардың мәліметінше, іштен жармаса, алып станция зымыран түгіл, ядролық соққыға да шыдас бере алады. Оның үстіне Украина қолындағы зымырандар реактор түгіл, мықты көпірлерді құлатуға да жарамайды.

Бүгінде толық күйреп, құрғап бара жатқан Кахов су қоймасының жағалауында орналасқан Запорожье АЭС-ін ресейлік армия 2022 жылғы наурызда жаулап алды. Мәскеу атом станциясын бомбаламауы үшін Украина Қарулы күштері оның аумағында бекінуден бас тартып, еш ұрыссыз шегініп кетті. Дұшпанды қарсы алып, кетуді талап еткен Энергодардың бейбіт, қарусыз тұрғындары жаудың әскери техникаларының колонналарын әрине, тоқтата алмады.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, содан бері агрессор бірнеше ай бойы шерулерге шыққан жергілікті белсенділерді қуғын-сүргінге салған. Олардың біразы Украина азат еткен аумақтарға қашуға мәжбүр болған, енді бір бөлігі із-түссіз жоғалған көрінеді. Human Rights Watch және басқа халықаралық құқық қорғау ұйымдары РФ әскерилерінің жергілікті тұрғындарды ұрлаумен және оларды босату үшін ақша бопсалаумен айналысатынын жариялады.

Киевтің талап етуімен биылғы 12 маусымда Запорожье станциясына МАГАТЭ миссиясы аттанды. Халықаралық атом қуаты агенттігінің дерегінше, "бүгінде Ресей бақылауындағы атом электр станциясында теңдесі жоқ жағдай қалыптасты".

Агенттік оның аумағында украиналық қана емес, ресейлік Росатомның да қызметкерлері жұмыс істейтінін растады.

Бұл АЭС кеңестік үлгіде салынған. Ондағы барлық 6 реактор ВВЭР-1000 типті болып келеді. Оның бесеуі КСРО заманында, 1985–1989 жылдары жасақталды. Ал алтыншысын Украина 1995 жылы өзі орнатты. Ағымдағы соғысқа дейін бұл станция Украинадағы өндірілетін бүкіл электр энергиясының бестен бірін жалғыз өзі беретін.

Алайда оны оккупациялағаннан кейін Ресей барлық сым желілері мен бағаналарды жарып құлатып, АЭС-тің Украинаны қуатпен қамтуын доғарды. Қазіргі кезде станция тек өз қажеттілігін ғана өтейді. 4 энергоблогы бірден тоқтатылған, қалған екеуі АЭС мұқтаждығына арналған буды өндірді. Бұдан бөлек радиациялық объектілерге қызмет көрсетуге және ЗАЭС-ті суытуға арналған электрді Кахов ГЭС-інен алып келді. Басқыншы Каховский су қоймасын жарып, гидроэлектр станциясы су астында қалған соң, атом станциясы одан да айрылды.

"Әзірге басты проблема – "Запорожье АЭС-ін салқындатуға оның төл тоғандарындағы су жете ме?" деген сұраққа тіреліп тұр. Реакторлар тегіс тоқтатылды. Бірақ оларға су бәрібір қажет. Біздің Росатом мамандары жерасты артезиан сулары іске қосылады дегенді айтты. Біз бұрын-соңды ондай қайнарлар атом станциясында пайдаланылыпты дегенді естімеппіз", – деп алаңдаушылық білдірді ресейлік "Экозащита" ғалымдардың экологиялық тобының теңтөрағасы Владимир Сливяк.

МАГАТЭ мамандары 6 маусымда Каховский ГЭС-і қиратылғалы бері атом электр станциясы өзіне қажетті суды Запорожье жылу-электр орталығының (ЖЭО) каналынан алуға көшкенін жария етті. Салдарынан, каналдағы су деңгейі әр күн сайын 10 сантиметрге қарқынды төмендеп барады. МАГАТЭ директоры Рафаэль Гросси арнадағы су станцияны суытуға бірнеше аптаға жететінін жеткізді. Ары қарай апат болуы ықтимал. Дренаж жүйесі арқылы алына бастаған жерасты суы толыққанды жетпеуі мүмкін.

Түсініксізі сол, Мәскеуге барғыштап кеткен МАГАТЭ басшылығы РФ әскерлері реакторлар қасында орналастырған жарылғыштар станцияға қауіп төндірмейді деп ақтауға асықты.

"Қандай да бір жарылғыш заттардың бар болуы ядролық объектінің қауіпсіздігі стандарттарына еш сәйкес келмейді. Соған қарамастан, объектінің негізгі қауіпсіздік функцияларына оның елеулі қатысы жоқ. Біз бұл мәселеге баса мән беріп, қадағалап отырмыз", – деді Р.Гросси.

Сарапшылар егер Еуропадағы осы ең алып атом станциясы жарылса, онда Украина мен Еуропа ғана емес, Ресейдің Ростов облысы,  Краснодар өлкесі де радиациялық ластанатынын ескертеді.

Залалды радиациялық бөлшектер Днепрді улап, сол арқылы Қара теңізге құйылмақ.

Қалай болғанда, Украина қапы қалмау үшін қарсыластың ықтимал қастандығына қал-қадари дайындалып жатыр. Киев өткен аптада Днепропетров, Николаев облыстарында және Херсон мен Запорожье облыстарының азат етілген бөліктерінде ЗАЭС-те төтенше жағдай туындай қалса қажет болатын шараларды пысықтап, жаттығулар өткізді.

Бұдан бөлек, Украина Святошин және Голосеев аудандарында радиация деңгейін өлшейтін қосымша құрылғыларды орната бастады.

Ресей Киевті "арандатушылық жасауға дайындалып жатыр" деп айыптап, дабыл қағып, БҰҰ төрінен шулағанымен, өзі атом станциясында апат болған жағдайда Украинаның өз бақылауындағы аумақтарынан халықты толық эвакуациялау шараларына еш дайындық жасап жатқан жоқ.  

Жалпы, Қазақстан да атом станциясын салуға кірісті. Бейбіт күннің өзінде үрей тудыратын бұл нысан соғыс уақытында "шантаж құралына" және алапат апат ошағына айналып кететін көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу