Ұлттық банк "ауылдық инфляцияны" жеке есептеп шықты

3199

Қымбатшылық ауылды титықтатып барады. Ұлттық банк тұсауын кескен арнайы зерттеуде осындай байлам жасалып отыр.

Ұлттық банк "ауылдық инфляцияны" жеке есептеп шықты

Қазір бүкіл әлемді арзаншылық жайлауда. Ұзаққа созылып кеткен дағдарыс осыған соқтырған. Әлемдік тауарлық нарықтарда ауыл шаруашылығы өнімдері, тау-кен металлургия шикізаттарының бағалары төмен деңгейде сақталуда. Жаһан жұртшылығының төлем қабілеттілігінің төмендеуіне байланысты, дүкен сөрелеріндегі тауарлар құны түсуде. Өйткені дамыған елдерде де адамдар баға көтерулерге қарсылық танытып, оған барған өндірушілердің өнімінен бас тартады.

Нәтижесінде, мәселен, Еуропалық одақта бағаның құнсыздануы Еуропалық орталық банктің (ЕОБ) болжамынан төмен болып шығып, шамамен 1,5 пайыз көлемінде қалыптасуда. Бұл ретте ЕОБ одаққа кіретін елдердің қаржылық реттеуіштеріне бұл шамадағы нысаналы көрсеткіш 2 пайыз болатыны туралы ұсыным таратқан еді. Инфляцияның төмен болуы мысалға, еуропалық елдерде ипотеканың мөлшерлемесі де аз болады дегенді білдірсе керек.

Көрші Ресейде де 2018 жылғы қаңтар қорытындысында инфляция күткендегіден әлдеқайда аз болып шықты. Сөйтіп, 2017 жылғы желтоқсандағы онсыз да төмен 0,4 пайыздан биылғы жыл басында 0,3%-ға дейін кеміген. 

Ал Қазақстанда керісінше, жыл өткен сайын тауарлар мен қызметтер қымбаттауда. Және бұған жалғыз кәсіпкерді "өз өнімін көбірек бұлдауға ұмтылып отыр" деп айыптай алмайсыз: оның объективті себептері жетерлік. Мәселен, коммуналдық қызметтер тарифтері жоғарылауда, тасымал-логистика шығындары өсуде, бензин, газ құны да шығандап барады.

Осының барлығы ауылдың қабырғасын қайыстыруда. 

Жалпы, қазақты ауылсыз елестету қиын. "Алтын бесік" атанған ауылдарымыз қазақтың мақтанышына айналған талай марқасқаларды дүниеге әкелді. Ол талай дағдарыстарда елдің әлеуметтік-экономикалық ұстынына айналды: қыс басталса қала қазағын соғыммен қамтамасыз етеді, ауылдан қалаға тонналап жеміс-жидек, көкөніс, сүт пен ұн тасылып жатады. Басқаша айтқанда, ауылдарымыз қаланы асырап жүр. Ал орталық меморгандар тарапынан саяси-экономикалық шешімдер қабылданатын қала ауылға не беруде?

Ұлттық экономиканың ірі қалалар мен ауылдық елді мекендердегі инфляцияны талдауға арналған зерттеуіне жүгінсек, сарапшылардың байламы көңіл тұнжыратады: онсыз да жағдайы мәз болмай отырған ауылдарда "инфляция серіппесі" (спираль) сығымдала серпіліп, ауылдықтардың әлеуеті мен мүмкіндіктеріне соққы беріп жатқан көрінеді.

Қаржылық реттеуші сарапшылары бұл жерде инфляциядан "қалаларға аз нұқсан келгеніне" назар аудартады. Өйткені кейбір ауылдар монополист бір дүкен мен жалғыз жеткізушіге күні қарап отыр. Ал қалалықтардың баға мен сапа бойынша таңдау өрісі әлдеқайда кең.

Сонымен, ұлттық банк "ауылдық инфляция" көрсеткішін есептеп шықты. Онда қарапайым адамға ең керекті 120 тауар мен қызмет түрі бойынша бағалар деректері есепке алынған. Соның ішінде 64-і – азық-түліктік тауарлар, 36-сы – қысқа мерзімді пайдаланылатын азық-түліктік емес тауарлар, 19-ы – тұрғындарының саны 2018 адамнан кем емес 36 ауылдық елді мекендегі ең көп сұранысқа ие қызметтер кіріп отыр.

Нәтижесінде, 2015 жылғы тамызда теңге еркін айналымға жіберіліп, екі еседей құнсызданғаннан кейін ауылдықтар негізінен өз қолдарындағы шаруашылықтың өніміне, яғни бақшадағы көкөніс-жемістерге, қорадағы малдың еті мен сүт өнімдеріне ден қойғаны анықталуда. Ал сол девальвацияға дейін ауылдық инфляция тіпті ірі қалалардағы инфляциядан оза өрлегені тіркелген. Енді ауылдықтардың өз еңбегінің өнбегіне бет бұруы нәтижесінде ауылдағы бағалардың орташа деңгейі елеулі түрде қысқарыпты. Басқа сөзбен айтқанда, қаладан сатуға әкелінетін тауарларды қымбат бағаға сатып алатындай, ауылдықтардың қаржысы жоқ.   

Сарапшылар ауылдықтардың дүкен мен базарда сатылатын қандай өнім түрлерін "өзіндік өндіріспен" алмастырғанын да атады: бұлар – картоп, сәбіз, қияр, қызанақ, қырыққабат, жуа, құс еті, қой еті, сүт өнімдері, құс жұмыртқасы. Сондай-ақ ҰБ-ға сенсек, ауылдар шетелден импортталатын, бірінші қажеттіліктегі тауар болып табылмайтын өнім түрлерін сатып алуды азайтқан. Олардың арасында апельсин, лимон, қымбат балық түрлері және басқалары бар. Өйткені бұл тауарлар санаты 2015 жылғы ұлттық валюта құнсыздануынан кейін ең көп қымбаттаған.

Айтқандай, зейнетақы көлемінің өсуі және ол туралы хабарлар қалаға қарағанда, ауылдық инфляцияға көбірек ықпал ететіні де анықталып отыр.  

Қай өңірде тұрғанына қарамастан, ауылдықтардың табысындағы ең үлкен үлесті "еңбек қызметінен алынған табыс" құрайтыны мәлім болды. Яғни, бұл олардың еңбексүйгіштігін, кәсіптен нәпақа табуға тырысатынын көрсетеді. Ал ауылды жатыпішер жалқау, мемлекет мойнындағы масыл деушілер қатты қателеседі. 

Мемлекет төлейтін зейнетақы ауыл кірісінде екінші орында тұр. "Үштікті" үй шаруашылығы өнімдері тұйықтайды.

Сонымен бірге, қалаға қарағанда, ауылда өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үлесі жоғары. Бұл санаттағы азаматтар өз табысын ақшалай немесе натуралды түрде алады. Қазіргі кезде Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың жалпы саны 2,7 миллион адамды құрайды. Олардың басым көпшілігі ауылға тиесілі.

Алда олардың көбіне "бизнесменге" айналып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тура келмек. Осы мақсатта еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үкіметке арнайы заң жобасын енгізді. "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталатын бұл заң жобасын өткен сәрсенбідегі жалпы отырысында мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат бұл азаматтарды "жеке кәсіпкер" ретінде тіркелуге міндеттейді және тіркелу рәсімдерін жеңілдетеді.  

Ұлттық банктің дерегінше, Атырау, Маңғыстау, Павлодар және басқа да тау-кен өндіруші кәсіпорындары көп өңірлерде ауылдық елді мекендер тұрғындарының табысы құрылымында "жалақы" үлкен үлеске ие.

Ал Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және басқа да бірқатар өңірлерде негізгі кіріс көзі ауыл шаруашылығымен байланысты болуда.

Ауыл тұрғындары соңғы 6 жылдан бері өз табыстарының ауқымды бөлігін, 50%-ын азық-түлік, тамақ өнімдерін сатып алуға жұмсайды екен. Қалалықтар болса, өз табыстарының басым бөлігін керісінше, азық-түліктік емес тауарларға шығындайды.

Қаржылық реттеуші сондай-ақ ауыл тұрғындарының азық-түліктік емес тауарлар арасында тұрғын үйді жөндеуге, баспана үшін қажетті материалдарды сатып алуға жұмсайтынын анықтаған. Ал қалалықтардың азық-түліктік емес шығындарының үлкен бөлігі "әртүрлі ақылы қызметтерді алуға" кетеді.  

Салалар бойынша талдай қарасақ, Қазақстанда қалалық тұрғындар негізінен, сауда, көлік, білім беру және өңдеу өнеркәсіптерінде жұмыс жасайды. Ал ауыл тұрғындары негізінен, ауыл шаруашылығында еңбек етеді.

Бір қызығы, шенеуніктер мен "бюджеттен" қаржыландырушы мамандар саны бойынша ауыл да, қалалар да біршама теңеседі. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару, қорғаныс, денсаулық сақтау, білім беру және өнер секторларындағы бюджеттік сектор қызметкерлерінің ауылда 904 мыңы, ал қалаларда 1,2 миллионы жұмыс атқарады. 

Зерттеу көрсетіп отырғандай, Қазақстан қалалары тек өз ауылдарымызға ғана емес, сондай-ақ тіпті шетелге, Еуразиялық одаққа қымбатшылық пен инфляцияны экспорттауда. Мәселен, "2017 жылы Қазақстандағы азық-түліктік өнімдердің қымбаттауы Армения, Қырғызстан, Беларусь секілді елдердің нарығындағы азық-түлік өнімдері бағасына әсер еткен". Нақтырақ тоқталсақ, Қазақстандағы азық-түліктік инфляцияның 1%-дық өсімі Армениядағы азық-түліктік инфляцияның 0,6-0,7 пайызға, Қырғызстан мен Беларусьта 0,5 пайызға көтерілуіне соқтырыпты.

Сарапшылар мұны Қазақстанның Арменияға астық пен дәнді дақылдар негізіндегі тамақ өнімдерін әкелетін ең ірі жеткізу болып табылатындығымен түсіндіреді. Қырғызстан бізден үлкен көлемде ұн өнімдерін, бидай, өсімдік майы, сары май, темекі өнімдерін тасымалдайды. Ал Беларусь болса, қазақтың ас тұзына, мал өнімдері тағамдарының кейбір түрлеріне және қантына тәуелді. Бұған қоса, еліміз бұларға метал бұйымдарын, мақтаны, мұнайды өңдеу өнімдерін және басқаларын жеткізеді. 

Егер мемлекетімізде қымбатшылық өрлей берсе, жалғыз ауылымызға ғана емес, өзге елдерге де қиынға түсуі ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу