Бұл туралы Ұлттық банктің 2024 жылдың 11 айының қорытындысын шығарған соңғы "Ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында" айтылған.
Былайғы жұрт әрине, мұнда ауыл шаруашылығы жайында сөз болып отырған болар деп ойлап қалуы мүмкін. "Енді иттер мен мысықтарға дейін санап шыққан шығар" деген ой келер. Монетарлық реттеуші шынында олай еместігін түсіндірді.
Қарапайым тілмен айтқанда, банкирлер тілінде, мысық пен иттер – нарықтағы үлесі ұсақ кәсіпорындар. Сиырлар мен жұлдыздар – ірі кәсіпорындар. Бірақ жұлдыздар мен мысықтар саланың "майшелпек" сегменттерін жағалайды. Иттер мен сиырларға "сүйек-саяқты", нарықтың қалдығын місе тұтуға тура келеді.
"Өйткені "Жұлдыздар" дегеніміз – өсіп келе жатқан нарықтарда үлкен үлес алатын кәсіпорындар. "Мысықтар" – осы өсіп келе жатқан нарықтарда жұмыс істейтін, бірақ үлесі аз кәсіпорындар. "Иттер" дегеніміз – тоқырап бара жатқан нарықтарда (стагнирующие рынки) аз ғана үлес алатын кәсіпорындар. "Сиырлар" – осы тоқырап бара жатқан нарықтарда үлкен үлес алатын кәсіпорындар", – деп түсініктеме берді Ұлттық банк аталған қорытынды құжатында.
Яғни, соңғы екеуі – иттері мен сиырлары көп болған салалар "тоқырау үстіндегі нарық" саналады.
Ведомство мамандары анықтағандай, елдегі біраз салада жұлдыздары мен сиырлары қалмады. Өйткені тіпті ірі компаниялардың өздері бизнестерін бөлшектеп тастады.
Мысықтар барлық сектор мен нарықта бар. Ал, сумен жабдықтау және жылжымайтын мүлік саласында бірде бір ит жоқ.
Мысалы, елдегі ресторандық бизнесте бірде бір ірі желі – не жұлдыз, не сиыр қалмаған. Ал, жылжымайтын мүлік агенттіктері арасында тек қана мысықтар, яғни, шағын және ұсақ кәсіпорындар қалған.
Ұлттық банктің ресми мәліметінше, Қазақстанның экономика салалары мен нарықтарындағы қазіргі ахуал:
- Ауыл шаруашылығында: жұлдыздары – 0%; мысықтары – 12,7%; иттері – 87,3%; сиырлары – 0%.
- Тау-кен өнеркәсібінде: жұлдыздары – 1,1%; мысықтары – 46,6%; иттері – 49,4%; сиырлары – 2,8%.
- Өңдеу өнеркәсібінде: жұлдыздары – 1,1%; мысықтары – 40%; иттері – 58,1%; сиырлары – 0,8%.
- Қонақ үйлер мен мейрамханалар нарығында: жұлдыздары – 0%; мысықтары – 14,5%; иттері – 85,5%; сиырлары – 0%.
- Электрмен жабдықтау саласында: жұлдыздары – 3,9%; мысықтары – 85,3%; иттері – 10,8%; сиырлары – 0%.
- Сумен жабдықтау саласында: жұлдыздары – 0%; мысықтары – 100%; иттері – 0%; сиырлары – 0%.
- Құрылыс нарығында: жұлдыздары – 1,4%; мысықтары – 83,1%; иттері – 15,5%; сиырлары – 0%.
- Сауда секторында: жұлдыздары – 0,8%; мысықтары – 67%; иттері – 32%; сиырлары – 0,3%.
- Көлік және қоймалау, логистика салаларында: жұлдыздары – 0,5%; мысықтары – 61,7%; иттері – 37,3%; сиырлары – 0,5%.
- Ақпарат және байланыс саласында: жұлдыздары – 0%; мысықтары – 88,9%; иттері – 11,1%; сиырлары – 0%.
- Жылжымайтын мүлік операциялары нарығында: жұлдыздары – 0%; мысықтары – 100%; иттері – 0%; сиырлары – 0%.
- Кәсіби және ғылыми қызмет нарығында: жұлдыздары – 0%; мысықтары – 75,8%; иттері – 24,2%; сиырлары – 0%.
- Өзге салаларда: жұлдыздары – 4,8%; мысықтары – 52,4%; иттері – 40,5%; сиырлары – 2,4%.
- Барлық сала бойынша жалпы алғанда: жұлдыздары – 1%; мысықтары – 57,2%; иттері – 41,2%; сиырлары – 0,6%.
Ұлттық банктің ресми дерегінше, отандық нарықтарды қалпымен "иттер" мен "мысықтар" жайлап барады.
"Салалар бөлінісінде бәсекеге қабілеттілік дәрежесін бағалау үшін ҚРҰБ "Бостон консалтинг тобы" (Boston Consulting Group) әзірлеген "Нарықтың салыстырмалы үлесі – нарықтың өсу қарқыны" матрицасын пайдаланады. Мониторингке қатысушы кәсіпорындар осы матрица бойынша жіктеледі. Оған сәйкес, кәсіпорындар өздерінің нарықтағы салыстырмалы үлесіне және нарықтың өсу қарқынына қарай орналастырылады. Мұнда олардың өндірген өнімінің көлемі ескеріледі", – деп түсіндірді Ұлттық банк мамандары.
Мұндай матрица алғаш рет қолданылып отырғандықтан, өзге жылдарға қатысты динамика жоқ, отандық нарықтағы иттер, мысықтар және басқасы алғаш рет толыққанды, жан-жақты анықталып отыр.
"Кестедеден белгілі болғандай, Қазақстандағы кәсіпорындардың басым көпшілігі – 57,2%-ы "мысықтар" квадрантына жатады. Яғни, бұл кәсіпорындардың саладағы өсу қарқыны біршама жоғары, алайда олардың өндіріс көлемі аз. Бұл ретте осындай көрініс салалардың көбісінде орнаған. Ауыл шаруашылығында, сондай-ақ қонақүй және тамақтандыру қызметтерін ұсыну салаларында жұмыс істейтін кәсіпорындардың басым көпшілігі, тиісінше 87,3% және 85,5%-ы – "иттер" тобына жатады. Яғни, олар перспективті емес шағын кәсіпорындар болып табылады", – деп мәлім етті Ұлттық банк мамандары.
Осы баяндаманы жасау үшін Ұлттық банк жұмылдырған қаржыгерлер мен экономистерді тіксінткен жайт: қазіргі кезде Қазақстан экономикасында қалған кәсіпорын-компаниялардың үлкен бөлігі – 41,2%-ы "иттер" тобына, перспективасы жоқ шағын кәсіпорынға жатады.
Мұндай компаниялардың қаупі сол, елде экономикалық дағдарыс күшейсе, шетінен жайрап, жабылып қалу қаупі бар.
Ендеше ел Үкіметіне елдің даму стратегияларын, даму бағдарламаларын әзірлегенде, Ұлттық банк сарапшыларының осы сын-ескертпелерін ескергені, "жұлдыздар" мен "сиырлардың" пайда болып, өзара бәсекені қыздыруын, сөйтіп, ел экономикасын көтеруін ынталандырғаны маңызды.
Мысалы, Даниал Ахметов басқарған Үкімет 2007 жылы "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" бағдарламасын қолға алды. Оған сол кездегі Премьер-Министрінің орынбасары Өмірзақ Шөкеев жетекшілік етті. Дегенмен, сол Үкімет ірі, ізгі бастаманың проблемаларын еңсере алмады. Бұл идеядан Кәрім Мәсімовтың Үкіметі бас тартып, бағдарламаны 2010 жылғы 14 сәуірдегі №303 қаулысымен жойды.
Аталған бағдарлама Қазақстанда өңірлік және әлемдік ауқымдағы корпоративтік көшбасшыларды қалыптастыру жолымен бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған салаларды және өндірістің шикізаттық емес секторын құруға жәрдемдесуге бағытталған еді.
Сондай-ақ, басты міндеті ретінде қолайлы бизнес орта мен инвестклиматты қалыптастыру, халықаралық стандарттар мен бизнестің сұранысына сәйкес келетін бәсекеге қабілетті индустриялық-инновациялық инфрақұрылымдарды дамыту белгіленді.