Ұлттық банк халыққа тазартылған алтын құймасын сатады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6079

Бұл іс коммерциялық банктер арқылы жүзеге асырылады.

Ұлттық банк халыққа тазартылған алтын құймасын сатады

Ұлттық банк ел тарихында тұңғыш рет халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын бастады.

Әрине, ұлттық банк бұрындары да халыққа алтын сатқан. Бірақ ол алтын біріншіден, таза құйма емес, кәдесый  түріндегі монета-шақа болатын. Екіншіден, халық алтын құймаларын сатып алғанымен, ұлттық банк оларды кері қабылдамайтын. Осының салдарынан алтын құймалары қазақстандықтар арасында қаржы сақтаудың көзі және инвестиция құралына айнала алмады. Себебі қаржы қажет бола қалған жағдайда, оны нарықтағы бағамен кері өткізу мүмкіндігі табылмады.Бұл жерде әрине, тығырықтан шығар жол ретінде "Алтын сатып аламын. Қымбат. Әр грамы 8500 теңгеден" сияқты ломбардтардың жарнамасын еске түсіру ұят.  

Сонымен ұлттық банктің хабарлауынша, халыққа арналған тазартылған алтын құймалары коммерциялық банктер арқылы сатылатын болады.

Егер азамат құйманы кері сатқысы келсе, ұлттық банк басшылығының сендіруінше, банктер оның алтын құймасын ұзақ сараптамадан өткізіп, көп тексеріп, қинамайды.

"Алтын құймаларды екінші деңгейдегі банктердің клиентке "күнбе күн" ақша төлеу арқылы кері сатып алуы олардың өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы болады", – деді қаржылық реттеушінің басшысы Данияр Ақышев.

Бағдарламаға қатысатын алтын құймаларды Қазақстан теңге сарайы дайындады. Олар 10, 20, 50 және 100 грамм болып төрт түрде ұсынылды.

Мәселен, 10 грамдық құймалар күрең қызыл, 20 грамдық – жасыл, 50 грамдық – көгілдір түсті арнайы ораумен және 100 грамдық құймалар – алтын түстес ораумен ұсынылды.

Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен (құймалардың тегіс беті, микромәтін және бедерлі қыр) және құймаларды механикалық бүлінуден қорғайтын және ораудың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге мүмкіндік беретін арнайы ораумен шығарылады. Қорғаныш орау да құйманың сапа сертификаты болып табылады.

Сондықтан құйманы ұқыптау сақтау және орауын ашпау ұсынылады. Яғни орамы бұзылмаған, вакуумдық күйде тұрса, алтын құймасын банк кері сатып алуға міндетті болады. Бірден айта кетелік, банктер барлық өңірлерде филиалдық желіге ие болғанымен, әзірше бұл құймаларды еліміздің барлық ауыл-аймақтарының тұрғындары сатып ала алмайды, бұл мүмкіндік төрт қаламен шектелмек.

"Бағдарламаның бастапқы кезеңде алтын құймаларын сатып алу және сату мүмкіндігі берілетін төрт қала ғана белгіленді, бұлар – Астана, Алматы, Өскемен және Атырау. Уақыт өте келе бағдарлама танымалдылығының өсуіне қарай, алтын өткізу географиясы кеңейтіледі", – деп сендірді Данияр Ақышев.

Ол сондай-ақ осы аптадағы алтын құймаларының бағдарланушылық құнын атады, себебі әлемдік нарықта алтын бағасының құбылуына қарай, бұл құймалардың құны қымбаттап, не арзандап отырмақ.

10 грамдық алтын құймасын сатып алғысы келетін адамға шамамен 127 мың теңге шығындауға тура келеді. 20 грамдық құйма шамамен 254 мың теңгеге бағалануы мүмкін. 50 грамдық құймаға көңіліңіз құласа, шамамен 635 мың теңге қаражатыңыз болғаны жөн. Ал ең жоғарғы 100 грамдық құйманы иеленгіңіз келсе, шамамен 1 млн 270 мың теңгені жұмсауға әзірлене беріңіз.

"Алтын құймаларын сатып алған адам алтын құнының әлемдік нарықта құбылуына және ұлттық валюта бағамының өзгеруіне қатысты тәуекелдерді де өз мойнына алады. Алтын бағасы көтерілуі де, түсіп кетуі де мүмкін. Демек азаматтар оған қатысты инвестициялық шешімдерді өз беттерінше қабылдаулары тиіс", – дейді ұлттық банк басшысы.

Данияр Ақышев Қазақстан теңге сарайы жасап шығарған алғашқы алтын құймаларын Мемлекет басшысының сатып алғанын жария етті: "Кеше халық банкінің Астанадағы бөлімшесіне президент атына 10 грамнан бастап, 100 грамға дейінгі алтын құймаларының барлық түрін сатып алуға кірістік кассалық ордер жазылды. Біздің азаматтар да президенттен үлгі алып, қаржысын сақтау құралы ретінде алтын құймаларын сатып алады деген үміттеміз" – деді Данияр Ақышев.

Ол алтын құймаларын өзі де сатып алудың қамын жасап жатқанын айтып қалды.

Ұлттық банк сондай-ақ, 2017 жылғы 31 мамырда өзінің "ҚҰБ Online" мобильді қосымшасында жаңа "Алтын құймалар" бөлімі ашылғаны туралы құлағдар етті. Онда әрбір пайдаланушы тазартылған алтынның өлшеуіш құймаларын сатып алуға қатысты оны қызықтыратын мәселеге жауапты шұғыл ала алады.

Ұлттық банктің қызметі мәселелері бойынша халықпен өзара шұғыл іс-қимыл жасауға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға арналған "ҚҰБ "Online" қызметі 2016 жылғы қарашада іске қосылған болатын. "ҚҰБ Online" көмегімен пайдаланушы ұлттық банкке өзінің сұрақтары мен ұсыныстарын тікелей білдіре алады. Бұл мобильді қосымша мемлекеттік тілде және орыс тілінде App Store және Play Market дүкендерінен көшіріп алу үшін қолжетімді.

Abctv порталы анықтағандай, қазіргі уақытта алтын құймаларды "Халық банкінен" және "Еуразиялық банктен" сатып алуға болады. Келешекте бағдарламаға қатысушы банктердің саны ұлғаяды.

Қалған банктер алтын құймасы саудаланатын орынға айналуға асықпай отыр. Олар әзірге ұлттық банкпен осыны қарастыратын арнайы келісімге отырмаған не оған қол қоюдан түпкілікті бас тартқан. Соған қарамастан ұлттық банк басшысы олармен бағдарламаға қосылу турасында келіссөздерді жалғастырып жатыр. Өйткені халыққа қаржысын инвестициялайтын құрал ретінде алтын құймаларын сатуға кірісуді Данияр Ақышев елбасыға уәде етіпті. Айтпақшы, егер банктер ықылас таныта қоймаса, қыңырлана берсе, ұлттық банк алтын құймасының саудасын валюта айырбастау пункттерінде және банктік емес қаржылық ұйымдарда ұйымдастыруға ниетті. Бірақ ол үшін қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу талап етіледі. 

Дегенмен сарапшылар қазақстандықтарды бар қаржысын алып, алтын құймасына салуға жүгірмей, асықпай ойласуға шақырады. Себебі алдымен алтын құймаларын үйде сенімді сақтау шараларын қабылдап алу қажет, оны әрине, қарапайым шкаф сөресінде сақтауға болмайды. Бүкіл әлемде ондай қымбат заттар сенімді банктердегі ұяшықтарда сақталады. Бірақ дәл қазіргі дағдарысты шақта банктік сектор да күйзелісті бастан кешіп жатқаны мәлім.

Бұған қоса алтын сатып алған адам әлемдік биржадағы осы асыл металдың бағасын бақылауды үйренгені абзал. Сонда алтын бағасы өскен кезде онысын сатып, салған қаржысын өсіммен қайтара алады.

Сарапшылар алтын бағасының өсуі адамдар күткен жоғары табыс әкелмеуі мүмкіндігін де ескертеді. Себебі бұл асыл металдың бағасы шарықтай көтерілген кездер де, құлдырай құлаған кездер де бұрын болған, қазір ол біршама тұрақты. Егер 80-ші жылдардың басында алтынның бір трой унциясы 850 доллар тұрса, 1996 жылы бұл көрсеткіш 400, ал 2001 жылдары 260-қа дейін арзандап кеткен. Қазір оның бағасы унциясы үшін 1 300 доллар айналасында құбылады. 

Рас, Royal Bank of Canada сарапшыларының болжамынша, алтын бағасы 2017-2018 жылдар кезінде 1500 долларға дейін өсуі ықтимал. Бұл болжамға кез келген кезде өзгеріс енуі де ғажап емес. Мысалы, 2013 жылы қор нарығында аз уақыт ішінде 1140 тонна виртуалды алтынның сатылғаны мәлім болғанда, бұл нарық төмен қарай құлдилай жөнелді. Оны "қара алтын" құнының құлдырауы кері серпілткен екен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу