Қазан туа шарықтаған бензин бағасы жылдық инфляцияға әсер етпейді. 19 қазан күні журналистермен кездескен Ұлттық банк өкілдерінің пікірін осылай "тәпсірлеуге" болады.
Реттеуші, яғни Ұлттық банк жылдық инфляция әу баста белгіленген 6-8% шегінде сақталады деп жоспарлап отыр. Ұлттық банктің зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкиннің айтуынша, бензин факторын есеп алғанда, жылдық инфляция әуелде белгіленген шектің жоғары деңгейіне жетуі де әбден мүмкін. Мәселен, 7,7%-ды құрауы ықтимал (қыркүйек айындағы жылдық инфляцияның деңгейі – 7,1%).
"Қалай десек те, бензин бағасының көтерілуі тауарлар мен қызметтер қымбаттауына әкеледі. Бірақ қалайда қазан айының қорытындысын күту қажет", – деп нақтылады Виталий Тутушкин.
Бөлше саудадағы баға шарықтап, инфляцияға әсер ететін болса, Ұлттық банк қандай жағдай болмасын мұның бәрін есепке алып, хабарлайтын болады. Бұл ретте орта мерзімді перспективада тұтыну бағалары өсуі әбден мүмкін. Себебі тауарлар мен қызметтер нарығындағы логистика және көлік шығындарының үлесі 40%-ға жетіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, энергетика министрі Қанат Бозымбаев қазан айының соңы мен қараша айының басында бензиннің орташа бағасы 160-161 теңге деңгейінде болады деп мәлімдеген-ді. Бензин бағасы ресейлік тараппен сұйық отынның қосымша көлемін жеткізу үшін жасалған келісімшарттарға байланысты қымбаттады. Атап айтқанда, ресейлік өнімнің бағасы біздің бензиннен әлдеқайда қымбат. Орташа есеппен 171 теңгені құрайды. Министр атап өткендей, ресейлік бензиннің үлесі қазан айында 40%-ды, қарашада 30%-ды құраса, ал желтоқсанда 20%-дан аз болмақ. Қараша айының екінші жартысында немесе желтоқсан айында өнім бағасы түспек. Себебі бұл аралықта жоспарлы жөндеуге жабылған Павлодар мұнай-химия зауыты іске қосылады. Қатарға қосылған кәсіпорын ішкі нарықтағы ресейлік өнімнің үлесін кемітпек.
Қазір Ұлттық банктің алдында тұрған міндет – инфляциялық күтулерді төмендету. Зерттеу деректеріне сүйенсек, қыркүйек айында тұрғындар алдағы бір-бір жарым жылдағы инфляцияны дұрыс қабылдайтыны белгілі болды, яғни келер жылдың қыркүйегінде қазақстандықтар (сауалнамаға өңірлерден 1500 адам қатысты) тауарлар мен қызметтердің бағасы 6-6,5%-ға артады деген ойда.
Еске сала кетейік, Ұлттық банк 2018 жылы инфляция деңгейін 5-7% шегінде белгілеп отыр. Демек банктің мақсатты бағдары мен тұрғындардың пікірі өзара үндесіп тұр.
Шындығында, азаматтардың психикалық сезімдерін экономикалық нақты есептермен байланыстыру қиындау. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы инфляция монетарлық сипатқа ие емес. Сондай-ақ халықтың ой-пікіріне де тәуелді емес. Көп жағдайда инфляция импорт бағасына байланысты. Ал импортты көп жағдайда доллардың эквивалентіне шағады.
Үкіметтің импортты алмастыру бағытында қыруар жұмысты атқарып жатқанына қарамастан, инфляцияны ырықтандыру мүмкін болмай отыр. Себебі тұтыну тауарлары өндірісінен импортты шеттету өте баяу жүруде. Оның үстіне мұндай қадам өндірістің кейбір секторларында әлі қолға алынған да жоқ. Доллар "көкке өрлеген" сайын сауда нүктелерінің барлығында баға айырмашылығы орын алады.
Сондықтан бағаның өсімі халықтың және корпоративтік сектордың валюталық күтулеріне тікелей байланысты. Ал Ұлттық банк өкілдерінің бағалауынша, валюталық нарықтағы жағдай тұрақты.
Монетарлық операциялар департаментінің директоры Әлия Молдабекованың айтуынша, тамыз және қыркүйек айларында валюталық нарықта теңгені әлсіретуге әкеліп соқтыратын қысым байқалған. Әуелгі қысым тамыз айының басында Ресейге қатысты сансыз санкциялармен байланысты өрілді. Соңында мұнай бағасы мен ресей рублінің тұрақтылығына қарамастан, теңге әлсіреуін жалғастыра берді.
"БАҚ-тағы кейбір сарапшылардың инфляцияға қатысты мәлімдемелері бағаның құрылу үдерісіне кері әсер еткенін атап өту керек. Осы сәтте жеке тұлғалар мен компаниялар тарапынан теңгеге деген сұраныстың артқаны байқалды. Кейбір сарапшылардың "теңге бағамы 360 деңгейінде болады, тіпті 400-ге жетуі мүмкін" деген мәлімдемелері нарықта белгілі бір қысым мен дүрбелең туғызды", – деді Әлия Молдабекова.
Тамыз айында тұрғындар тарапынан қолма-қол долларға сұраныстың айырықша артқаны байқалды. Ал сатылымның таза көлемі 880 млн долларды құрады. Ұлттық банктің еркін айналымдағы бағам саясаты шеңберінде трендтің қалыптасуына араласпады. Десе де, Ұлттық банк өз интервенцияларымен ірі алыпсатарлық әрекеттерге шектеу қоя білді. Тамыз-қыркүйек айларындағы сатылым көлемі шамамен 70 млн долларды құрады.
Ұлттық банктің өкілдері теңге әлсіремейді деп сендірді. Бұлайша ой қорытуға бірнеше нақты фактор бар. Біріншіден, мұнай бағасы жоғары деңгейде – 53-55 доллар. Екіншіден, рубль/доллар валюталық жұбы 50-60 рубль шегінде сатылуда. Бұл теңге құнсызданбайды деп пікір айтуға толықтай құқық береді. Қыркүйектің бірінші онкүндігінде долларға шаққандағы бағам 340 теңгеге дейін әлсіреді. Ал қыркүйек айының соңында 345 деңгейіне жетті. Қазан айының басында 334-335 теңгені құрады. Сондықтан теңге бағамының құбылмалылығы негізінен алыпсатарлық сипатқа ие.
"Бірінші кезекте долларға қарсы ұсыныстар пайда болды. Соған қарағанда нарықтың кейбір қатысушылары теңгені бағаланбаған деп есептеп, долларды жаппай сатуға шешім қабылдаған секілді. Сонымен қатар теңгеге монетарлық фактор қолдау көрсетті. Атап айтқанда, 9 қазанда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруы теңгеге қолдау болды", – деді Әлия Молдабекова.
Валюта нарығы тар әрі ойыншылар саны аз. Мұны Ұлттық банк өкілдері де растап отыр. Сондықтан кез келген ірі ойыншының күтпеген әрекет жасауы теңге бағамын төмендетуі немесе арттыруы әбден мүмкін. Қаржы қауымдастығының биржадағы сауда-саттыққа қатысу есебінен бастапқы дилерлер ауқымын кеңейту туралы бастама көтеріп жүргеніне он жылға жуықтады. Алайда мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Сондықтан валюта нарығы ірі банктердің "тұтқыны" болып қала бермек. Реттеуші де бастапқы валюта нарығының қатысушыларына қатысты мәселені шешуге құлықсыз. Бұл валюта нарығына қатысты елеулі банктік лобби бар екендігінің дәлелі.
Ұлттық банк бастапқы валюталық дилерлер санын арттыру мүмкіндігін қарастырмақ. Қазір заңды тұлғалардың валютаға қолжетімділігі банктер арқылы жүзеге асырылады және бастапқы валюталық дилерлер позициясына брокерлерді қабылдау мәселесі қарастырылуда. Алайда Ұлттық банк нақты бір мерзімді жарияламай отыр. Сондай-ақ валюта нарығы ойыншыларының әрекетіне белгілі бір себепсіз араласқысы жоқ. Есесіне валюта нарығының құрылымдық проблемасы (бастапқы нарық ойыншылары ауқымның тарлығы) алыпсатарлық ойыншылардың тәуекелін арттырады. Ал валюта нарығының құбылмалылығының артуы базалық мөлшерлемені төмендету әлеуетін шектейді. Бүгінде базалық мөлшерлеме 10,25%-ды құрап отыр.
Еркебұлан Қыздарбек, Татьяна Батищева