Ұлттық банк еліміздің валюта нарығындағы қыркүйек айының қорытындысын жасады. Ұлттық валютаның әлсіреуіне әкелген үйлесімсіздіктер біршама көбейіп, ай өте ауыр өтті.
"Қазақстанға ішінара ғана тікелей қатысты әлемдік нарықтардағы жағымсыз жаңалықтарға ішкі валюта нарығына қатысушылар мен олардың клиенттері елеңдеумен болды. Осының нәтижесінде шетел валютасына деген сұраныстың артқаны байқалды", – деп атап кетті Ұлттық банк баспасөз қызметі.
Бұл ретте әлемдік тауар және қаржы нарықтарындағы ахуал түрлі бағытта қалыптасты. Мұнайдың әлемдік нарығында баға өсіп, ол 2014 жылдың желтоқсанынан бергі кезеңдегі ең үлкен көрсеткішті көрсетті. Қаржы нарықтары сауда қақтығыстарының күшеюі және әлемнің аса ірі экономикалары арасындағы шиеленістің әсерімен дамыды. АҚШ-тың санкциялық және протекционистік саясаты, сондай-ақ Федералдық резервтік жүйенің мөлшерлемелерді арттыруды жалғастыруы дамыған нарықтардың пайдасына капитал ағындары бағытын өзгертуге себеп болды.
Ұлттық банк геосаяси оқиғалардың негізінде ресейлік рубльдің әлсірегенін қыркүйек айының басында ішкі валюта нарығына жағымсыз әсер еткен негізгі фактор ретінде көрсетті.
"Девальвациялық болжамдардың күшеюін болдырмау және ішкі валюта нарығын тұрақтандыру мақсатында Ұлттық банк 2017 жылдың қазанынан бастап алғаш рет валюталық интервенция жүргізу туралы шешім қабылдады. Мәселен, 2018 жылдың 5-7 қыркүйек аралығында шетел валютасына ұсыныс болмаған жағдайда Ұлттық банк 520,6 млн АҚШ долларын сатты. Бұл күндері Ұлттық банктің қатысу үлесі валюта биржасындағы сауданың жалпы көлемінен 80%-ға жуық болды, бірақ жалпы алғанда Ұлттық банктің бір ай ішіндегі қатысу үлесі 13,6% болды", – деп хабарлайды ведомство.
Сонымен қатар реттеуші халыққа және ұйымдарға айырбастау бағамы құбылмалы болған жағдайда шетел валютасына объективті қажеттілік болмаса, активтерді бір валютадан екіншісіне аудармай тұра тұруды ұсынады.
"Баға белгілеудің қарбалас сәтінде валюта сатып алу жинақ ақшаны жоғалту тәуекелін арттырады", – деп түйіндеді Ұлттық банк баспасөз қызметі.
Сара Бухина