Ұлттық экономика министрі арық айтып, семіз шыққысы келеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3728

2017 жылғы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4%-ды құрады.

Ұлттық экономика министрі арық айтып, семіз шыққысы келеді

Үкімет отырысында баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің есебінше, 2018 жылы бұл көрсеткіш 3,1% деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Алайда премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бағындырған межеден төмендеуге жол жоқ екенін ескертті. Яғни былтыр еңсерген 4%-дық меже осы жылы неліктен 3,1% болуы керек? Елдің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындыларын жария еткен Тимур Сүлейменов бюджетті қайта пысықтау барысында тиісінше аталған меженің де ұлғаятынын айтты.

Министрдің айтуынша, жоғары өсімді қалыптастыруға сауда секторындағы өндірісті кеңейту, инвестициялық белсенділікті арттыру және ішкі сұраныстың біртіндеп қалпына келуі оң әсер еткен. Бұдан бөлек, мұнай мен металдар бағасының жоғарылығы да өз үлесін қосты. Сондай-ақ экономикалық өсімге еліміздің негізгі сауда серіктестері – Еуропалық одақ, Ресей және Қытай мемлекеттеріндегі экономикалық жағдайдың жақсаруы ықпал етті. 2017 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Ресейге өнім экспорттау 33%-ға, Еуропалық одаққа – 31%-ға, Қытайға 34,9%-ға өскен.

Өндіруші салалардың ілгерілеуіне қарамастан, жалпы ішкі өнімнің өсу көздері экономиканың шикізаттық емес сегментінде шоғырланған. Осылайша, ЖІӨ-нің 4%-дық өсімінде шикізаттық емес сектордың үлесі 60%-ды құрады. Тұтастай алғанда, нақты секторда экономиканың барлық саласында өндірістің синхрондық өсімі белгіленген.

Ең жоғарғы өсім өнеркәсіп саласында тіркелді (7,1%). Сонымен қатар көлік (4,8%), байланыс (3,3%) және сауда (3,2%) салаларында да байқалды. Мұнай өндіру көлемінің өсуі есебінен тау-кен өнеркәсібінде жақсы көрсеткіштер белгіленді. Өңдеу өнеркәсібі 5,1%-дық өсім деңгейін көрсетті. Бұл негізінен Индустрияландыру картасындағы жобаларды іске асыру арқылы мүмкін болды. 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы 850 млрд теңгеге 62 жоба іске асырылып, 5,5 мың жұмыс орны ашылған.

Тимур Сүлейменов фармацевтика саласының да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл саланың өнімі 41,8%-ға өскен. Жеңіл өнеркәсіп 9 инвестициялық жобаны іске қосып және жүйе құрушы компаниялардың қазақстандық қамтуын ұлғайтудың нәтижесінде өндірісті 7,3%-ға арттырды. Сұраныстың өсуі химия (7,2%), металлургия (5,9%), мұнай өңдеу (5,1%) және тамақ өнеркәсібіне (4,1%) қосымша серпін берді.

"Машина жасау саласында 5,6% деңгейінде тұрақты өсім белгіленді. Ауыл шаруашылығындағы өсім 2,9%-ды құрады. Тарқата айтсақ, өсімдік шаруашылығының өнімі 2,2%-ға, мал шаруашылығы өнімі 3,9%-ға өсті", – деді Тимур Сүлейменов.

Министр Астанада өткен "ЭКСПО-2017" көрмесі ішкі нарықтағы сұранысты арттырып, бөлшек сауда сегменттерінде, мейрамхана, қонақ үй бизнесі және барлық қызмет көрсету саласында шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейткенін жеткізді.

"2017 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,5%-ға артты. 2017 жылдың 11 айында инвестициялардың негізгі өсімі ауыл шаруашылығына бағытталды. Бұл саладағы өсім 29,3%-ды құрады. Ал өзге салалардығы өсім келесідей: сауда – 21,8%, құрылыс – 11,8%, байланыс – 9,5% және өнеркәсіп – 3,8%", – деді министр.

2017 жылдың 9 айында Қазақстан 15,7 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тартты. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға жоғары. Жалпы алғанда, елдің сыртқы сауда айналымы 25,1%-ға артып, 69,5 млрд долларға жетті.

"Экономиканың тұрақты өсімі әлеуметтік көрсеткіштердің жақсаруымен қатар жүрді. Мәселен, 2017 жылдың 9 айында жалдамалы жұмысшылар саны 53,1 мың адамға артып, 1 қазандағы жағдай бойынша 6,4 млн адамды құрады. Бұл жұмыссыздықты төменгі 5,0% деңгейінде ұстауға мүмкіндік берді", – деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ үкімет отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бюджет қаржысының орындалуы туралы баяндады. Оның сөзінше, шығыстар бойынша мемлекеттік бюджет – 99,7%, республикалық бюджет – 99,8% және жергілікті бюджет 99,6% деңгейінде атқарылды. Республикалық бюджеттің тапшылығы 1 357 млрд теңгені құрады. Бұл жоспардағыдан (1486 млрд теңге) 129 млрд теңгеге аз.

Бақыт Сұлтанов бюджет қаржысын толық игермеген орталық мемлекеттік органдар бойынша үкіметке министрдің орынбасары және комитеттер төрағасы деңгейіндегі лауызым иелерін, сонымен қатар облыс әкімдеріне нысаналы трансферттердің сомасын игермеген тиісті лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды ұсынды.

"Былтыр жалпы сомасы 8,6 трлн теңгеге 496 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 728 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде конкурстардың қорытындысын жою және қайта қарау жолымен заң бұзушылықтардың 97,5% уақтылы жойылды. Аудиторлық іс-шаралар арқылы 2,3 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды", – деді Бақыт Сұлтанов.

Бақытжан Сағынтаев 2017 жылы мемлекет басшысының елдің экономикалық өсімін 4%-ға қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы орындалғанын атап өтті.

"Салалық министрліктер мен өңірлер өз көрсеткіштері бойынша экономикалық өсімді қамтамасыз етті. Мұндай көрсеткіштерге үкіметтің және әкімдіктердің ұйымдастып атқарған жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізілді", – деді премьер-министр.

Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ мемлекет басшысының биылғы жолдауына байланысты үкімет мүшелеріне тиісті тапсырмаларды жүктеді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу