Бүгін, 13 мамыр хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Данияда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы кезекті кездесуін өткізеді. Бұл матч екі құрама үшін де шешуші мәнге ие: плей-офф кезеңіне жолдама, турнир кестесіндегі жағдай, ең бастысы ұлттық намыс сынға түседі.
Өткен ойында Қазақстан құрамасы Германиядан 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Бұл нәтиже команданың жалпы ойынына кері әсер етті. Алайда жеңіліс тек есеп емес, келесі ойынға тың сабақ. Венгрияға қарсы матч сол сабақтан қорытынды шығару мүмкіндігі.
Венгрия құрамасы – ұйымшыл әрі тәртіпті команда. Дегенмен, Қазақстан құрамасы жылдамдық пен шабуылдағы креатив арқылы басымдық орнатуға тырысады.
Венгрия құрамасы турнирде сенсация жасауға қауқарлы. Олар жанкештілікпен ойнайды және соңғы минутқа дейін күресуге дайын. Сондықтан Қазақстан хоккейшілері бұл матчта қарсыластың әр шабуылына сақ болуы тиіс. Хоккейшілерімізге сәттілік серік болып, айдын төрінде көк туымыз желбіресін деп тілейміз.