Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуде әйелдердің еңбегі аз болмағанын біреу білсе, біреу білмес. Жалпы, майдан даласына 600 мыңнан астам әйел қатысса, соның 5 мыңнан көбі Қазақстан жерінен аттанғандар.
Жылдар өткен сайын тарихтың маңызы арта береді, бұрын беймәлім болған дүниелер жарыққа шыға бастайды. Бұған дейін майдан даласында ерлік көрсеткен қазақ әйелдері туралы тарихшы Дина Игсатова мен Зәуреш Сақтағанова еңбектер жазған.
Батыр қыздардың қатарында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі жиі аталады. Әлия мен Мәншүк туралы тарихи деректер де көп, тіпті көркем фильм түсірілді. Десек те бұлардан өзге мыңдаған арудың батырлығы елеусіз қалуда.
Майданға аттанған қыздарымыз түрлі әскери құрамада қызмет етті. Бірі ұшқыш, енді бірі радист болса, енді бірі танкист, партизан, барлаушылар қатарында болды. Батыр қыздар туралы тарихшы Дина Игсатова "1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан Қазақстан әйелдері" атты еңбегін жазды. Бұл ғылыми жинақ Динара Асановамен бірігіп дайындалған.
Қан майданға аттанған қазақ қыздарының қатарында ұшақ механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия расчетінің командирі Ақлима Ақжолова, танкист қыздар Күлкен Тоқбергенова, Жамал Байтасова, пулеметші Жәмила Бейсенбаева, зенитші Ажар Оразғалиева, десантшылар Қалзия Асанова, барлаушы Жәмила Сәлімованың аты аталады.
Бір іліп алар тұс, ұрысқа өз еркімен сұранып барған арулар көп болған екен. Мұны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарихшы Сабырхан Смағұлов бұқаралық ақпарат құралдарына жеткізген.
Маманның айтуынша, соғыстың алғашқы күндерінен бастап майданға сұранып, әскери комиссариатқа хат жазған қазақ қыздары өте көп. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа қатысуға өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан екен. Ал Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінің өзінде-ақ 3 000 өтініш түскені айтылады.
Сонымен қатар, Алматы қаласының сол кездегі тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш тіркелген. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальда борышын өтеген.
Тағы бірі қолына қару алып майданға аттанған, шығыстың қос жұлдызы атанған Әлия мен Мәншүк те қазақ даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының Батыры Марина Рожкова басқарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып, 300-ден астам мәрте әуеге көтерілген. Жаудың үрейін ұшыратыны соншалық, оларды немістер "Түнгі мыстандар" атаған. Кеңес Одағы кезінде ол кісінің ерлігі өз дәрежесіне сай бағаланған жоқ. Осы себепті 2004 жылы Президент Жарлығымен Хиуаз Доспановаға "Халық қаһарманы" атағы берілді.
Ленинград майданында қалалық радиостанция бастығы болған Сапарбекова Жауһария Насырқызы да асқан ерлігімен көзге түсіпті. 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34 жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта қыз-келіншегі Корск түбіндегі шайқасқа қатысып, бірнеше марапатқа ие болған.
Тарихшы Дина Игсатова өзінің бір зерттеуінде, брондалған танкі әскерилері қатарына да қазақ әйелдері кіргенін тілге тиек етеді. Олардың кейбіреулері радиотелефонистер, кейбірі пулеметші болыпты. Тек бір экипаж толығымен қыздардан тұрған. Ол Қазақстаннан келген қыздар құрамасы еді. Олар: Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Күлжәмила Талқанбаева, Жәмила Бейсенбаева болатын.
"Ерлігі үшін" медалін алған кіші сержант Жамал Байтасованы бөлімшедегілердің бәрі құрмет тұтыпты. Соғыста қазақ қыздарының көрсеткен ерлігі өте көп. Бір Күлжәмиланың өзі жаудың 5 атыс нүктесін жойған. Батыр қыздар туралы ақпараттар толық емес. Өйткені олар Литва жерінде қайтыс болған" деп жазады Дина Игсатова. Тарихшының айтуынша, Литва жерінде тарихи құжаттардың көбі әлі құпия.
Қан майданға аттанған қыздардың бірі – Сара Сартбаева. Ол туралы тарихшы Жұмабай Доспановтың зерттеу еңбектерінен кездестіруге болады. Семейде туған қыз соғысқа Ашхабадтан аттанған. Медицина қызметінің лейтенанты атанған.
Тағы бір қазақтың батыр қызы Халида Маманова туралы да қызықты деректер көп. Оның тегі атақты Маман әулетіне қатысты екені белгілі. Заманында ең бай, бақуатты әулет саналған Маман байдың ұрпағының да даңқы аспандап тұрған. Бір кездері "Қазақ" газеті тоқтап қалмауы үшін қаржылай қолдау көрсеткен осы әулет болатын. Тұңғыш қазақ романына бәйге жариялаған да Маман әулетінің ұрпақтары еді.
Журналист Қарагөз Серікқызы Халида Маманова туралы жазбасында: "Ол 1942 жылдың ақпанында соғысқа аттанады. Медицина институтын бітірген әр түлекке берілуге тиіс кіші лейтенант шені Халида Мамановаға бұйырмады. Тіпті, соғыс даласында медбике болып жұмыс істеуге де рұқсат етілмеді. Себебі ол "бай тұқымы", сенімсіз элемент саналды. Сөйтіп, Халида соғыс даласында бейіт пен окоп қазу жұмысына жегіледі. Міне, осы уақытта Халида Маманова Сталинге хат жазады. Хаттың мазмұны "Халық жауы" болсам, айыпкерлер ротасына жіберіңіз. Тірі қалсам, менен және туыстарымнан бүкіл айыпты алып тастаңыз" дегенге саятын. Осылайша, Халида айыпкерлер батальоны – штрафбатқа кетеді" дейді.
Ғазиза Момынова – Батыс Қазақстанда дүниеге келген. Алматыдан соғысқа аттанған қазақ қызы. 391 атқыштар дивизиясының 473 дербес медициналық-санитарлық батальонында болған. 1943 жылы "Қызыл Жұлдыз" орденімен марапатталған. Жұмабай Доспанов өз энциклопедиясында Ғазиза Момынова деп алса, кей деректерде Роза Момынова деп жазылып жүр.
Шығыс Қазақстаннан әскер қатарына шақырылған батыр қыздардың бірі – Баян Байғожина. Ол майданға аттанғанда бар-жоғы 18 жаста болыпты. Беларусь, Литва, Польша жерін азат етуге қатысқан. Гинденбург іргесіндегі қатты ұрыста жараланғанына қарамастан, ерлік көрсетті. Өкінішке қарай, жеңіске 12 күн қалғанда ерлікпен қаза табады. Оның денесі Гинденбург қаласында жерленген.
Мәриям Сырлыбаева да соғыс басталған жылы Алматы медицина институтын бітіріп шыққан екен. Ол қазақтың ұлттық 100-ші атқыштар бригадасының медсанротасына ординатор болып барып, бригадамен бірге майдан шебіне аттанған. Калинин майданына қатысқан. Оған әскери медицина қызметінің капитаны атағы берілген. Әскери дәрігер Мәриям Сырлыбаева Невель түбінен бастап, Польшаның Спот қаласына дейін барған. Брест қамалын алуға атсалысып, Торн, Тухель қалаларын азат ету соғыстарына қатысқан.
Міне, аты аталған бірнеше қазақ қызының ерлігінің өзі бір дастанға жүк боларлық. Тарихтың елеусіз бір қатпарында қалған осы деректер толық ашылар емес. Жыл өткен сайын көмескіленіп бара жатқандай. Сондықтан "Жеңіс" сөзі аталған жерде қазақ әйелдерін ұмыт қалдырмаған абзал.