Ұшқыр интернет, компьютер және заңгер ауылға бет алды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3030

Ауылда жаңалықтар мен бетбұрыстар дәуірі басталады.

Ұшқыр интернет, компьютер және заңгер ауылға бет алды

Егер жаңа заң жүзеге асса, келер жылдан бастап ауылдар еншісіне өз бюджеті, коммуналдық қызметтері, компьютер мен жоғары жылдамдықты интернет тиіп, заңгерлер мен бухгалтерлер секілді білікті мамандар ағыла бастамақ.

Бәлкім, әу баста солай көзделмеген шығар, бірақ бір қызығы, кеше мәжіліс қабырғасында депутаттар мен үкімет мүшелері қараған "Қазақстан Республикасының жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы биылғы 12 сәуірде жарияланған мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласымен тығыз астасып жатыр.

Өз мақаласында ел президенті отаншылдықтың бір ұстыны ретінде "Туған жер" бағдарламасын қолға алуды ұсынды.

"Мәселен, "Ауылым – әнім" атты әнді  айтқанда, "Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін" деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге "Туған жер" деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі" дей келе, Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағдарламаның мәні ретінде қалталы азаматтарды ауылға назар аударуға үндеді. Елбасы үніне құлақ асқан кәсіпкерлер мен ауқатты жандарға құрмет пен қошемет көрсетіледі екен.  

"Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек. Жергілікті билік "Туған жер" бағ­дар­ла­масын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қолға алуға тиіс. Бұл шаруаны бақылаусыз жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жо­ғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады" деді мемлекет басшысы.   

Ал кеше мәжілістегі "Нұр Отанның" парламенттік фракциясының жиналысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов тіпті әкімінде де компьютер жоқ ауылдар барлығын мойындады. Ал компьютерлері барларының біразы жоғары жылдамдықты интернетке қосылмаған. Оны қосу үшін операторлар ай сайын елу мың теңге абоненттік ақы талап етеді екен. Егер мәселе шешілмесе, ауылдарға төл бюджеттерін беруге бағытталған "мега-жоба" жүзеге аспай қалуы мүмкін. Сондықтан үкімет бұл проблеманы жапырақтай сарғайтып, қоңыз күз келгенге дейін тездетіп шешуге белсеніп отыр.

Фракция жиынында "2018 жылдан бастап ауылдың төл бюджетін ендіруге меморгандардың қаншалықты дайын екені" талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Ұлт жоспарының 98-ші қадамына сәйкес, Қазақстанда алдағы жылдан бастап, 4-ші деңгейдегі бюджет – аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар және ауылдық округтердің бюджеті пайда болады. Әзірше, бұл ауылдық елді мекендердің мәселелері аудандық, облыстық бюджеттердегі 19 бағдарлама аясында шешілуде. 

Жаңа заңды қабылдау ауылдық жерлерге өз қазыналарына ие болып, тиісінше, сол арқылы туындаған өз мәселелерін өз беттерінше жедел әрі қысқа мерзімде шешіп отыруға мүмкіндік береді.

Фракция дерегінше, қаржы жұмсаудың 19 бағытының ішінде ауылдағы жолдарды салу, жөндеу, мемлекеттік тұрғын үй қорын күтіп ұстау, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, ауылдық елді мекендерде тұратын оқушыларды мектепке тегін апарып, алып қайту, азаматтарды ауруханаларға жеткізу, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға көмек көрсету сияқты мәселелер бар. Және осы қаржыландыру бағыттары халықтың тікелей қатысуымен анықталады.

Беталыс жақсы-ақ. Алайда ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл жолда бес бірдей кедергі алдарынан тұрады екен. Оның біріншісі – ақпараттық жүйелердің дайындығына, мемлекеттік органдардың деректер базаларын өзектілендіру және кіріктіруге қатысты. Депутаттар бұл проблема ауыл бюджеті қаражаттарының қаншалықты тиімді және мақсатты жұмсалып жатқанын тексеру кезінде қиындықтар тудырып, ауыл әкімдерінің жазықсыз істі болуына соқтыра ма деп қауіптенеді.

Екіншісіне сәйкес, шенеуніктер байламынша, ауыл-аймақта жылжымайтын (үй, қора, сарай) және жылжитын (жеңіл көлік, трактор, т.б) мүлік объектілерінің бәрі бірдей тіркеуден өтпеген деп санайды

Үшіншіден, ауыл әкімдерінің біразы қазынашылық жүйесін үздіксіз жұмыс режимінде ұстап тұруға және онымен онлайн-режимде жұмыс істеуге қауқарлы интернетпен жабдықталмағаны әшкере болуда.

Төртіншіден, біраз ауыл әкімдерінің аппараттарында есепшілер мен заңгерлер жоқтығы мәлім. Талапкер жастар бұл аталған мамандықты таңдағанда, үлкен жалақы алып, баюды көздейтіні құпия емес. Оларды ауылға қалай тартасың?

Бесіншіден, ел үкіметі ХХІ ғасырда бірқатар ауыл әкімдерінің ұшқыр интернет түгіл, қарапайым компьютерлік техникалармен жабдықталмағанын да мойындауға мәжбүр. Осыған орай "Нұр Отан" партиясының парламенттік фракциясы жауапты шенеуніктерге "2017 жылғы 1 қарашаға дейін дейін аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар және ауылдық округтер әкімдерінің саны 2 мыңнан астам адамды құрайтын аппараттарын ең төмен талаптарға сай келетін – ең құрығанда, 512 mb, Intel Pentium 1 Ghz процессоры болатын компьютерлік жабдықпен, кем дегенде 2 бірліктен қамтамасыз етуді жүктеді.

Министр Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бұл қиыншылықтарды еңсеру үшін "дайындық шараларының жоспары" әзірленген.

Оның айтуынша, іс-шаралар жоспарына сәйкес, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 2017 жылғы 1 маусымға дейін ауылдық округтердегі жылжымайтын және жылжымалы мүліктердің тіркелмеген нысандарын анықтау тапсырылды.

Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев жылжымайтын және жылжитын мүліктерді қажетті құжаттармен рәсімдеу немесе қайта рәсімдеу үшін халыққа қалтасынан шығын шығару қажет болатынын айтты. Бұған дейін депутаттарға ол шығын көлемі 50 мыңнан 300 мыңға дейін жететіні туралы ақпар түсіпті. Алайда вице-министр басқа сан айтты:

"Бұл рәсімдеу екіге бөлінеді: біріншісі – құрылыс объектісін не баспананы рәсімдеу болса, екіншісі – жер учаскесіне құқықты рәсімдеу болып табылады. Бүгінде белгіленген тәртіпке қайшы түрде іске қосылған тұрғын үйге құқық бекітетін құжаттарды рәсімдеу шығыны орташа есеппен 52 мың теңгені құрайды. Оның ішінде техпаспортты әзірлеу орташа есеппен 10-15 мың теңге тұрады. Эскиздік жобаны жасау 25 мың теңгедей ақшаға түседі. Олардың бәрі кәсіпкерлік ортаға берілген және бағасын нарық реттейді. Деректерді мемлекеттік деректер базасына енгізу 5 мың 200 теңгені құрайды. Сондай-ақ әділет органдарында тіркеу 1 100 теңгені талап етеді", – деді Алан Әжібаев.

Ұлттық экономика министрі биылғы жыл соңына, яғни 31 желтоқсанға дейін тексеру, өзектендіру және интеграциялау бойынша барлық қажетті шараларды жүргізу арқылы "меморгандардың ақпараттық жүйелері мен деректер базасының толық дайындығын қамтамасыз ету" жүктелгенін айтты.

Тимур Сүлейменов ауылдық округтер әкімдері аппаратын интернет байланысымен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін интернет-провайдерлермен кездесу өткізілгенін хабарлады.

"Іс-шаралар жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 2017 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде ауылдық округтер әкімдерінің аппаратын қажетті жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді. Төл бюджеті бірінші кезеңде енгізілетін 1066 ауылдың 835-і қазірдің өзінде 512 килобит/секундтан жоғары жылдамдықпен интернетке шыға алады. Дәл осындай жылдамдық қазынашылық жүйесінің үздіксіз жұмыс жасауына және қазынашылық операцияларды жүргізуге қажет. Оларға "Қазақтелеком" қызмет көрсетеді. Тағы 74 ауылдық округте Алтел, Транстелеком, Сәттітелеком, Билайн және басқа да операторлар жұмыс жасайды. Бұларда да жылдамдық талап етілгеннен жоғары. 32 ауылдық округте 1 мегабит/секундтық жылдамдықтағы интернет Астел, Қазсатнет сияқты спутниктік байланыс арнасы арқылы қолжетімді", – деді "бас экономист".

Бірақ 125 ауылда қазір интернет төмен жылдамдықта екені тіркелген. Олардың көбі негізінен Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарының шалғай жерлерінде орналасқан.

"Осыған байланысты ұлттық экономика министрлігі, ақпарат және коммуникация министрлігімен бірлесіп, интернет провайдерлермен келіссөздер жүргіздік. Олар қорытындысында жеткізушілер спутниктік арналар орнатуға дайын екендерін, сонда жылдамдық 1 мегабит/секундтан төмен болмайтынын мәлімдеді. Бұл ретте абоненттік төлем ай сайын 50 мың теңгені құрайды. Бұл сомаға құрылғыларды жалға алу ақысы да кіреді. Атап өтуіміз керек, олардың стандартты төлемақысы шамамен 80 мың теңге болып келеді. Яғни, олар біздің ыңғайымызға жығылуға бейіл болуда" деп мақтанып қойды Тимур Сүлейменов.

2018 жылы бірінші кезеңде төл бюджеті құрылатын ауылдар аппараттарының интернетпен қамтамасыз етілуі

2018 жылы бірінші кезеңде төл бюджеті құрылатын ауылдар аппараттарының интернетпен қамтамасыз етілуі

Тағы бір жайттың сыры ашылды. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, 16 ауылдық округ тіпті компьютер құралдарымен де қамтамасыз етілмеген. Облыс әкімдіктеріне 2017 жылғы 1 қарашаға дейін бұл мәселені шешу тапсырылды.

Ол бюджетпен және коммуналдық мүлікпен жұмыс жүргізе алулары үшін ауыл әкімдеріне жоғары немесе ортадан кейінгі білімі бар экономикалық, қаржылық және бухгалтер мамандары қажет болатынын атап айтты. "1066 ауылдық округта экономикалық, қаржылық және бухгалтерлік білімі бар штаттағы қызметкерлердің жалпы саны 2297 бірлікті құрайды. Бұдан басқа, аталған ауылдық округтерде заңгерлік білімі бар 1093 штаттық қызметкерлер бар. Бұл жергілікті жерлердегі жеткілікті кадрлық әлеуетті көрсетеді", – деді Тимур Сүлейменов.

Мұның сыртында, іс-шаралар жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға жыл аяғына дейін ауылдық округтер әкімдерінің аппаратын сәйкес білімі бар штаттық бухгалтерлермен және заңгерлермен қамтамасыз ету тапсырылды. Сүлейменов сондай-ақ, бюджеттік үдерістер мен коммуналдық мүлікті басқару бойынша арнайы оқыту ұйымдастырылғанын еске салды.

"Бюджет пен коммуналдық меншіктің IV деңгейін уақтылы және сапалы енгізу жөніндегі барлық шаралар Іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімде қабылданатын болады" деп сөз берді министр Тимур Сүлейменов.

Айтпақшы, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың мәлімдеуінше, биыл, 2017 жылғы тамыз айында аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар және ауылдық округтердің барлығының әкімдерін сайлау науқаны ұйымдастырылады. Ортсайлауком оған қазірден дайындалуда. Сайлау органының түсіндіруінше, бұл төменгі деңгейдегі әкімдерді жергілікті халық емес, аудандық-қалалық мәслихат депутаттары сайлайды. ОСК ол науқан бойынша алда жеке отырыстары мен журналистерге арналған брифингтер өткізеді.

Осы орайда мәжіліс басшылығының өкілі бір оғаштау жайтқа назар аудартты. Күректей дипломы бар мамандарды ауылға тарту күрделі екені мәлім.

"Қазір ауыл әкімдерін сайлауға кандидаттарды іріктеу жүруде. Жекелеген ауыл-аудан әкімдерімен жұмыс кезінде байқағанымыздай, ауыл-кент әкімі болудан үміткерлерге міндетті түрде жоғарғы білімінің болуы талап етіледі екен. Сондай-ақ мемлекеттік құрылымдарда жұмыс жасау бойынша өтілі мен тәжірибесінің болуы да міндетті шарт көрінеді. Жас бойынша шектеу және басқа да барлығы 8 пункт бар. Бірақ бізде мемлекеттік құрылымдарда жоғарғы білімі барлардың көбін педагогтар құрайды. Сонымен бірге орта техникалық білім ғана алған, мол тәжірибесі бар, жергілікті жұртшылық арасында зор бедел мен сенімге ие тұлғалар жеткілікті. Алайда олар ауыл-кенттерде әкім бола алмайды, іріктеуде бірден саптан шығарылады, – деп қынжылыс білдірген мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко жауапты органдарға "орта техникалық білімге ие, тәжірибелі әрі беделді азаматтарға әкім сайлауына қатысуға ұлықсат етуді" ұсынды.

Әйткенмен, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова шорт кесті:

"Болмайды. Қазіргі кезде біліктілік талаптары бойынша ауылдық округ әкімі болудан үміттілер міндетті түрде жоғары білімді болуға тиіс. Орташа арнайы біліммен әкім сайлауына қатысу мүмкін емес" деп шарт түйді ол.   

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу