Ұлттық банктің статистикасына сүйенер болсақ, тоқсан қорытындысы бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы әлсірегеніне қарамастан, қазақстандықтардың ақшаларын шетел валютасынан ұлттық валютаға айырбастап жатқанын көруге болады. Биылғы жылдың сәуір-маусым айларында теңгенің долларға қатысты бағамы 7,2%-ға әлсіреп, бір доллардың құны 318,31 теңгеден, 341,08 теңгеге жеткен.
Сәуірден бастап маусымға дейін жинақтарды долларсыздандыру тоқтаусыз жүрген. Осылайша 2014 жылдың ақпанында болған девальвация деңгейіне жақындаған. Абсолютті мәнде әңгіме биылғы жылдың II тоқсанында теңгемен жиналған ақшаның 5,2%-на немесе 485,8 млрд теңгеге, валютамен жиналған ақша 2,9%-ға немесе 223,3 млрд теңгеге өскен.
Егер ақшаның иелік ету құрылымына қарайтын болсақ, қарапайым халық II тоқсанда ұлттық валютадағы салымдарын 10%-ға немесе 394 млрд теңгеге өсіріп, валюталық салымдарын 5,9 млрд теңгеге қысқартқан. Ал бизнес болса, керісінше теңгенің әлсіреуіне ықпал еткен. Корпоративтік сектордың осы уақыт ішіндегі валюталық салымы 6%-ға немесе 229,2 млрд теңгеге ұлғайса, теңге түріндегі салымы 2%-ға, яғни 91,77 млрд теңгеге ғана көбейген. Дегенмен салыстырмалы мәнде алып қарайтын болсақ, корпоративтік сектордағы долларсыздандыру былтырдан бері тоқтаусыз өсіп келе жатқан 46,8% валюталық салым үлесіне кері көрсеткіш көрсетіп, маусым айында 1 пайыздық көрсеткішке, 42,4%-ға дейін күрт қысқарған.
Шілдеде банк жүйесіндегі салым көлемі бір ай ішінде 3,6%-ға немесе 621,6 млрд теңгеге, яғни 17,85 трлн теңгеге дейін өскен. Оның ішінде корпоративтік сектордың салымы маусымда 4,2%-ға немесе 9,46 трлн теңге артқан, ал жекелеген салым 3%-ға 8,4 трлн теңгеге жеткен.
Жыл басынан бері, яғни алғашқы жартыжылдықта банктердегі депозиттер тек 1,9%-ға немесе 339,5 млрд теңгеге ғана өскен. Өсімнің басым бөлігі, нақтырақ айтар болсақ 263,8 млрд теңге халықтың жинаған ақшасына тиесілі (алты ай ішінде 3,2%-ға өскен) болған. Валюталық салым 5%-ға немесе 412 млрд теңгеге қысқарған, сондай-ақ оған жеке сегменттің айтарлықтай өсуі (валюталық салымдарды 7,4%-ға немесе 309,8 млрд теңгеге қысқартқан) себеп болған. Ал ел азаматтарының теңгемен ашқан депозиттері 15%-ға, яғни 573,6 млрд теңгеге өскен.
Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов