Заң да, заман да зертханаларды байытуға қызмет етуде

2347

"КДЛ "Олимптың" табысы соңғы он жылда 3 мың есеге артқан. 

Заң да, заман да зертханаларды байытуға қызмет етуде

Осыдан екі күн бұрын, 23 маусымда Үкімет міндетті вакцинация басталатынын жариялаған-тын. Вице-премьер, COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының (ВАК) басшысы Ералы Тоғжановтың дәйектеуінше, бұған үнділік аса қауіпті "Дельта" штаммының Қазақстанда анықталуы түрткі болыпты.

Вакцинаны сақтау мерзімі қашан аяқталады?

Биылғы ақпан айынан бері Үкімет 7 миллион доза вакцина сатып алып, елге тасыды. Алайда халық соның тек 4,6 миллионын ғана еккізген: оның ішінде бірінші компоненті – 2,8 млн адамға, екінші компоненті – 1,7 млн адамға салынды. Қалғаны қоймаларда жатыр. Ары қарай жата берсе, "срогы" өтіп кетеді. Мысалы, РФ вакцинасын жасаған Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбург таяуда "Спутник V" сақталу мерзімін 8 айға дейін ұлғайта алғандарын хабарлады. Алайда оған дейінгі препараттар жарты жыл ғана сақтала алады, деп жазады Inbusiness.kz.   

Демек, мерзімі өтіп кетпей тұрғанда, билік үшін оның бәрін егіп тастаған маңызды. Әйтпесе, аса қымбат вакциналардың жаппай мерзімі бітіп, жарамсыз болып, қоқысқа тасталса, Есеп комитеті мен сарапшылар Үкіметті бюджеттің қыруар қаражатын босқа шашқанына айыптамақ. Ал егер мерзімі өткен препаратты ексе, нағыз жанжал сонда болуы мүмкін.

Сондықтан ВАК-тың шешімімен және соған негізделген Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің жаңа қаулысымен, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және ауырып жазылған адамдарды қоспағанда, коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған қызмет көрсету саласының қызметкерлеріне жұмыс істеуге шектеу қойылды. Сондай-ақ штаты 20-дан көп ұйымдасқан ұжымдарда вакцина салдырмағандар жұмыс орнына жіберілмейтін болды. "Ashyq" жобасына кіретін СОО, базарлар, мейрамхана-дәмханалар және басқа кәсіпкерлік нысандарындағы барлық персонал мен арендаторларға вакцинациялау талабы енгізілді.

Бұл шара вакцинациялау науқанына соны серпін бергенін айта кеткен жөн. Мысалы, осы мәлімдеме жасаудың қарсаңында вакцинаның 1-ші компонентімен тек 2 млн 857 мың 255 адам ғана егілген. Күн сайын шамамен 14-40 мың аралығында адам екпе салғызатын.

Үкімет шешімін жария ете салысымен, бұл сан күрт өсті. Яғни, кешегі, 24 маусымдағы мәлімет бойынша Қазақстанда I компонентті – 2 млн 920 мың 407 адам, II компонентті – 1 млн 793 мың 400 адам алған. Бір күнгі өсім – 63 мың 152 адам.

Бүгінгі қарқын одан да зор: 25 маусымдағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда I компонентті – 2 млн 997 мың 72 адам, ал II компонентті – 1 млн 829 мың 643 адам салдырды. Яғни, бір күндік өсім қарқыны 76 мың 665 адамға дейін артты. Бүгін 3 миллиондық межеден асатын түрі бар.

Вакцинациялау көрсеткішін Алматы мен Түркістан көркейтуде

Дегенмен, бұл қарқын да жеткіліксіз екен. Себебі, мемлекет 1 қыркүйекте балалар дәстүрлі оффлайн оқуға тегіс оралуы үшін 10 миллионға жуық ересек егілуге тиіс деген міндет қойып отыр. Оған дейін 68 күн ғана қалды. Ендеше қалған 7 миллион адамды 68 күн ішінде вакцинациялап шығу үшін күніне 104 мың адамнан екпе салғызуы қажет болады.

25 маусымдағы жағдай бойынша көш басында – Алматы қаласы: 407 974 адам егілді (1 күн бұрынғы көрсеткіші 398 050 адам). Облыстар арасында Түркістан облысы алдына қара салатын емес: бүгінгі көрсеткіші 337 401 адам, бір күн бұрынғы көрсеткіші 330 377 адамды құраған. Одан кейін Алматы облысы (тиісінше 310 929 және 304 741), ШҚО (229 657 және 223 225), Қарағанды (210 187 және 203 596). Мегаполистер арасында Шымкенттің бүгінгі көрсеткіші – 243 391 (алдыңғысы – 239 424) адам. Нұр-Сұлтанда – 195 699 (бір күн бұрын 190 478 болатын). Осыдан-ақ Үкіметтің жаңа шешімінің өңірлердегі егілу қарқынына қалай әсер еткенін байқауға болады. 

Жасыратыны жоқ, биліктің жаңа шешімі ПТР-тест жүргізетін лабораториялардың табысын еселеп арттыруы мүмкін. Себебі, жаңа Денсаулық сақтау кодексінің 85-бабына сәйкес, "міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесіне кірмейтін профекпелерді жүргізу ерікті болып табылады". КВИ-ге қарсы вакцина "профекпелер тізіміне" кірмейді. Үкімет осы бапты сақтау үшін адамдар алдына күрделі таңдау қойды: егер вакцина салғызғың келмесе, апта сайын ПТР-тесттен өтіп, коронавирус жоқтығын ұдайы дәлелде.

ВАК өнеркәсіптік кәсіпорындар мен өзге де ұйымдасқан ұжымдарда КВИ-ге қарсы вакцинациялаудан бас тартатын, бірақ медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ қызметкерлер бұдан былай міндетті ПТР-тестілеуден өтуге тиіс болатынын мәлімдеді.

"Ұйымдасқан ұжым дегеніміз – 20-дан астам адамнан тұратын кез-келген ұжым. Ондағы қызметкерге міндетті түрде вакцинациялануы немесе әрбір 7 күн сайын ПТР-тест тапсырып тұру талабы қойылады. Ел бойынша медициналық көрсетілімімен босатылған азаматтар үлесі 1%-дан аз, тиісінше, олар өз әріптестерінің ұжымдық иммунитеті есебінен қорғалатын болады", – деді ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.

"Халық қаржысы ел қазынасына түскенде оң болатын еді"

Әлеуметтік желіде, түрлі форумда, Үкімет мүшелеріне шағым хаттарында азаматтардың үлкен бөлігі қанша шығынды болса да, ПТР-тестті таңдайтынын айтуда.

Кәсіпкер Гүлжайна Қабдолова Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хатында ПТР-тестілеу әлемдегі ең табысты бизнеске айналғанын айтты.

"Негізі, полимеразды тізбекті реакция талдауын жүргізуді мемлекеттік зертханаларда жолға қою керек еді. Сонда ел қазынасына одан қыруар қаражат түсіп, ковид-ауруханаларға бағытталып, індетпен күреске үлес қосар еді. Әйтпесе, "Олимп" секілді жеке клиникалардың қалтасына құйылуда. Олар жалғыз ПТР-тест емес, антиденелерге анализдерді де жүргізеді. Халық бұл жекеменшік зертханалардың тест құнын қашан арзандататынын күтіп жүр. Бірақ қызу бәсеке болмағандықтан олар арзандатуға асықпайды. Бәлкім, баға түсіруі үшін ел Президентіне оларды сынға алу қажет шығар?!", – дейді ол. 

Ж.Қабдолова вакцинацияланушылар арасында көліктерді, пәтерлерді, шетелдік саяхатқа жолдамаларды ұтысқа салу науқанын сынға алды.

"Шынында, ол сыйлықтарды сатып, содан түскен ақшаға мұқтаж қазақстандықтарға тегін ПТР-тесттен өтуге мүмкіндік бергенде дұрыс болатын еді. Сонда азаматтар жұмысынан айырылмай, қызмет етіп, өндірісті қыздырып, ел экономикасына үлес қосар еді. Ал ПТР-тестердің бағасы әділетсіз, негізсіз жоғары. Егер азамат вакцина бойынша клиникалық сынақтардың аяқталуын күтіп, әзірге ПТР-тестілеумен амалдай тұрғысы келсе, ай сайын 4 рет тапсыруы керек. Әрбір тест 6500 теңге тұратынын ескерсек, айына 26 мың теңге шығынға отырады. Бұл күнкөріс минимумына (2021 жылы – 34 302 теңге) бара-бар. Өзге ойлы азаматтарға енді бөтеннің бизнесін, жеке лабораториялардың байлығын арттыруға қызмет етуге тура келмек", – деп қапаланады Г.Қабдолова.

Үкіметке хатында ол ПТР-тест тапсыруға бағытталған қаражаттардың қайда кеткеніне талдау жүргізіп, ақпарат ұсынуды сұрады.

"КДЛ Олимп" табысы миллиардқа жуықтады

Жалпы, "Олимп" клиникалық-диагностикалық лабораториясының ресми сайтында оның қазіргі кезде Қазақстан аумағындағы жеке зертханалардың ең ірі желісі болып табылатыны жазылған. Бірақ ауқатты жағдайға ол жақында ғана қол жеткізгенге ұқсайды.

"КДЛ Олимп" ЖШС 2006 жылы құрылып, 2007 жылдан бастап жұмысқа кірісті. Дегенмен, бертінге дейін табысы мардымсыз болып келген. Атап айтқанда, Statsnet сервисінің дерегінше, "КДЛ Олимптің" 2011 жылғы табысы небары 219 мың 960 теңгені, 2012 жылы – 367 мың 950 теңгені құраған. Ары қарай шамалы өсіпті: 2013 жылы – 1 млн 660 мың, 2014 жылы – 2 млн 385 мың теңге. Әйтсе де бұл қатардағы жұмысшының жылдық табысына бара-бар, бизнес үшін тым мардымсыз сома.

2015 жылы компания табысы күрт шарықтап, 311 миллион 812 мың теңгеге жетеді. Содан бері тек өсуде: 2016 жылы – 361 млн 426 мың теңге, 2017 жылы – 459 млн 223 мың теңге, 2018 жылы – 566 млн 196 мың теңге, 2019 жылы – 572 млн 22 мың 170 теңге.

Бизнес атаулы пандемия, төтенше жағдай, карантин және экономикалық дағдарыстан тоқыраған 2020 жылы "Олимптің" табысы еселене түсті: 676 миллион 204 мың теңге болды. Бұл 2011 жылғы көрсеткішінен 3 мың есе көп. Биылғы жылғы табысы да жаман емес: жылдың басында 225,8 миллион теңге межені бағындырды.

Табысы миллиардқа жуықтаған компания қанша салық төлеп отыр? Компания қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші болып есептелмейді. Бірақ Statsnet мәліметінше, "КДЛ Олимп" 2020 жылы 3 млн 788,6 мың, ал 2021 жылы – 1 млн 837 мың теңге корпоративтік салық, сондай-ақ екі жылда тиісінше 27 млн 591 мың және 7 млн 552 мың теңге жеке табыс салығын төлеген.

Алайда вакцина еккізгендер де дүркін-дүркін ПТР-тест тапсырып тұруға мәжбүр болуы ықтимал. Ендеше жұрт тіпті тегіс вакцина еккізсе де зертханалар үшін жаңа клиенттер легі толастамайтынға ұқсайды.

"Менің анам жақында ғана вакцинацияланды. Екпе салғызу алдында оған бұдан былай ПТР-тестілеуден құтылатынын айтып, қуантыпты. Бірақ енді жұмыста оған демалыстан шыққанда ПТР-тестен өту қажет болатынын хабарлаған. Сонда вакцинациялаудан не пайда? Тіпті егілгендерден де анықтама талап етсе, вакцина адамды вирус жұқтырудан құтқармайтыны болғаны ғой. Бәлкім, мен әлденені түсінбейтін шығармын. Қалай болғанда, мұның мән жайын билік түсіндірсе жақсы болар еді", – дейді елорда тұрғыны Айдана Қ.

Оксана Миллер әуежай қызметкерлері де вакцина салғызғанына қарамастан, мезгіл-мезгіл ПТР-тест тапсырып тұруға міндетті екенін жеткізді. Нұрсұлтандық Альмира Әйтімова ПТР-тест – үлкен ақшаны игеру жолы деген пікірде.

"Бұл тестер 100 пайыз дәлдікке ие емес. Мұны зертханалар ресми мойындады. Коронавирусты үй және жабайы жануарлар да тасымалдап, адамға жұқтыратыны анықталды. Онда бүкіл жануарлар әлемін вакцинациялап шығайық?! Әйтпесе, барлық қазақстандық егілгенімен ертең біреу жануардан жұқтырып алса, бәрі басынан қайта басталады. Шенеуніктердің пайдакүнемдігінде шек жоқ", – деп тұнжырайды ол.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу