Заңсыз ойын бизнесін бүркемелегендердің "ойыны" осылды

5727

ШҚО-да аудандық полиция басшысы мен  прокуратура қызметкері заңсыз ойын бизнесіне қатысқаны үшін ұсталды.

Заңсыз ойын бизнесін бүркемелегендердің "ойыны" осылды

Ресми ақпарат бойынша, 11 мамыр күні  Зыряновск аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы   С. мен Өскемен қалалық прокуратурасының қызметкері А. қолға түскен ( аты-жөндері хабарланбайды).

Тергеу барысында белгілі болғандай, олар өздерінің қызметін пайдаланып, заңсыз ойын бизнесімен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топты (ҰҚТ)қорғап, өз қызметтері үшін ай сайын 150 мыңнан 800 мыңға дейін ақша алған.

"Тергеу органдары қылмыстық топтың бухгалтерлік құжаттарын алған, онда ай сайын төленген ақша нақты көрсетілген. Біз құқық қорғау органы қызметкерлерін  пара алды деп ұстаған жоқпыз, олар өте ауыр бап бойынша, трансұлттық қылмыстық топқа қатысқаны үшін ұсталды. Яғни олар мемлекеттік қызметте лауазымдық міндетті атқарып, сол үшін сыйақы алып отырған", – деп атап көрсетті ШҚО прокурорының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Болатқан Нұрышкенов журналистермен болған кездесуде. 

Екеуі де қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына отырғызылған. Екеуіне қатысты қылмыстық іс былтырғы жылдың қараша айында басталған, ал атқарып отырған лауазымдық қызметінен осы жылдың қаңтар айыннан бастап босатылған.

ШҚО прокуратурасының ақпараты бойынша, қылмыс трансұлттық қылмыстық топпен жасалғаны анықталды. Ұйымдастырушылардың бірі және осы топтың басшы Ресей Федерациясының азаматы болған.

Аbсtv.kz-ке прокуратура берген мәліметке сүйенсек, қылмыстық топтың айналымы жылына шамамен 30-40 млн теңге. 60 шақты ойын-автоматы тәркіленген. Ақшаның жартысы банктік аударымдар арқылы Ресей жіберілген деп мәлімдеді облыстық прокуратура. Алайда қылмыстық іс жайында толық ақпарат әзірге берілмей отыр. Бірақ істің  бітуге жақын  қалғаны анық. Қылмыстық іс бойынша әзірге 10-нан артық адам тергеуге алынған. Әйтсе де қадағалау мекемесі бұл сан өсуі мүмкін екенін айтты.

"Өкінішке қарай, қамауға алынғандардың саны өсуі мүмкін. Қазір шұғыл-тергеу тобы қылмыстық істі аяқтап қалды. Осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа да құқық қорғау органы қызметкерлерін анықтауда күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатырмыз", – деді Болатқан Нұрышкенов.

Ең басты ұйымдастырушы – ресейлік жасырынып үлгерген дейді  қадағалау мекемесінің қызметкерлері. Оған іздеу жарияланған.

"Егер ол Қазақстан Республикасының шекарасынан өтетін болса, оны бірден ұстаймыз. Қазір оған қатысты қылмыстық істі жеке өндіріске қойдық, Кишинев Конвенциясына сәйкес бұл істі Ресейге жібереміз. Одан әрі мұнымен ресейлік құқық қорғау органы айналысады", – деп ШҚО прокурорының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Болатқан Нұрышкенов аbctv.kz сұрағына жауап берді.

Ұсталған құқық қорғау органы қызметкерлері қылмыстық топқа қатысқаны үшін 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске сала кетсек, заңсыз ойын бизнесіне  қатысты қылмыстық іс соңғы рет өткен жылдың қазан айында болған еді. Белгілі болғандай, ойын автоматтары тіпті әр дүкенге орнатылған. Тергеу барысында анықталғандай, қылмыстық топтың жоспары оңай болған. Қылмыскерлер дүкен иесімен келісіп, оларға бұл автоматтар ұтыс автоматтары деп алдаған. Содан кейін әр ойын автоматына өздерінің жауапты адамдарын қойған. Жауапты адам көрші бөлмеде отырып ұтыс пен ұтылғанды бақылап, ойыншыларға қосымша үстеме қойып, ұтуға еш мүмкіндік бермеген.

"Құмар ойынға бейім азаматтарға айтарым, ойын автоматтарының бәрі өтірік. Өздеріңізді алдауға жол бермеңіздер", – деді облыс прокурорының орынбасары.

Облыс прокуроры орынбасарының айтуынша, осындай өтінішті айтуға тура келеді. Өйткені ойын автоматтары "жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақ сияқты" қалада қаптап барады. Мұнымен қазір экономикалық тергеу қызметі айналысып жатыр.  

Еске салар болсақ, 2007 жылдан бастап Қазақстанда "Ойын бизнесі туралы" Заң енгізілген. Осыған сәйкес, ойын бизнесімен айналысатын жерлер тек Алматы облысының Қапшағай қаласында және Ақмола облысының Щучинск қаласында ғана жұмыс істейтін болған. Ал басқа жерлердегі құмар ойындары заңсыз болып саналады.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанар Асылханова, Өскемен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу