Зейнетақы қорына соңғы 22 жылда ерлер мен әйелдер қанша жарна аударды?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17952

Жеке жинақтардың  97,7%-ы міндетті зейнетақы жарнасынан құралған. 

Зейнетақы қорына соңғы 22 жылда ерлер мен әйелдер қанша жарна аударды?

Жаңа жылдың алғашқы айындағы дерек бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы активтері портфелінің көлемі 10 млрд 798 млн 300 мың теңгеге жетті. Оның ішінде ақша қаражаты және теңгеге номинирленген қаржы құралдары 7 млрд 201 млн теңгені немесе 66,7%-ды құрады. Ал шетел валютасына номинирленген қаржы құралдары 33,3%-ды бағындырып, 3 млрд 597 млн 300 мың теңгеден асты.  

Өткен жылдың соңғы айында теңгеге номинирленген зейнетақы активтерін инвестициялау көлемі ақша нарығы құралдарының инвестициясын есептемегенде 91,5 млрд теңге болды. Жеке-дара жіктесек, қаржы министрлігінің жылдық 9,3% орташа алынған кірістілігі бар мемлекеттік бағалы қағаздары (МБҚ) 14,9 млрд, Еуразиялық даму банкі мен "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ-ның жылдық кірістілігі 10,75% облигациялары 8,6 млрд, Еуропа қайта құру және даму банкінің инфляцияға және жылдық 1,5% мөлшеріндегі сыйақыға тең кірістілігі бар облигациялары 58 млрд, "Қазақстан Даму Банкі" АҚ-ның жылдық кірістілігі 11% облигациялары 10 млрд теңгеге сатып алынды.

Эмиссия бойынша белгіленген мерзімге сәйкес "Баспана" ипотекалық ұйымы" АҚ облигацияларының 15 млрд, "Банк ЦентрКредит" АҚ облигацияларының 10,5 млрд, "Еуразиялық Банк" АҚ облигацияларының 9,9 млрд теңге борышы өтелді. Бұған қоса банктік салым шартының талабы бойынша Еуразиялық даму банкі салымдарының 1,9 млрд теңге қарызы қайтарылды.

Шетел валютасымен номинирленген зейнетақы активтерін инвестициялау көлемі 23,2 млрд теңгені құрады. Есептік кезеңде жылдық 3% орташа алынған кірістілікпен 2,9 млрд теңгеге Ресей Федерациясының және жылдық 2,1% кірістілікпен 2,3 млрд теңгеге Филиппин Республикасының МБҚ сатып алынды. Бұдан бөлек шетел валютасындағы бос ақша қаражаты "А" деңгейінен төмен емес рейтингтік бағасы бар шетелдік банктердің қысқамерзімді депозиттеріне орналастырылды.

Шетел валютасында алыс-беріс жасауға келетін болсақ, 2019 жылдың желтоқсанында АҚШ, Бразилия, Индонезия және Мексика елдерінің құны 130,1 млрд теңгеге пара-пар МБҚ сатылды. Бағалы қағаздар эмиссиясының  белгіленген мерзіміне сәйкес, жалпы сомасы 114,1 млрд теңгеге АҚШ-тың  МБҚ бойынша негізгі борыш өтелді.

Бүгінгі таңда БЖЗҚ-да жарналардың барлық түрлері бойынша 10,6 млн жеке зейнетақы шоты бар. Былтыр мұндағы қаржы 14%-ға көбейді. Өсу қарқыны негізінен міндетті зейнетақы жарналары бойынша ашылған шоттарда байқалды. Бұл шоттардағы жинақ сомасы 10,4 трлн теңгеге жетіп, БЖЗҚ-дағы жалпы салымның 97,7%-ын құрады. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша жинақталған қаражат сомасы 241,8 млрд, ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) жинағы 1,9 млрд теңгеден асты. Салымшылардың МЗЖ есебінен ашылған шоттарында жинақталған қаражаттың орташа сомасы – 1,1 млн, МКЗЖ бойынша – 493,8 мың және ЕЗЖ бойынша – 49,4 мың теңге болды.

Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтардың орташа көлемі ер адамдарда  – 1,2 млн, әйелдерде – 933,4 мың теңгені құрады.

Міндетті зейнетақы жарналарын зейнетақы қорына 1998 жылдан бері тұрақты аударған ер адамдардың жинақтары шамамен ер адамдарда  – 5,1, ал әйелдерде – 3,9 млн теңге екені анықталды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу