Жайылғанова қарт шенеуніктерден арылуды құптамады

3664

Қазақстан өз Черчиллін күтіп жүр.

 Жайылғанова қарт шенеуніктерден арылуды құптамады

Сарапшылар Үкіметке мемлекеттік қызметте "жас бойынша шектеу-ценз" орнатуға кеңес беруде. Мемқызметті өзі де жақсы білетін қоғам белсендісі Гүлсім Ахметжанова Президент Қ.Тоқаевтың шенділер санын қысқартуға тапсырма бергенін еске салды. Сонымен бірге салада қолға алынып жатқан реформа "Мемлекеттік қызмет туралы" қолданыстағы заңды өзгертуді қажет етеді екен.

"Өзгеріс аясында мемқызметке келетін кандидаттарға 25-тен 50 жасқа дейінгі аралықта шектеу қою керек. Әрине, саяси қызметші лауазымына – министрлер мен өңір әкімдеріне Президенттің жасы келген, тәжірибелі тұлғаларды таңдауына мүмкіндігі болуы керек. Сондықтан бұл жас шектеуін "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қатысты бекіткен жөн", – деді Гүлсім Мұсақызы.

Оның ұсынуынша, мемқызметке жаңадан келетін үміткерлер қандай да бір лауазым бойынша байқауға қатыспас бұрын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде айлық курстан өтуі қажет. Әйтпесе, олардың біразы ең алдымен мансап пен пара жайын ойлайды да, халыққа қызмет ету керегін түсінбейді. Не жаңа адам болғанымен, жаңа білім мен идеядан жұрдай болады. Кейбірінің тиісті біліктілігі де шамалы, тек тамыр-таныстыққа сенетіні жасырын емес.

"Сол себепті курсты аяқтағаннан кейін емтихан тапсырсын. Содан өтсе ғана "Б" корпусындағы бос лауазым конкурсына қатысуға сертификат алсын. Осы мақсатта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде арнайы бөлім ашқан жөн: айлық курсты дайындап, өткізуге сол жауапты болады. Сондағы мамандар біліктілік талаптарына сәйкес келетін, сынақтарда оң нәтиже көрсете алған үміткерлерді бос орындарға жұмысқа қабылдауға ұсыным-рекомендация беруі керек. Мұндай іріктеу Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің сапалы құрамын қалыптастыруға, осы қызметті дамудың жаңа деңгейіне көтеруге ықпал етеді", – дейді Гүлсім Ахметжанова.

Билік не дейді?

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова бұл бастамамен келіспеді. Оның айтуынша, кімнің шенеунік бола алатыны "ҚР мемлекеттік қызметі туралы" заңында қолмен қойғандай нақты жазылған. Ондай үміткер біріншіден, нақты бір мемлекеттік лауазым үшін қажетті біліктілік талаптарына сай келуге, екіншіден, биік жеке және кәсіби қасиеттерін паш етуге тиіс. Үшіншіден, денсаулық жағдайы жарамды болуы, төртіншіден, білім деңгейі жөнінен өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті болуы міндет. Бесіншіден, зейнеткерлік жасқа жетпеген азаматтар қабылданады. Яғни, 2020 жылы ерлер – 63-тен, әйелдер – 59,5 жастан аспауы шарт. Бұлардан басқа талаптар көзделмеген.

Мысалы, шенеуніктердің ақыл-есінің сау не сау еместігі де анықталмайды: психиатриялық тексеруден өтпейді. Құқық қорғау органдарын айтпағанда, басқасы полиграфта (жалғандық детекторында) тексерілмейді.

"Мемлекеттік қызметке тұру үшін өзге, мысалы, жас критерийлерін орнату Ата заңға сәйкес келмейтінін атап өткім келеді. Өйткені Конституцияда ел азаматтарының бәрінің мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар екені атап көрсетілген. Бұдан басқа, заңнамаға және Үкіметтің 2018 жылғы 15 наурыздағы №125 қаулысына сай "Б" корпусының әкімшілік мемқызметіне бірінші рет қабылданатын адамдар, сонымен қатар әкімшілік басқарушылық лауазымға алғаш рет тағайындалатын тұлға Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында не оның филиалында қайта даярлау курсынан өтеді", – деді Анар Жайылғанова.

Дегенмен, ол мұндай ұсыныстар болашақта егжей-тегжейлі зерттеліп, қаралуы мүмкін екенін меңзеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев та шенділерді іріктеудің қолданыстағы кезеңдерін жеткілікті санайды.

"Мысалы, "Б" корпусының лауазымына бірінші рет немесе біршама үзілістен кейін қайтадан тұрып жатқан азамат бірнеше кезеңмен іріктеледі. Біріншіден, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тестілеуден өтеді. Екіншіден, оның жеке қасиеттері бағаланады және уәкілетті органнан қорытынды алуы керек. Үшіншіден, осының бәрінен сүрінбей өткендер әкімшілік мемқызметке орналасу үшін жалпы байқауға қатысады. Кандидаттарды іріктеуді сол меморганда құрылған конкурстық комиссия жүзеге асырады. Комиссия жұмысы ашық әрі объективті болуы үшін бүгінде оның отырысына бақылаушылар шақырылады. Тиісті ереже солай", – деді Алик Жатқамбайұлы.

Сондай-ақ болашақ шенеуніктер мен бастықтардың эссе жазуы не басқа да сынақтардан өтуі видеоға түсірілуге тиіс.

"Демек, қолданыстағы заңнамада азаматтардың мемқызметке келу тәртібі жеткілікті реттелген деп есептейміз. Мемқызмет агенттігі бұл рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етіп отыр. Әйткенмен, біз мұндай ұсыныстарды назарға алып жатырмыз. Кейін ескерілуі мүмкін", – деді агенттік төрағасы.

Мемлекеттік қызметтің астаналық хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов саяси қызметтегі шенеуніктерді жасы бойынша шектеуге қарсы екенін айтады.

"Бүкіл әлемде саяси мемқызметшілерге жас шектеуі қойылмайды. 75 жасында да тұңғыш рет министр не облыс әкімі болуы мүмкін. Мысалы, Ұлыбритания тарихындағы ең мықты Премьер-министр болып есептелетін Уинстон Черчилль осы лауазымға 65 жасында тағайындалғанын білесіз бе?! Саяси мемқызметшілерді тағайындаудағы басты қағидат ол – сенім. Оны тағайындайтын тұлға үміткерге сене ме, сенбей ме? Мысалы, облыс әкімі аудан әкімін тағайындағанда бірінші кезекте оған қаншалықты сенетінін бағамдайды. Бұл ретте тіпті мамандығы да ескерілмейді. Дамыған елдерде айталық, денсаулық сақтау министрі болып дәрігер емес адам тағайындала береді. Саяси мемқызметшінің мақсаты – өзін тағайындаған адамның не партияның бастамаларын қоғамға дұрыс жеткізіп, ведомство жұмысын дұрыс жолға қою", – дейді Ә.Бәйменов.

Дегенмен, әкімшілік мемқызметшілерді жасы бойынша шектеуге болады екен. Хаб басшысының айтуынша, мәселен, Кореяда жастарды жұмыспен қамту бағдарламасына сәйкес, жасы зейнетке шығуға жақындаған мемқызметшілерге зейнеткерлікке ерте кетіп, арнайы бонус алуға ұсыныс жасалады. Сонда оның орнына жастар келеді.

Ал Сингапурда мемқызметте отыру үшін 10–15 жыл шек қойылған. Осы уақыт өткен соң шенеунік бонус алып, мемқызметтен аласталады.

Кезінде Бәйменовтер Қазақстанда осы үшін арнайы қор құру идеясын ұсынған. Дегенмен, ол сынға ұшырап, жүзеге аспады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу