Шенеунік үйленсе не үйі тоналса, мемлекет көмек береді

4384

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі және өңірлік әкімдік шенеуніктері жалақылары арасындағы айырмашылық анықталды. 

Шенеунік үйленсе не үйі тоналса, мемлекет көмек береді

Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне ауыл-аймақтағы әкімдік қызметкерлерінен шағым хаттар түсуде. Олар онда жалақыларының аздығына шағымданатын көрінеді.

"Қазақстанда екі жылдан бері пилоттық режимде бірнеше мемлекеттік орган қызметкерлерінің жалақысы 2 есеге дерлік жоғарылады. Осы пилоттық режимдегілер секілді басқа барлық мемлекеттік қызметшілердің де жалақысы ең құрығанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеріле ме? Әйтпесе, бірдей лауазымда бірдей жұмысты орындайтын қызметкерлерге екі есеге жуық өзгешеленетін жалақы төленуі нағыз әділетсіздік қой! Нақты мысал келтірейін, Е4 санатындағы қызметшілер жалақысы астанада 195 мың теңгеден басталып, жоғарылай береді. Ал өңірлердегілердің алатыны 100 мың ғана", – дейді осындай бір хаттың авторы Сәуле Қожамжарова. 

Бұл ретте әкімшілік мемлекеттік қызметшілер қатарында Е4 санатына бас мамандар жатады.

Хат авторы өзінің лауазымын көрсетпеген, бірақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова оны танитын болса керек, жауап хатта аты-жөнін атайды.

"Құрметті Сәуле Рахметоллақызы! Расында, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылдан (2018 жылғы 1 қаңтардан) бері жекелеген мемлекеттік органдарда, атап айтқанда, Әділет министрлігінде, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Астана және Маңғыстау облысы әкімдіктерінде пилоттық режимде факторлық-балдық шкалаға негізделген еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі ендірілді. 2018 жылдың желтоқсанынан бастап оған Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері қосылды", – деп түсіндіреді А.Жайылғанова.

Ел Үкіметінің №827 қаулысына сәйкес, пилоттық жоба 2019 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Дегенмен, жалғыз министрлік, бір агенттік пен 4 өңір шенеуніктеріне бонустар төлеу бөлігі 2020 жылғы 30 маусымға дейін жалғасатыны хабарланды.

"Пилоттардың" қызметшілеріне еңбекақы олардың нақты істеген жұмыс уақыты үшін төленеді екен.

Бұлардың қызметшілері еңбекақысының жалпы сомасына лауазымдық айлықақылар, сауықтыруға арналған жәрдемақы, үстемеақылар, өтемақылар, бонустар кіретіні айтылған. Соның ішінде бонус – "мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша белгіленетін ақшалай төлем" екендігі көрсетілген.

Оған қоса, "қиын қаржылық жағдайдағы мемлекеттік әкімшілік қызметшіні қолдау мақсатында жүзеге асырылатын ақшалай төлем" түрі – материалдық көмек те беріледі.

Бұл ақшалай көмек пилоттық органдар шенеуніктеріне мына жағдайларда ұсынылады: біріншіден, оның отбасы мүшелері, жақын туған-туыстары және жекжаттары (жұбайының (зайыбының) аға-інісі, әпке-сіңлісі, қарындасы, ата-анасы және балалары) қайтыс болған жағдайда, екіншіден, шенеунік үйленсе, үшіншіден, бала туса немесе асырап алса төленеді.

Бұған қоса, төртіншіден, материалдық көмек қосымша қаржылық шығындарды талап ететін емдеу, оның ішінде оның асырауындағы жақын туған-туыстарына емдеу (күнтізбелік 10 күннен астам стационарлық немесе амбулаторлық емдеу) жүргізілген кезде, бесіншіден, оған қатысты құқыққа қарсы іс-қимылдар жасалса, мысалы, оның үйі тоналса, заты ұрланса, сондай-ақ дүлей зілзала апаттары (өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және басқа) салдарынан мемлекеттік әкімшілік қызметшіге мүліктік зиян келтірілсе, ақшалай көмек ұсынылмақ.

Алтыншыдан, зейнеткерлікке шығарып салу кезінде де материалдық көмек төленетін көрінеді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова пилоттық сынақ аяқталғаннан кейін, келесі жылы оның нәтижелеріне "мұқият және егжей-тегжейлі талдау жүргізу жоспарланып отырғанын" мәлімдеді. Бұл іске барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері тартылатыны хабарланды.

"Атқарылған жұмыс қорытындылары бойынша еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін ары қарай тарату туралы алқалы шешім қабылданатын болады", – деп түйді агенттік басшысы.

Ол пилоттың аяқталуын күтіп отырмай-ақ, өзге әкімдіктер өз қызметкерлерінің жалақысын өз бетінше өсіре алатынын еске салды.

"Қолданыстағы заңға сәйкес, меморгандар басшылары штат санын қысқарту және ведомство мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметін қамтамасыз ету үшін қарастырылған қаражаттарды оңтайландыру есебінен үстемеақы бекіту жолымен мемлекеттік орган жұмысшыларының еңбекақысын арттыруға құқылы. Президенттің "Әкімшілік реформаны одан әрі жүргізу жөніндегі кейбір шаралар" туралы 2007 жылғы 29 наурыздағы №304 жарлығының 1 тармағы осыны қарастырады", – дейді Анар Жайылғанова.

"Мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, олардың аумақтық бөлімшелерінің, ұйымдардың қызметін қамтамасыз етуге көзделген қаражатты және олардың штат санын қысқарту нәтижесінде босаған мемлекеттiк бюджеттiң және Ұлттық банк сметасының (бюджетiнiң) қаражатын: мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған мемлекеттік органдар қызметкерлерінің еңбекақысын қызмет нәтижелері бойынша төлеуді енгізуге; Ұлттық банк сметасының (бюджетi) есебiнен қамтылған мемлекеттік органдар қызметкерлерінің еңбекақысын үстемеақылар белгілеу жолымен арттыруға пайдалану құқығы берілсін", – делінген Мемлекет басшысының аталған жарлығында.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу