Шенеунік болу бір арман

3467

Астанадағы шенділер енді түскі ас уақытында тек тамақ ішумен шектелмей, музейге, бассейнге, фитнес залға баратын болады.

Шенеунік болу бір арман

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемқызмет саласындағы өзгерістер мен жаңашылдықтарды жария етті.

Бұл ретте агенттік осы жылдың басынан бері "Рухани жаңғыру" аясында "Өзгерістерді өзіңнен баста" деген кіші бағдарламаны іске қосқан. Бағдарламаның бас менеджері Шыңғыс Төрегелдиннің айтуынша, оның аясында мемлекеттік қызметшілердің икемді жұмыс кестесі бекітілмек.

"Агенттік осы кіші бағдарлама аясында бірқатар жобаларды іске асыруда. Олардың бірі икемді жұмыс уақыты кестесін белгілеуді қарастырады. Жобаның мақсаты агенттік аппаратының қызметкерлері үшін жұмыс күнінің оңтайлы тәртібін құруды көздейді. Жоба жағымды, оң әсер берген жағдайда, бұл тәжірибе ары қарай басқа меморгандарға, әсіресе, ірі қалаларда орналасқан мемлекеттік мекемелерге таратылады", – деді ол.

Осы орайда "мұндай қажеттілік қайдан туындады?" деген сауал туады. Бұл сұраққа жауап берген агенттік өкілінің сендіруінше, осыны қызметкерлердің өздері қалап отырған көрінеді.

"Біздің қызметкерлердің арасында жүргізілген талдау олардың 70%-ы еңбек тәртібінің өзгеруін қажетсінетінін анықтады. Бірінше кезекте, бұл жұмыс күнінің басталу уақытына байланысты. Кішкентай балалары бар агенттіктің жекелеген қызметкерлері жұмыс күнін белгіленген уақыттан кеш бастау мүмкіндігін беру туралы тілектерін білдірді. Өйткені білім беру мекемелерінің жұмысы таңғы сағат 8-де басталады. Сондықтан қызметкерлер балаларын оларға жеткізгенше біраз уақыт жоғалтып, жұмыс орнына әрдайым уақытылы келуіне мүмкіндігі бола бермейді. Салдарынан, бұл олардың кешігуіне, стреске ұшырауына, басшылық тарапынан наразылықтың туындауына алып келеді. Бұл мәселе сондай-ақ қала маңында және қаланың шалғай аудандарында тұратын қызметкерлер үшін де өзекті болып отыр, олардың көлікпен жұмысқа жету процесі біршама уақыт алады", – деп дәйектейді Шыңғыс Төрегелдин.

Шенеуніктердің тілек-талаптары мұнымен бітпейді. Агенттік қызметшілері арасында сауалнама жүргізу кезінде олар бұдан бөлек, "түскі үзіліс уақытының ұзақтығын өзгертуді" сұрапты. Олар тамақтануға бөлінетін бір жарым сағатты азсынады екен.

"Қолданыстағы тәртіп бойынша түскі үзіліс уақыты 1,5 сағатқа созылады. Бұл ретте сауалнама нәтижелері көрсеткендей, агенттік қызметкерлері түскі үзіліс уақытында сондай-ақ тұлғалық дамумен айналысуды қалайды. Мысалы, біз қызметкерлеріміздің түскі үзілісте спортпен шұғылданатынын білдік. Сонымен қатар, олар осы кезде музейге барғысы, бассейнге суға түскісі, немесе отбасылық-тұрмыстық мәселелерін шешкісі келеді, бірақ бұған 1,5 сағат аздық етеді", – дейді бас менеджер. 

Осыған байланысты агенттік пилоттық режимде "түскі үзіліс уақытын тағы жарты сағатқа ұзартатын болады". Яғни, меморганда дәл күн ортасында екі сағат бойы үзіліс жарияланады.

"Осылайша, бастапқы кезеңде агенттік аппаратының жұмыс кестесін келесідей етіп, өзгерту ұсынылады. Мектепке дейінгі жастағы және бастауыш сыныпта оқитын балалары бар агенттіктің қызметкерлері үшін жұмыс күні кештеу, тек сағат 9:30-да басталады деп белгіленеді. Бірақ олар үшін түскі үзілістің уақыты бұрынғыдай 1,5 сағат көлемінде қалады, сонда жұмыс күні сағат 19.00-де аяқталады. Ал түскі үзілісті өзгертуді қалаған қызметкерлері бар мекеме-қызметтер үшін жұмыстың басталу уақыты өзгертілмейді. Түскі үзіліс уақыты бұрынғыдай 13:00-ден 14.30-ға дейін емес, 13:00-ден 15.00-ге дейін ұзартылады. Бірақ басталу уақытын ескере отырып, жұмыс күні олар үшін де 19.00-де аяқталады", – дейді Шыңғыс Төрегелдин.

Қалған қызметкерлердің қолданыстағы жұмыс кестесі еш өзгеріссіз қалады. Яғни, кестені қалай қарай құбылту жайын ұжым болып шешеді. 

Мемқызмет істері агенттігі жұмыс кестесінің жарты сағатқа өзгертілуі "тұтастай алғанда, мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігіне теріс әсер етпейді", "оның орнына ұжымдағы моральдық-психологиялық климатқа оң ықпал етеді" деп үміттенеді.

Айтқандай, дәл осы өзгерістерді алғашқы болып "татып көруге" тағы бір министрлік құлшыныс білдірген көрінеді.

"Аппараттың оңтайлы жұмыс кестесін орнату мәселесі біздің агеттікпен бірге, инвестициялар және даму министрлігінде де сынақтан өткізілетін болады. Бұл министрлік былтырдан бері жұмыс уақытын өзгерту бойынша тәсілдерді пысықтап жатқанын атап өткеніміз жөн. Министрліктің штат саны мен құрылымының үлкендігін есепке ала отырып, мұндай жоба жұмыс кестесінің бұл меморган ведомстволарының салалық бағдарланушылығына байланыстырыла отырып, өзгертілуін қарастырады. Тиісті алгоритмі пысықталуда. Жақын арада министрлікпен бірлескен жобаны жүзеге асыруға кірісеміз деген үміт бар. Жыл соңына дейін осы жұмыстың оң нәтижелері болып қалар", – деді бағдарламаның бас менеджері.

Агенттіктің пайымдауынша, осы жобаның іске асырылуы "меморгандардың ұйымдастырушылық мәдениетін жақсартуға мүмкіндік береді, қызметкерлерді тұлғалық өсуге ынталандырады, стрестік жағдайларды азайтады, жұмысқа кешігу проблемаларын шешуге жол ашады, жұмыскерлердің жауапкершілігін арттырады".

Осы жаңалықты әлеуметтік желілерде талқылаған азаматтар екіге жарылды. Бір тарапы өзгерістерді құптаса, басқалары бұған таңданыс білдіреді. Пікір білдірушілер түсте тоя тамақ жегеннен кейін бірден спортпен, фитнеспен айналысу зиян екендігін алға тартады, ал музейге, тұлғаны дамытушы тренингтерге жұмыс үстінде алаңдамай, демалыс және мерекелік күндерде баруды ұсынады. "Шенеуніктердің бір бөлігі бұған дейін де жұмысты ысырып қойып, фитнеске, бассейн-саунаға барып жүретін, олардың орнына басқа мемлекеттік қызметшілер ақ тер-көк тер жұмыс жасайтын. Ұжымдар енді тек осыны заңдастырып алады" деп қынжылады ғаламторда пікірін білдірген Ержан есімді қызметкер.

Осы салаға қатысты тағы бір реформа мәлім болды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов "агенттік қызметкерлерінің бастамасымен алғашқы кәсіподақ ұйымы құрылғанын" жариялады.

"Алғашқы кәсіподақ ұйымы мүшелерінің пікірінше, кәсіподақ құру мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көзделген әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтуге және мемқызметшілер құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға мүмкіндік береді. Ай сайынғы жарна арқылы кәсіподақ ұйымы мүшелері жинап отырған ресурстар есебінен қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері үшін мәдени-көпшілік және спорттық шаралар өткізіледі, табиғат аясында тынығу ұйымдастырылады, спорт залдарына баруға жеңілдіктер беріледі. Жыл сайынғы санаториялық жолдамалармен қатар агенттік қызметкерлері кәсіподақ емдеу-сауықтыру орындарында жеңілдікті шарттарда өз денсаулықтарын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер алады", – деді ол.

Бұдан өзге, кәсіподақ комитеті шешімі бойынша қиын өмірлік жағдайда тап болған, ұзақ және созылмалы сырқатта болған әріптестеріне материалдық көмек көрсетілуі ықтимал.

Кәсіподақ ұйымының өкілдері енді "тұрғын үй комиссиясының құрамына, мемлекеттік қызметшілер қызметінің тиімділігін бағалауға, тәртіптік жауапкершілікті қарау және қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын мәселелерге тартылады".

2018 жыл басындағы жағдай бойынша Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерінің штат саны 98 мың 499-ды құрады.

Саяси мемлекеттік қызметшілердің, яғни ірі лауазымды бастықтардың саны – 436. Қалған 98 мың 63-і әкімшілік қызметшілер мен төменгі деңгейдегі саналуан басшылар. Оның ішінде "А" корпусына – 279-ы, "Б" корпусына – 97 784-і кіреді.

Орталық мемлекеттік органдарда, яғни министрліктер мен олардың мекемелерінде, агенттіктерде – 52 409 шенеунік жұмыс жасайды. Оның ішінде 10 233-і орталық аппараттарда (саяси – 326, "А" корпусы – 63, "Б" корпусы – 9 844), 42 176-сы аумақтық бөлімшелерде қызмет атқаруда.

Жергілікті атқарушы органдарда – 46 90 мемқызметші бар. Оны "саяси" мәртебесі барлары – 110, әкімшілік мемқызметшілердің "А" корпусы – 216, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің "Б" корпусы – 45 764.

Шенеуніктер арасындағы әйелдер саны – 50 491 немесе жалпы сандағы үлесі 55%. Оның ішінде басшылық лауазымдарда 39,5%-ы немесе 9 569-ы жұмыс жасайды.

Мемқызметшілердің орташа жасы – 38,6 жас. Бұл ретте саяси шенеуніктердің орташа жасы – 47,3 жыл, әкімшілік шенділердің "А" корпусы – 47,8 жас. "Б" корпусы одан бастау – 38,5 жас.

Өз өмірін мемқызметпен байланыстырғандар арасында жасы 23 жасқа да жетпеген 1 305 адам бар екен. Тағы 22 мың 296 (жалпы санның 24,3%-ы) жасы 23-тен 30 жасқа дейінгі аралықты құрайды. 50 жас және одан кәрілері – 18 732 адам. Олардың үлесі 20,4% болып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу