Жамбыл: екі ескерткіш, екі көше

4490

Ақынның ескерткішіне қатысты дау тоқтайтын емес

Жамбыл: екі ескерткіш, екі көше

Жамбыл ақынның есімімен аталатын өңір орталығы Тараз қаласында жыр алыбының екі ескерткіші бар. Алғашқысы, ақынның атындағы алаңға 1963 жылы орнатылып, былтыр ғана тұғырынан алынды. Онда жүз жасаған бабамыз ұлттық киімде, сол қолына домбыра ұстап тұрған күйінде кескінделген еді.

Айта кетерлігі, мүсін мыс араластырылған шойын қоспасынан құйылып, оған қола жалатылған. Биіктігі 5 метр болатын мүсіннің авторы – қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Алматыдағы Абайдан бастап, Шоқан, Амангелді, Құрманғазы, Дина, Мәншүк секілді алып тұлғалардың ескерткіштерін жасаған, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хакімжан Наурызбаев.

Екіншісі, былтыр ғана Тараз қаласы күніне орай облыс әкімдігінің алдына қойылған ескерткіш. Тас мүсіннің қалай жасалғаны, авторы жайында еш мәлімет жоқ. Тіпті, Жамбылдағы бірқатар қоғам белсендісі бұл ескерткішті қорашсынып, ескі мүсінді реконструкциялап, қайта қоюды талап етуде. Солардың бірі – ҚР мәдениет қайраткері, театртанушы және драматург Әлібек Әмзеев. Ол Жамбылдың бұрынғы ескерткішін орнына қайтару керек, мүсін Тараздың көрікті жерінде тұруға тиіс деген пікірде.

"Ескерткішті өнер қайраткері, қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың тапсырысымен әзірлеген. Ол сонысымен құнды. Қазіргі бір деректер бұл ескерткішті 1961 жылы тұрғызылған деп те шатастырып жүр. Шындығында, ол 1963 жылы тұрғызылған. Тұғыртасына мән беріп қараған адам "1963 жылы Ленинградта жасалған" деген жазуды көреді", – дейді Әлібек Әмзеұлы.

Театртанушы былтыр 18 қазан күні облыс әкімдігінің алдында Жамбылдың жаңа ескерткіші бой көтергенін еске салып, біз басшылықтың айтқанына көнгіш, сенгіш халықпыз деп қамығады. Өйткені сол салтанатты шараға Әлібек Әмзеев те шақырылған. Ескерткіш ашылар алдында жергілікті билік өкілдері: "Жамбыл алаңындағы тасмүсінге жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сол ескерткішті облыс әкімдігінің алдына қоямыз", – деген екен.

"Салтанатты шараға осындай сеніммен бардым. Ақ матамен оралып тұрған бұрынғы тастұғыр екен деп ойладым. Ескерткіш ашылды, Жамбыл алаңындағы ескерткіш емес екендігін аңғардым. Сөз кезегі келгенде: "Көшпелі халықтың ұрпағы едік, Жамбыл бабам да көшіп келген екен. Құтты болсын!", – дедім де, түсіп кеттім мінберден. Сол күні кешкісін, ел аяғы басылған соң әкімдік алдындағы жаңа мүсінді айналшықтап, зер салып қайта қарап шықтым. Көзге қораш көрінеді. Бұрынғы ескерткіш болса, неге ұқсамайды, жаңа туынды болса, неге ұқсайды деген ойға қалдым. Ал бұл тас мүсіннің авторы кім? Сол кездегі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәлиге де қойғанмын бұл сауалды. "Кейін білесіздер, аға", – деген. Кейін неге білмедік? Не деген құпия?", – дейді мәдениет қайраткері.

Әлібек Әмзеевтің айтуынша, қай ескерткішті де қозғалтудың немесе алып тастаудың өз механизмі бар, ол Конституциялық заңнамамен бекітілген. Оны кім көрінген алып тастамау керек.

"Осы мәселені облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен қоғамдық кеңестің есебінде қозғадым. Жауаптылар іс-әрекеттерінің шикілігін мойындағысы келмеді, қылмыстарын жаппақ болды. Бұл шаруа әлі де аяқсыз қалмайды. Өйткені  Алматы қаласындағы он үш мүсінші осы олқылықты хатқа түсіріп, қол қойып, Президентке жолдады. Нәтиже болады деген үміттемін", – дейді Әлібек Әмзеев.

Жергіліктің биліктің сөзінше, жыр алыбының бұрынғы ескерткіші енді жарамайды-мыс. Өйткені әбден бұзылған, сызат түскен көрінеді. Ал жамбылдық белсенділер Алматы қаласынан осы саланың мамандарын,  Хакімжан Наурызбаевтың шәкірттерін арнайы шақырып, бүгінде "Жасыл Тараз" мекемесінің ауласында қараусыз жатқан сол ескерткішке сараптама жасатқан көрінеді. Олар бұл тасмүсіннің әлі жүз жыл тұрса да шыдайтынын, материалының төзімділігін айтқан.

Жергілікті белсенділер Жамбылдың бұрынғы ескерткішін орнынан алу кезіндегі жұмыстар салғырт жүргізілгенін де айтады. Яғни, салмағы ауыр мүсінді қозғаған кезде зақымдалған.

Айтпақшы, Жамбыл Жабаевтың Тараз қаласындағы ескерткіштері ғана емес, оның атындағы көше де екеу. Автобекет аумағынан Д.Қонаев көшесіне дейінгі аралықты алып жатқан Жамбыл даңғылын білмейтін жан кемде-кем. Ал қала іргесіндегі Тектұрмас кесенесіне баратын жолда тағы бір Жамбыл көшесі бар. Бірақ бұл көшенің қалтарыс-бұлтарысы көп. Тұрғын үйлердің нөмірленуі де жүйеге келтірілмеген. Көше жолдары да оңып тұрған жоқ.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу