Баркуабтан табылған жәдігерлер Жапонияға жөнелтіліп жатыр

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
17510

Қазақтың ең көне қаласына қатысты болжам расталса, ел тарихында дүмпу болады.

Баркуабтан табылған жәдігерлер Жапонияға жөнелтіліп жатыр

Елдегі ең көне қала саналатын Тараздың іргесінде өткен жылы ежелгі Баркуаб қаласының қазба жұмыстары басталған болатын. Жуалы ауданы, Теріс ауылының аумағындағы нысанға түрлі археологиялық топ зерттеу жүргізіп, болжамдар жасауда.

Болашақта Жамбыл өңіріне турист тару үшін таптырмас жоба болып отырған нысанды қазып, зерттеуге Жуалы ауданының бюджетінен 10 млн теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ ол жерден табылған жәдігерлерді жинақтап, жұрт назарына ұсыну үшін аудан орталығынан арнайы музей салынды.

Ғалымдар Баркуабтың Тараздан әлдеқайда көне екенін айтуда. Сол үшін де көпшіліктің көне шаһарға деген қызығушылығы күн өткен сайын арта түсуде. Қазба астында біздің дәуірімізге дейінгі І және ІІ ғасырлардағы қала жұрты болуы мүмкін деген де болжам бар. Мұндай болжамды Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы тарих және археология бөлімінің басшысы, археологиялық экспедиция жетекшісі Сауран Қалиев жасады.

Шығыстанушы, ресейлік ғалым Василий Каллаур өз еңбегінде бұл жерді Иркут деп атаған екен. Жалпы, Иркут те, Баркуаб та араб тілінен аударғанда Теріс деген мағынаны білдірсе керек. Теріс өзенінің бойында табылған қаланы бір кездерде Жетісу археологиялық экспедициясының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Александр Бернштам да зерттеген.

Орта ғасырларда ірі сауда орталығы болған Баркуабты қазу барысында Қытайда жасалған қыш ыдыстар, түрлі бұйымдар мен өзге де жәдігерлер табылуда. Тарихи жәдігерлерді зерттеу-зерделеу жұмыстарын жасап, нақты анықтама беру үшін олар Жапонияның зертханаларына жөнелтіліп жатыр.

"Біз 6-8 метр тереңдіктегі көлемді алып, солтүстік батыс жақты төбеден төмен қарай қазамыз. Қазылған жерден алынған адамдардың мүрдесі Бақалы ауылындағы зиратқа қайта жерленуде. Ал әрбір қазылған қабатты, оның топырағы мен осы жерден табылған құнды дүниелер жекелей зерттелуде. Жер қыртысы арқылы қаланың өмір сүрген кезеңін анықтай түсеміз. Бұл қаланы кезінде Ұлы Жібек жолы бойымен Тараз қаласы арқылы Испиджабқа қатынайтын жол бойындағы ірі сауда орталығы болған деуге толық негіз бар", – дейді Сауран Қалиев. Ал Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов Баркуаб қаласының тарихы Таразбен тамырлас екенін айтты.

"Тараз шаһарының 2000 жылдық тарихы болса, ғалымдар Баркуаб қаласы одан да ерте кезеңде пайда болған деген дерек келтіріп отыр. Оған қоса, мұнда табылған бұйымдар орта есеппен 2500 жыл бұрын пайдаланылған деген болжам жасалуда. Оны ресми айғақтау үшін біз қазба орындарынан табылған жәдігерлерді Жапония мемлекетіне жібердік. Онда 8 ай зерттелген бұйымдар бізге жуырда ғана келді. Қазір тілмаштар жапон тіліндегі жазбаны аударып, археологтармен бірге жұмыс жасауда. Бұған дейін аудан көлемінде мұндай археологиялық қазба жұмыстарына арнайы қаржы қаралмаған. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен келісе отырып, қазба жұмыстарына жергілікті қазынадан 10 млн теңге бөлдік. Одан бөлек, табылған жәдігерлерді орналастыру үшін аудан орталығынан 30 млн теңгеге музей салынды. Қазір Баркуаб қалашығынан табылған кейбір жәдігерлерді сонда қойып жатырмыз, – деді Жуалы ауданының әкімі.

Жуалы ауданына қар қалың түсетіндіктен, археологиялық жұмыстар  көктемге дейін біршама уақытқа тоқтатылған. Десе де, биыл ауданнан ашылған тарихи-өлкетану музейіне Баркуабтан табылған құнды жәдігерлер зерттеулерден соң жеткізіліп жатыр. Қос қабатты музейдің төменгі бөлігі толықтай Баркуаб қаласына арналған.

Баркуаб қаласынан табылып жатқан жәдігерлер адамдарды еріксіз таңғалдыруда. Мәселен, таңбалы тас аталатын жәдігерге ою-өрнектердің қалай әдіптелгенін түсіну қиын. Сондай-ақ қазба орындарынан кетпен, майшам, өрнек тоқуға арналған керме, диірмен, тас астау және қыш ыдыстар табылуда. Таңғаларлығы, 30 метр тереңдіктен табылып жатқан молалар болып тұр. Ондағы мәйіттер мұсылманша жерленбеген. Бас жағына тас қойылып, бір қырымен жатқызылған. Археологтар бұған қатысты ертедегі адамдар қайтыс болған жақындарын ананың құрсағында жатқандай етіп жерлеген деген болжам айтуда. Әрине, ол әлі талай зерттеуді қажет етеді. Тағы бір айта кетерлігі, Баркуаб қаласының жанында Жылқышы төбе атанып кеткен жер бар. Археологтар осы жерден қазба жұмыстарын бастап, үш қабаттан тұратын үйлердің төбесінен түсті. Онда бөлмелердің қуыстарынан кәріз суын ағызатын құбырларды қазып алды. Бұл шын мәнінде таңғалатын нәрсе. Демек осыдан 2500 жыл бұрын үш қабатты үйлер тұрғызылып, онда кәріз жүйесі орнатылғаны ғой.

"Топырақтан аршылып алынып жатқан жәдігерлердің ішінен үлкен бас табылған. Денесі жоқ басты қазір алматылық ғалымдар зерттеп жатыр. Ол жөнінде тарихшылар: "Ертедегі хандар өз жауларының басын кесіп алып, шатырының маңына іліп қойған. Бұл Томирис шауып алған Кир патшасының басы секілді бір ұлы адамның басы болуы мүмкін" деген болжам жасауда. Әрине, мұның бәрі ресми дәлелденбей, бір тоқтамға келу қиын. Сондықтан, біз қазір Жапония зерттеушілерінің байламын күтіп отырмыз. Егер олар Баркуаб қаласының осыдан ІІІ дәуір бұрын өмір сүргенін растаса, онда Қазақстан тарихына үлкен дүмпу болғалы тұр, – дейді белгілі өлкетанушы, музейдің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу