Қазылған жерді көмбей я қоршамай кететін археологтар жазаланады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3265

Қазақстанда археологиялық жұмыстармен кім көрінген айналысып жүр.

Қазылған жерді көмбей я қоршамай кететін археологтар жазаланады

Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының пікірінше, қазіргі уақытта елімізде археологияға қатысты мәселелер өзекті боп тұр. Өйткені, археологиялық қазба жұмыстарымен кім көрінген айналысатын болған. Министрлік ұсынған "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" заң жобасында осы мәселеге ерекше көңіл бөлінген.

"Өкілетті орган ретінде археологиялық жұмыстармен мәдениет және спорт министрлігі айналысады. Сондай-ақ білім және ғылым министрлігінің археология институты бар. Археологтарға арналған гранттарды негізінен аталған ведомства бөліп отыр. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар да арнайы қаржы бөліп, археологиялық жұмыстармен айналыса алады. Өкілетті орган болғандықтан біз тек өзіміздің министрлік атқаратын жұмыстардан хабардармыз. Ал білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілетін жұмыстардан бейхабармыз. Оның үстіне қазір археологиямен айналысатын жеке тұлғалар да көбейіп кетті", – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Заң жобасына сәйкес, археологиялық жұмыстардың барлығы бір мекеменің қол астына өтпек. Яғни, барлық жауапкершілікті мәдениет және спорт министрлігі өз мойнына алады. Осылайша, өкілетті орган – мәдениет және спорт министрлігімен мақұлданған жерлер ғана археологиялық қазба орыны деп жарияланатын болады.

"Заңдағы тағы бір жаңашылдық тарахи-мәдени мұра нысандарының мәртебесіне қатысты. Бұдан былай археологиялық қазба орындары табылған сәттен бастап тарихи-мәдени мұра нысаны деп есептелмейтін болады. Бұл ретте, нысан мәртебесін анықтаудың сатылы жүйесі қалыптастырылады. Мәселен, бүгінде Қазақстанда 25 мың тарихи-мәдени нысан бар. Оның 11 мыңы республикалық тізімге енгізілген. Қалған 14 мыңы жергілікті маңызға ие. Өкінішке қарай, кейбір нысандарды ұзақ жылдар бойы мәдени-тарихи мұра нысандарының тізімінен алып тастай алмай келеміз немесе республикалық тізімге қоса алмай жүрміз. Заң нормасы осындай даулы нысандардың мәртебесін анықтау үшін қажет", – дейді министр.

Сондай-ақ бұдан былай археологтарға қойылатын талап та қатаңдатылады. Тіпті, жауапсыздық танытатындар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. 

"Оқуды енді ғана бітірген жас маман бірден өзі жетекші болып, лицензия алады. Мұны тоқтату керек. Археологиялық лицензияны алу үшін міндетті түрде бес жылдық тәжірибе болуы шарт. Сондай-ақ ғылыми дәрежесі, нақты атқарған еңбегі болуға тиіс. Қазір осындай қатаң талаптар қажет. Өйткені, археологтар жиі қателік жібереді. Олар ыдыс-аяқ немесе алтын бұйымдарды ғана іздейді. Көп жағдайда адам киімінің немесе шашының құрамы назардан тыс қалады. Ал адам өмірін зерттегенде құнды мәліметтер осы шаштан алынады емес пе?! Сондықтан археологтардың алдына тиісті талаптарды төтесінен қойып отырмыз", – деді министр.

Сонымен қатар, қазба жұмыстары жүргізілген жерді көмбей кететін немесе қоршап, арнайы белгі орнатпайтын археологтар әкімшілік жаза арқалауы мүмкін.

"Тәжірибе көрсеткендей, бір адам бір мезетте бірнеше өңірдегі әртүрлі нысандарға жетекшілік етеді. Ал бұл жағдай тарихи және мәдени ескерткіштердің жай-күйіне теріс әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, археология, ғылыми-реставрациялау жұмыстарымен айналысатын ұйым бұл салада мүлдем тәжірибесі жоқ болса да, ғылыми жетекшілік жасайтын тұлғаның тәжірибесін өз тәжірибесі ретінде ұсынады. Осылайша, көп жағдайда мұндай жұмыстармен тәжірибесі, білімі жоқ дилетант ұйымдар айналысады. Бұл тарихи және мәдени ескерткіштердің тарихи келбетін бұзуға, ерекшеленетін элементтерін жоюға әкеліп соқтырады", – дейді министр.

Мәжіліс депутаты Сергей Звольский "қара археологтармен" күресті қатаңдату керек деп есептейді. Өйткені, елімізде өкілетті органның рұқсатынсыз археологиялық жұмыстармен заңсыз айналысатындар бар.

"Несін жасырамыз, "қара археологияға" тыйым салу әзірше мүмкін болмай тұр. Жеке тұлғалар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін лицензия алады. Талаптары тым жұмсақ. Сондықтан кез келген адам лицензияға ие болып жүр. Қазба жұмыстарымен айналысатын топтың құрамында міндетті түрде ғылыми қызметкер болуға тиіс. Бұл талап ескерілмейді. Өкінішке қарай, осы мәселені реттейтін норма жоқ. Сондықтан жеке археологиялық топтардың табылған жәдігерлерді қайда өткізетінін білмейміз. Осылайша, көп жәдігерден айырылып қалдық. Сондықтан депутаттар құптаса, талапты қатаңдату қажет. Археологиялық экспедициялар музей арқылы ұйымдастырылуы керек. Сонда музейлер археологиялық топтардың немен айналысатын бақылап отыратын болады", – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.    

Еске сала кетейік, "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" заң жобасы мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Заң жобасын әзірлеу барысында Израиль, Италия, Франция, Ресей, Ұлыбритания секілді елдердің тәжірибесі назарға алынған. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу