Шетелдіктер туристік жарна төлейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
19477

Арыстанбек Мұхамедиұлы туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын таныстырды.

Шетелдіктер туристік жарна төлейді Фото: kapital.kz

Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстандағы туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған бағдарлама жобасын таныстырды. Бағдарламамен қатар арнайы заң жобасы да әзірленген.

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзінше, бағдарлама 10 стратегиялық шараны қамтиды. Бұл бағдарлама АҚШ, Канада, Франция, Испания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері секілді елдерді туризмі жақсы дамыған 10 державаның қатарына қосылуға ықпал еткен. Қазақстан да осы жолмен жүріп көрмек. 

Ведомства басшысының сөзінше, бағдарлама толықтай жүзеге асырылса, Қазақстан орасан зор әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізбек. Дәлірек айтсақ, жұмыспен қамтылғандар саны 427 мыңнан 650 мыңға дейін артады. Оның 72 мыңы шалғайдағы ауылдық елді мекендерде ашылмақ және бәрі тұрақты жұмыс орны болады. 

"Шетелдік туристердің саны 3 миллионға, ал ішкі туристердің саны 9 миллионға жетпек. Әрбір шетелдік біздің елге жыл сайын 2 мың доллар қалдырып кететін болады. Саланы дамытуға тартылатын 2 трлн теңгенің 70 пайызын жеке инвестициялар құрайды. Елдің жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесі 9,6 млрд АҚШ долларынан 16 млрд АҚШ долларына дейін өседі", – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сонымен қатар, ұсынылған мемлекеттік бағдарлама туризм саласын мемлекеттік бюджеттен біржола тәуелсіз етпек. Бұл ретте, бизнес пен инвесторлар туризмді өзін-өзі ақтайтын салаға айналдырады деген сенім бар. Осының нәтижесінде Қазақстан саяхат үшін аса тартымды 50 елдің қатарына қосылады.

Бағдарлама аясында атқарылатын бірінші шара – 10 басым туристік аумақты анықтап, оларды басқаратын 10 компания құру. Оның аясында 200-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олардың жалпы құны 800 млрд теңгені құрайды деген болжам бар. Туризмді дамытудың мұндай моделі АҚШ-та, Канадада, Түркияда, Испанияда тиімділігін көрсеткен.

"Екінші шара – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. Оны жүзеге асыруда АҚШ, Канада, Беларусь, Тәжікстан және Иран елдеріндегідей экотуризм мен аңшылық моделі назарға алынбақ. Бұл қадам экотуризм мен аңшылықтың дамуына бағытталған инвестицияны арттырып, туристердің ағынын ұлғайтпақ. Сондай-ақ, "Қызыл кітапқа" енген жануарлардың санын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді", – дейді министр.

Үшінші шара – туристік аумақтарда санитарлық-гигиеналық тораптарды салу. Бұл орайда Қытай мен Өзбекстанның тәжірибесі қаперге алынады. Министрдің сөзінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында үкіметпен аталған бағытта жұмыс істеуге дайын нақты инвестор бар.

"Төртінші шара – маркетинг. Мұнда біз Грузияның, Чехияның, Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесіне арқа сүйейміз. "Bed Tax" жүйесіне ұқсас туристік жарна практикасы енгізіледі. Осыған сәйкес, шетелдік азаматтар бір түнге 2-4 доллар мөлшерінде жарна төлейтін болады. Бұл шара мемлекеттік бағдарлама қабылданған соң, Қазақстанда қолданыла бастайды. Шетелдік туристерден алынатын ақша "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының жанынан ашылған бюджеттен тыс шотқа түседі. Ал бұл сома компанияның өзін-өзі ақтауына және оны ұстап тұруға жұмсалады. Соның нәтижесінде туризмді дамыту үшін бюджеттен бөлінетін ақша азаяды. Жылына түсетін ақша 1,5 млрд теңгені (4 млн доллар) құрамақ", – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бесінші шара визалық режимді ырықтандыруға арналған. Мұнда "e-Visa" тетігін оңтайландыру, 72 сағаттық визасыз транзитті кеңейту бағыты қамтылмақ. Мәселен, бұл жүйелер іске қосылған сәттен бері тек бір ғана заң бұзушылық тіркелген. Демек, жоба тиімділігін көрсетті деген сөз.

"72 сағаттық визасыз транзит арқылы былтыр Қытай мен Үндістаннан 22 мың турист келді. Соның нәтижесінде экономикаға 16 млн доллар пайда түсті. Біз бұл режимді одан әрі кеңейтуіміз керек. "E-Hotel" жүйесін енгізгенге дейін жазалау шарасын ізгілендіру қажет. Осылайша, елге келетін шетелдіктердің санын бірнеше есе арттырамыз", – дейді мәдениет және спорт министрі.

Алтыншы шара Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдердің, оның ішінде Испания, Швейцария және Түркия мемлекеттерінің тәжірибесі бойынша "бес жұлдызды" қонақ үйлер салуға арналған. Бүгінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы Қазақстанға осы тетікті енгізу үшін тиісті ұсынымдарды дайындауда.

Жетінші шара аясында гид-аудармашылардың қызметін бақылау күшейтілмек. Министрдің сөзінше, бұл – нарықтың талабы. Еуроодақ және Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше мемлекеттер тәжірибесі негізінде гид-аудармашыларды сертификаттау тетігі енгізіледі.

"Туризм саласында сапалы кадрлар жетіспейді. Сондықтан халықаралық Туризм және қонақжайлылық университеті ашылады. Университет бағдарламасында АҚШ, Испания, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай секілді туристік державалардың білім беру стандарттары ескеріледі. Университет Қазақстан үшін ғана емес, Еуразия елдері үшін де маман әзірлейтін болады", – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сегізінші шара шекарадан өткізу пункттеріне арналған. Олардың үйлесімді дамуына индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты. Өткізу пунукттері транзиттік-туристік күретамырға айналуы керек.

"Тоғызыншы шара – ішкі туристік ағынды ынталандыру. Бұл жерде Ұлыбританияның, Скандинавия елдерінің, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Катар мен Таитидің тәжірибесі назарға алынады. Аталған шара толықтай іске асырылғанда ел экономикасына 35,2 млрд теңге пайда түсетін болады", – дейді министр.

Оныншы шара "Tax Free" жүйесін енгізуге бағытталған. Оған Еуроодақтың, Аустралия, Таиланд, Сингапур және ТМД-дағы Ресей, Беларусь, Грузия елдерінің тәжірибесі назарға алынбақ. Бұл жүйе 2022 жылдан бастап іске қосылады.

"Осындай шаралардың нәтижесінде дамыған елдер сауда айналымын ғана емес, шопинг-туристердің ағынын да ұлғайтты. Демек, бұл біздің де қолдан келеді", – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу