Қазақ киносы қашан өзін-өзі ақтайды?

9703

Елімізде тұңғыш рет кинемотография туралы заң қабылдануы мүмкін.

Қазақ киносы қашан өзін-өзі ақтайды? Фото: unikaz.asia

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, отандық киноиндустрия саласына бизнесті көптеп тартып, моноқалалар мен шағын қалаларда кинотеатр ашу қажет. Ал мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "қазақ фильмдері табыс табуды көздемейді" дейді. Бір қызығы, министр мырза Сағынтаевтың саясатын түсінбейтін сияқты.

Қазақ киносының табыс таппақ түгіл, өзін-өзі ақтамайтындығы туралы бұған дейін талай рет айтылды. Бұған әрине көптеген кедергі себеп болып отыр. Біріншіден сапалы кино түсіру жағынан әлі де болса ұяттымыз. Алайда соңғы жылдары "Құнанбай" "Аманат", "Анаға апарар жол" және "Алмас қылыш" сынды ауыз толтырып айтарлықтай фильмдер түсірілді. Бірақ соған қарамастан, отандық фильмдер өзін-өзі ақтамай отыр.

Министр Сағынтаевтың саясатын түсінбей отыр

Бақытжан Әбдірұлы отандық фильмдер арқылы табыс табуға болатынын, алайда ол үшін кинотеатрлар желісін құру қажет екенін айтады. Мәселен облыс орталығынан бастап аудан орталықтарына дейін кинотеатр ашылса, қазақ киносы дамып кетер еді.

"Кино – бұл бизнес. Егер фильмнен пайда түспесе, киноиндустрияның да дамуы екіталай. Ондайда сапасыз фильмдер көбейіп кетеді. Оны бір рет көреді де, ұмытып кетеді, ақша да құмға сіңген судай жоқ болады. Сондықтан киноны бизнес ретінде дамытатын болсақ, сапалы фильм, xалық көретін фильм түсірген дұрыс. Сосын қанша ақшаның ақталғанын бірден анықтап отыру қажет. Иә, сапалы фильм түсіру үшін ақша аз болмауы тиіс. Әрине, әзірге біз Голливуд, я болмаса, Болливудтың деңгейінде түсіре алмайтын шығармыз. Сондықтан кинемотографияны дамыту тұжырымдамасы аясында отандық киноиндустрияны қолдау шараларын қайта қарап шыққанымыз жөн болар", – дейді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысының кино арқылы табыс табу керек деген көзқарасы өте дұрыс. Алайда Арыстанбек Мұхамедиұлының "қазақ киносынан табыс табуды көздеп отырған жоқпыз" деп қолды қусырып отырғаны қайран қалдырады. Шын мәнінде фильмдеріміздің өзін-өзі ақтамауының басты себебі – осы салаға жауапты министрдің қате тұжырымы болса керек.

"Мың баладан" аса алмай отырмыз

Кинодраматург Ерлан Төлеутайдың айтуынша, қазір кинотеатрға баратын азаматтар саны 1 млн-нан аспайды. Яғни әрбір 17 адамның біреуінің ғана кино көруге қаражаты жетеді. Мұндай жағдайда қазақ фильмі өзін-өзі ақтап немесе табыс табады деген сөз аңыз болып қалмақ.

"Бұл мәселеде Арыстанбек Мұхамедиұлының пікірін қолдаймын. Өйткені, Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсіріп жатқан қазіргі кинолар өзін-өзі ақтамайды. Себебі бұл киностудия түсіріп жатқан туындылар ұлттық иделогияны насихаттайтын фильмдер. Егер фильм жақсы түсірілсе, биологиялық тұрғыдан ғана өзін-өзі ақтауы мүмкін. Менің ойымша, қандайда бір фильм коммерциядан бұрын ұлттық иделогияға қызмет етсе, ол ақша тапқаннан әлдеқайда маңызды. Кезінде "Жаужүрек мың бала" фильмі" 1 млн 800 мың АҚШ долларын, яғни рекордтық қаржы жинады. Тәуелсіздік жылдарында дәл осы туынды сияқты ешқандай кино мұндай қаржы тапқан жоқ. Ал оған жұмсалған қаржы 11 млн АҚШ доллары болатын", – дейді Ерлан Төлеутай.

Соңғы рет "Қазақфильм" киностудиясы "Анаға апарар жол" және "Алмас қылыш" сынды қос бірдей туындысын ұсынды. Бәлкім осы фильмдер "Жаужүрек мың баланы" "жаулап" алатын шығар. Бірақ та кинодраматург "соның өзінде отандық фильмдер өзін-өзі ақтамайды" деп отыр.

Кинотеатрлар желісін құру керек

Шыны керек "Біз түсірген фильмдер өзін-өзі ақтамайды" деп қара аспанды төндіріп қарап отыруға тағы болмайды. Ендеше отандық фильмдердің табыс табуы үшін не істеу керек?

"Егер Сағынтаев айтқандай "Астанадан ауылға дейін" деп аталатын кинотеатрлардың жүйесі құрылса, отандық фильм өзін-өзі ақтауы мүмкін еді. Бірақ соның өзінде Голливуд сияқты біздің фильмдер өзін бірнеше есе ақтай алмайды. Өйткені "Қазақфильм" түсірген туындылар мазмұны мен сапасы жағынан тек қазақтарға ғана арналған. Ал әлемдік аудиторияға арнап фильм түсіруге кәсіби және технологиялық мүмкіндігіміз жетпейді. Егер де әлемдік нарыққа Томирис, Аттила немесе Мөде хан сынды алып тұлғаларды алып шықсақ, онда одан табыс табуымыз мүмкін еді. Әйтсе де, әлемдік масштабтағы фильм түсіру үшін бізге кем дегенде 50 млн АҚШ доллары керек", – дейді Ерлан Төлеутай.

Қазақ киносы өзін-өзі ақтап табыс таппаса, оның болашағы бұлыңғыр. Сондықтан да министрлік "қазақ киносы табыс табуды көздемейді" деп немқұрайлы болмай, іске белсеніп кіріскені жөн. Шындап келгенде ,барлық сәтсіздік осы бір немқұрайлылықтан басталады.

Серік Тасболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу