Қазақстан халқы мейрам құрметіне жайылған ақ дастарханды асқа толтырса, жаңа жыл да ырыс-баққа толы болады деп сенеді.
Содан соң "босқа қоқысқа лақтырса обал болады", "жақсы тамақ қалғанша жаман қарын жарылсын" деген сияқты қағидаттармен осы астатөк тағамның бәрін бұзылып кетпей тұрып, толық, түк қалдырмай жеп қоюға жан салады.
Осылайша, бір жағынан жаңажылдық мерекелер – шаттық шақ болса, екінші жағынан ол – денсаулық үшін үлкен сынақ. Бұл күндері қаншама диета "құрбан" болады.
Салдарынан, отбасылық дәрігер, реабилитолог, дәйекті медицинаны насихаттаушы Роман Макаровтың ескертуінше, адамдарда созылмалы дерттер асқынуы мүмкін.
Маманның айтуынша, шектен тыс тамақтанудың симптомдары барлық дерлік аурулардың, бірінші кезекте асқазан-ішек жолдарының, яғни, асқорыту жүйесінің, эндокринді жүйенің және жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларының болжамын нашарлатуы ықтимал.
Бір қызығы, сондықтан болса керек, Астана әкімдігі елорданың орталық "Республика даңғылына", ситибордқа: "Адам – аштан да өледі, астан да өледі" деген Ғабит Мүсіреповтің қанатты сөзін жазғызып қойды.
Ақ халатты маман мемлекеттік демалыс күндері қалалық емханалардың, жеке клиникалардың көбі жұмыс істемейтінін, ауруханаларда да негізінен кезекші дәрігерлер қалатынын ескертті. Сондықтан жедел жәрдем қызметіне шамадан тыс салмақ түседі.
Роман Макаров жаңажылдық мерекені жан-жақты тойлап, саналуан тамақ түріне, арақ-шарап түріне сылқия тоюды жоспарлаған жандарға бірнеше кеңес берді.
Бірінші кеңес – олай жасамаған жөн: әр нәрседе қанағат пен өз шамасын білу адамды жарға жықпайды, көрге тықпайды.
Екінші кеңес – ауруды, тосыннан туындаған симптомдарды елемей қоя салмаңыз.
"Мысалы, артық тамақтану салдарынан асқазан немесе ішек тұсында ауырсыну сезімі пайда болуы, қарын қампаюы (вздутие живота), іш қатып, дефекацияда және дәрет сындыруда қиындық туындауы мүмкін. Кейде өт ауруы ушығады. Ұйқы безі қабынады. Ішек өтімсіздігінің туындайтынын да жоққа шығаруға болмайды. Артық ас тұтыну бірінші кезекте асқазан-ішек жолдарының, эндокринді және жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларымен ауыратын адамдар үшін қауіпті", – деді дәрігер.
Макаровтың түсіндіруінше, ауырсыну сезімінің қатты болуы және тез тыйылмай, ұзағырақ созылуы – елемей тастауға болмайтын симптом. Оның үстіне ауырсыну сезімі ары қарай күшейсе, дереу дәрігерге жүгіну қажет.
"Сондай-ақ бір пайда болып, бір жоғалып, қайта туындап тұратын ауырсыну сезімі де назар аударуға тұрарлық. Бұл өт ауруының асқынғанын куәландыруы мүмкін. Егер адам ішімдік ішпесе, бірақ шамалы уақытқа болса да естен танып қалса, бұған да ден қойған жөн. Адамдар әдетте ауру екенмін демейді, "өзімді нашар сезініп тұрмын" деп, қол сілтей салады. Қарапайым жеңіл дімкәстіктің (обычное недомогание) симптомдары азды-көпті тұрақты болады, өршімейді. Ал, ауру салмақты болса, симптомдары уақыт өткен сайын күшейеді, адам әлсірей береді. Мұндай жағдайда уақыт ұзатпай, медициналық көмекке жүгінген дұрыс", – деді дәрігер Макаров.
Үшінші кеңес – керекті дәрілерден алдын ала қор жасап алыңыз.
Роман Макаров әсіресе, созылмалы дерттері бар барлық адамға мерекенің қарсаңында мұқият дайындалып, тұрақты қабылдайтын дәрілерін алдын ала сатып алып, "дәрі-дәрмек қобдиын" керекті препараттармен толықтыру қажеттігін қаперге салды. Өйткені Жаңа жыл мейрамында дәріханалар да негізінен жұмыс істемейді.
Бұған қоса, тіпті ашық дәріхана табылғанымен, медициналық ұйымдар бірер күнге жабық болатындықтан дәріні алу үшін қажетті рецептіні ұзарту мұңға айналады.
Медицина маманы созылмалы ауруы жоқ өзге адамдарға дастарханға жақын жерде ауырсынуды басатын дәрілерді, асқазан-ішек жолдарына арналған медикаменттерді, мысалы, сорбенттерді, белсендірілген көмірді, басқасын дайындап қоюға кеңес берді.
Сонымен бірге ол әрбір адамның бойындағы барлық симптомдар да бөлекше болатынын, оның ағзасына қарай ерекшеленетінін ескертті.
Бірақ егер мысалы, адамның бет-аузы қисайып кетсе (бет-жүз симметриясымен проблема туындаса), қараптан-қарап сөзден жаңылып, сөйлеу қабілеті бұзылса, инсульт күдігі туындаса, онда жандәрмен жедел жәрдемге қоңырау соғу керек. Мұндай жағдайда "ұйықтап тұрса, өтер-кетер" деген үмітпен адамды тынығуға жатқызбау қажет.
Төртінші маңызды кеңес – дастархан мелдектей толып тұрса да, шамаңыздан тыс тоя жеуге бармаңыз. Дұрысы, үстел үстіне мейлінше пайдалы тағамдарды ғана қойыңыз. Дана халқымыз "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" дейді. Бұл "Жаңа жыл" мерекесіне де қатысты.
"Бір күн тоқтық үшін мың күн саулығыңызды құрбан етпеңіз! Кез келген ауруды емдегеннен оның алдын алу жеңілдеу екенін ұмытпаңыз. Мейрам кезеңінде мен төл ас мәзіріңізді сыни тұрғыдан қайта қарауға қиыла кеңес беремін! Бұл күндері дастархандар етке толатыны белгілі. Дәм татыңыз. Бірақ мүмкіндігінше, майлы өнімдерден аулақ болыңыз. Майонез орнына майы барынша аз соустарды қолданыңыз. Классикалық "Оливье" сияқты пайдасы жоқ салаттарды жемеңіз. Қаптаған кәмпит, басқа да тәттілер орнына үстелге жеміс-жидек қойыңыз!", – деді дәрігер Роман Макаров.
Ең бастысы, өзгелермен "социалистік жарысқа" түсіп, дастарханға қойылғанның бәрін қомағайлана жеп қою дұрыс емес. Оның орнына үйіңізде болсаңыз, тамақтану арасында үзілістер жасап, мерекелік үстелге әзірленгенді шағын порцияларға бөліп жеңіз. Сонда келесі жылға деніңіз сау күйде аяқ басасыз!
"24.kz" телеарнасының дерегінше, медициналық статистика мереке күндері тамақтан улану жағдайларының көп болатынын көрсетеді. Бұл ең алдымен адамның мереке күндері әдеттегіден артық тамақ ішетініне және тағамдардың бірнеше күн сақталатынына байланысты.
Сондықтан тамақтан уланбау үшін қарапайым сақтық шараларын ұстанған жөн. Ең алдымен мерекелік қарбалас күні уақытымен тамақтануды ұмытпау қажет. Өйткені әдетте бар күшімізді кешкі дастарханды дайындауға жұмсап, асқазанды ауыр тағамдарға әзірлеуді ескермейміз. Мұның үлкен зияны бар.
Гастроэнтеролог Бақытжан Бейімбетовтің айтуынша, жаңажылдық дастарханға ашқұрсақ отырған дұрыс емес. Оның алдында 1–1,5 сағат бұрын жүрек жалғап алу керек. Аз ғана тамақтанып, ашықпау жағын ойлау керек. Егер ашқұрсақ дастарханға отырсақ, тамақты көп жеп қоярымыз даусыз.
Диетолог Гауһар Серікқалиқызы жаңажылдық дастархан басында отбасы мүшелерін немесе қонақтарды түрлі ойындарға, шағын шоу-қойылымдарға алаңдатып отырған маңызды дейді.
"Жаңа жыл деген көбінесе эмоция ғой. Отбасымызбен жақсы көңіл-күйде отырып, емен-жарқын араласып, тек қана дастархан басында отыра бермей, біресе тамақ жеп, біресе, би билеп, ойын ойнап, жанұямызбен шоу-бағдарлама жасаймыз. Сонда денсаулыққа жақсы болады. Диетологтар жаңа жыл түні табиғи коллаген мен ақуызға бай тіскебасарларды тұтынуға, дәрумені көп қызылшадан түрлі салат жасауға кеңес береді. Ыстық тамаққа ет емес, балық (не бауыр) жеген дұрыс. Бұл талапты әсіресе мейрамханадағы кәсіби аспаздар ескеруге тырысады", – деген пікірде диетолог.