Жанжал аясында "дүниеге келген" орталық жеке секторға кеткісі келеді

2432

Шымқаладағы бірегей ұйым қиындықтан бас көтере алар емес. 

Жанжал аясында "дүниеге келген" орталық жеке секторға кеткісі келеді

Еліміздің жаңа мегаполисінің коммуналдық меншігінде мемлекеттік активте еш теңдесі жоқ ұйым бар: ол Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының "Залалсыздандыру орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны деп аталады.

Бірден айталық: бұл мекеме жанжал аясында пайда болды. 2006 жылы Қазақстан жұртшылығын ғана емес, халықаралық қоғамдастықты шошынтқан оқиға болып, Оңтүстік Қазақстан облысында медұйымдардың аналар мен балаларға жаппай АИТВ/ВИЧ жұқтырғаны анықталды.2009 жылы медбұйымдарды стерильдеуге арналған озық италиялық жабдықтармен (CISA S.P.A.) жарақтандырылған орталық ашылды.

Мемлекеттік мекеменің жарғысына сәйкес, бұл кәсіпорынға медициналық аспаптарды, құралдарды және бұйымдарды стерилизациялаудың заманауи технологияларын енгізу жүктелді. Яғни, кәсіпорын медициналық мақсаттағы заттардан барлық инфекциялық патогендердің, әсіресе, АИТВ/ВИЧ-тің, парентералдық гепатиттердің сақталып қалмай, толық жойылуын кепілдендіруі шарт.

Бұл орталық өз саласындағы монополист еді: емханалар, ауруханалар, жеке клиникалар соған жүгінді. Нәтижесінде, "Залалсыздандыру орталығы" бюджеттен көк тиын алмай, медициналық бұйымдарды стерильдеуден тапқан төл табыстарына тіршілік етіп келді. Алайда нарықтағы бәсеке оны бұл дәуренінен айырды. Істің кірісті екенін түсінген кәсіпкерлер ұқсас орталықтар аша бастады , деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қазіргі кезде орталық "коммуналдық" деп аталғанымен, бюджеттен қаржыландырылмайды. Оның үстіне осы мәртебесі оған қосымша ауыртпалық болып отырғанға ұқсайды. Шенеуніктердің оны бәсекелі ортаға жіберуге ниеттенуі де содан болса керек.

"Кәсіпорын стратегиялық нысандар санатына жатпайды. Әрине, ұқсас қызмет түрімен айналысатын бұл кәсіпорыннан басқа мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы жоқ. Бірақ бүгінде нарықта осындай қызмет көрсететін жеке медициналық ұйымдар саны артып келеді. Салдарынан, "Залалсыздандыру орталығы" бәсекеге қабілетсіз болып қалды. Соның кесірінен қазір қолданыстағы медициналық жабдықтарын жөндеуге және жаңғыртуға мүмкіндігі жоқ. Бұған қоса, қызметкерлеріне жалақы төлеуі проблемаға айналды", – деді сала маманы Гүлшат Қуаныш Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа хатында.   

Мұнда бір гәп бар: "Иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбелерін бекіту туралы" Үкіметтің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы №927 қаулысының 6-бөліміне сай, "қаланың қызмет көрсететін аумағындағы жалғыз мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы болып табылатын денсаулық сақтау ұйымы" – жекешелендіруге жатпайды.

Ал "Залалсыздандыру орталығы" дәл осы қатарға кіреді: елімізде де, қалалық коммуналдық меншігінде де осындай қызметпен шұғылданатын өзге денсаулық сақтау ұйымы жоқ. Ендеше оны жекенің қолына беруге, мемлекеттің иелігінен шығаруға рұқсат етілмейді.

Осыған орай шымкенттік әкімқаралар Қаржы министрінен аталған орталықты "кейінгі сатып алу құқығымен сенімді басқаруға" беру жолдарын көрсетуді сұрады.

Расында, еліміздегі жалғыз мемлекеттік стерильдеу кәсіпорны бастан өткеріп жатқан оқиғалар оның дәрменсіз жағдайынан хабар бергендей. Мәселен, былтырғы мамырда оның қызметкерлерінің шағымынан кейін орталық басшысы Мұхитдин Сейітханов жұмысынан қуылды. Қызметкерлері Шымкент әкімдігіне және денсаулық сақтау басқармасына жүгініп, мардымсыз ғана жалақы алып отырғандарына, емдеу жәрдемақыларының төленбейтініне, еңбек шарттарының ауырлығына назаланды. Оларды түсінуге болады: аса қауіпті вирустармен, инфекцияламен күресетіндіктен, күн сайын бастарын қатерге тігеді. Ауыр, қауіпті химикаттармен жұмыс істейді. Ал алатын жалақылары 38 мың теңге ғана екен. Елдегі ең төменгі жалақыдан да аз. Бұл ретте зиянды жұмыс үшін небары 1 500 теңге үстеме төленеді.

Шағым түсе сала, қала әкімі бастаған комиссия орталыққа аттанды.

"Тексеру нәтижесінде "Залалсыздандыру орталығының" бас дәрігері жұмысынан босатылды. Басшылық құрамдағы басқа адамдарға қатаң шаралар қабылданды. Барлық төлемдер қалпына келтірілетін болады. Емдеу жәрдемақысын да береміз", – деп уәде еткен сонда Шымкент әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр. Алайда екі ай өтпей жатып, ол қызметінен кетіп қалды.

Сол жолы комиссия орталық басшылығының жұмысынан көптеген бұзушылық тапты.

Негізі, бұл кәсіпорын о бастан жобалық қуатының жартысын ғана іске жаратып келді. Оған себеп – жергілікті жеке клиникалардың біразы медқұралдарын зарарсыздандыруға шығын шығарғысы келмейді екен. Оны өз беттерінше жүргізеді.

Бұл орталықты салуға және жабдықтауға кезінде мемлекет 1,3 миллиард теңге жұмсады. Оның құрылысын "Самұрық" мемлекеттік активтерді басқару холдингі (қазіргі "Самұрық-Қазына" қоры) және облыстық бюджет қаржыландырды.

Егер сатыла қалса, қаншаға өткізілетіні белгісіз.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу