Жапаров Қырғызстанда "желтоқсан төңкерісінің" алдын алды

2576

Оңтүстік көршіде шынында не болып жатыр? 

Жапаров Қырғызстанда "желтоқсан төңкерісінің" алдын алды Фото: pixabay.com

Желтоқсан айы басталғалы Алатаудың арғы бөктеріндегі ағайындарда халық наразығы өрши бастады. Дегенмен, ел Президенті Садыр Жапаров ішкі саяси ахуалды бақылауда ұстап қала алды. Ол тіпті "көтерілісшілердің" алдына өзі шықты.

Қырғызстанның өңірлерінде қыс бастау алғалы, базар саудагерлері наразылық шараларын өткізді. Содан, Мемлекет басшысы алдымен 5 желтоқсанда атақты, әрі алып "Дордой" базарына келіп, кезекті қарсылық акциясын ұйымдастырушылармен кездесті, шағымдарын тыңдады. Базар саудагерлері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, барлық кәсіпкерді бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) қолдануға көшіруге қарсы екендерін мәлімдеп, ел басшысынан патенттер жүйесін қалдыруды өтінді.

Садыр Жапаров нағыз қожайынға лайық тегеурін көрсетіп, мәселені сол жерде шешті. Сөйтіп, ол патенттік жүйені қолдану мерзімін тағы жарты жылға ұзартып берді. Бұл ретте ол елде жаппай қарсылық шараларын өткізіп жатқан саудагерлерді әлдебір күштер елдегі билікті ауыстыру, кезекті революция жасау үшін пайдаланғанын айтты.

Бұл сөздер жиналғандардың ашуын туғызды, ерлер жағы ысқырып, әйелдер айғайлай бастады. Әрине, төңкеріс жасағысы келсе де, оны олар сол мезетте ұйымдастыра алмас еді: журналистер құзырлы құрылымдардың қызметкерлері жиналғандардан көп болғанын айтады.

Ашынған халыққа Садыр Жапаровтың өзі басу айтты:

"Мен сіздерді айыптап тұрған жоқпын. 30 жыл революция жасап дәндегендер сіздерді пайдаланады. Сіздер кінәлі емессіздер", – деген Мемлекет басшысы елдегі үш-төрт топ бизнес өкілдерінің толқуын билікті құлатуға пайдаланғысы келетінін жеткізді.

Бұл кезде Қырғызстанның барлық қаласында күн сайын мыңдаған наразылық акциялары болып жатқан еді. Тіпті автокөлік салондарының, гүл сатушы дүкендердің қожайындары мен қызметкерлері де бас көтерген саудагерлерге қосылды, видеолар түсірді. Барлығының да талабы бір: кассалық аппаратты қолдануды талап етпеу және салықтық жүктемені арттырмай, патентті ары қарай қолдануға мүмкіндік беру. Бұл мәселе ішінара шешімін тапты. Бірақ наразылық сақталды.

Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров митингілерге баға бере келе, белгілі бір күштер саудагерлерді билікке айдап салғысы келетінін меңзеді. Оның сендіруінше, халықтың басым көпшілігі Үкіметті қолдайды.  

Әділін айта кету керек, Қазақстанға қарағанда, Қырғызстанда бизнес жүргізуге барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Салық жүйесі де бізге қарағанда оңтайлы және жыл сайын өзгере бермейді. Мысалы, шағын азық-түлік дүкенін ұстайтын немесе сауда дүңгіршегіне (киоск) иелік ететін, болмаса базарда сауда жасайтын отбасылық ұсақ бизнестің айналымы 8 миллион сомнан (шамамен 41 миллион теңгеден) аз болса, онда қандай да бір салық төлеуден толығымен босатылады.

Жапаровтар билігі ұзақ жылдар бойы қылмыстық әлемнің қанатының астында болып, алым төлеп келген базарларды мемлекетке бұрып, заманауи салық салу жүйесіне көшіруге тырысуда.

"Базар экономикасының және бастапқы капиталды жинаудың дәуірі түгесілуге таяды. Мемлекет бассыз кетіп, коррупцияны өркендеткен аз шоғыр тұлғаға қызмет етпейді, бірақ халыққа жұмыс істейді. Билік бүгінде халықтың берік мандатына ие. Бұқара жиналған мемлекеттік кірістердің бәзбіреулердің қалтасына құйылмайтынын, салықтың барлығы жаңа инфрақұрылымдарды салуға, азаматтардың өмірін жақсартуға жұмсалатынын біледі. Біз кедейшілікпен күресіп, халқымызды қайыршылық құрдымынан суырып шығарып жатырмыз", – деді Ақылбек Жапаров.

Сондықтан, Экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиев Үкіметтің кассалық аппаратты талап ету идеясынан бас тартпайтынын нықтады. Министр шеруге шығушылардың әрекетін "диалог емес, ультиматум" деп бағалады.

Кәсіпкерлер да өз талабында табандады: БКМ жүйесінің ыңғайсыз екенін алға тартады. Егер байланыста ақау болып, не жарық сөніп, тауар кассалық аппараттан өтпесе, онда салық қызметі айыппұл салып кетеді.

Бас көтерулер шынында кезекті рет билікті төңкеруге ұласып кетпеуі үшін президент Садыр Жапаров базарлардағы ахуалды және наразылыққа себеп болған мәселелерді зерттеумен айналысатын комиссия құрды.

Үкімет өз отырысында кәсіпкерлерді тексеруге және айыппұл салуға алты айлық мораторий жариялады.

Алайда, көрігі қызған, жабулы қазандай бұрқ-сарқ қайнаған қоғамдағы наразылық бұған басыла қоймады.

Содан өзін "билік пен халық арасындағы араағайынмын" деп жариялаған Жапаров халықты қызықтырар бастама көтерді: отбасылық ұсақ бизнестің салық салынбайтын айналымын 15 миллион сомға (бізше 77,1 миллион теңге) дейін көтеруге уәде етті.

Қырғыз сарапшыларының пікірінше, Қырғызстанда билік үшін күрес жүруде. Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы ұзақ жылғы жер дауын шешіп, шекараға қатысты келісімге келе алған Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Қамшыбек Тәшиевтің халық арасындағы беделі қарқынды түрде артып келеді. Шетелдік бірқатар саясаттанушы оны қырғыздың келесі көшбасшысы ретінде қарастыра бастады. Қырғыз елінде келесі Президент сайлауы тек 2027 жылы өтеді.

Ал шенеуніктердің сонша бай емес кәсіпшіл азаматтарға іс жүзінде салықты күрт арттыруы Президенттің беделіне соққы болды. Бұл көптеген шағын бизнестің тоқырап, жабылып тынуына соқтыруы ықтимал еді.

Демек, көптеген отбасы нәпақасынан айырылатын еді. Бұл үрей тұрғындарды көшелерге, бейберекет шерулерге алып шықты.

Халықтың барлық наразылығы Президент Садыр Жапаров пен Үкімет басшысы Ақылбек Жапаровқа қарсы бағытталды. Ал, Тәшиевтің сайлау науқанына қазірден әзірлене бастағаны аңғарылады. Ол елді аралап, электоратымен кездесіп, ел ақсақалдарына өзін көрсетіп жүр. Мысалы, Жалал-Абадта тұрғын үйлер құрылысын өзі бақылады: ондағы пәтерлер дәрігерлер, мұғалімдер, баспанаға мұқтаж жандар арасында үлестіріледі.

Соңынан қала жұртшылығын жиып, әңгімелескен ол Жалал-Абадты әйбат, абат, ғаламат қалаға айналдыруға уәде етті. Онда тақтайдай түзу жаңа жолдар төселетініне, жаңа халықаралық әуежай салынатынына уәде етті:

"Бұл шаһардан әлемнің кез келген нүктесіне ұшып бара аласыздар!", – деп ол жиналғандарды қиял әлеміне қанат қақтырды.

Қаладағы ескі түрмені сүріп тастап, орнына облыстық әкімдіктің жаңа ғимаратын, әкімшілік ғимараттарды салуға, парк тұрғызып, жайнатуға сөз берді. Осының бәрі, Тәшиевтің айтуынша, небары екі жылда жүзеге асырылады. "Апрель" қырғыз телеарнасы тілшісінің байламынша, екі жылдық мерзім бекер таңдалмағанға ұқсайды: 2 жылдан соң, 2026 жылы Президент сайлауының электоралдық кезеңі бастау алмақ.  

Сонымен бірге, С.Жапаров та өз билігін күшейтуге жан салып жатыр. Қазан айының басында Жоғорку Кеңеш депутаттары Президент Жапаровқа Конституциялық соттың "халықтың моральдық және адамгершілік құндылықтарына қайшы келетін" кез келген шешімінің күшін жоюға мүмкіндік беретін заңды тездетіп екінші және үшінші оқылымдарда қабылдап тастады. Тек 5 депутат қана қарсы дауыс берген.

Заң жобасына сараптама жүргізген Медиасаясат институтының заңгері Нұрбек Сыдықов "Азаттықтың" қырғыз редакциясына сұхбатында құжаттың кемшілігіне назар аудартты: моральдық, адамгершілік құндылықтарға нақты не жататыны жазылмаған, анықтамалары бұлыңғыр. Тиісінше, оған билікке ұнамаған кез келген шешімді жатқызуға болады.

Сарапшылар бұдан соттардың тәуелсіздігінен бас тарту, Қырғызстандағы демократияның қалдығын жою көріністерін байқапты. Себебі, дамыған елдерде Конституциялық сот – азаматтардың іргелі құқықтарына қатысты маңызды мәселелерде соңғы сөзді айтатын ең жоғарғы инстанция. Оның шешімдері қайта қарауға жатпайды және Президент те бағынуы шарт.    

Қырғыз саясаттанушысы Аида Алымбаева ұйымдасқан қылмыспен күрестің күш алуынан да билікті нығайту нышандарын байқапты.

2021 жылы Президенттік тізгінді өз қолына алған Жапаров елді жайлаған "криминалға соғыс" жариялады. Сонда Қырғызстандағы ең беделді криминалды авторитет, Қазақстанда, Ресейде "Коля-киргиз" лақап атымен белгілі "заңдағы ұры" Қамшы Көлбаевты (Камчи Кольбаев) түрмеге отырғызды. Жаңа Президент Қырғызстандағы "саяси институттың" біріне айналып кеткен ұйымдасқан қылмыстың "ішкі саяси ахуалға ықпалының" тамырына балта шабатынын жариялады. Алайда, ісі мен сөзі қабыспай, артынша қырғыздың қылмыстық әлемінің басын бостандыққа шығарып жіберді. Ақпарат құралдары хабарлағандай, бұл криминалды шайқастардың жаңа толқынына түрткі болыпты.

Енді биылғы қыркүйекте Қырғызстанда ұйымдасқан қылмыспен соғысқа қайтадан серпін берілді. Қамшы Көлбаевты ұстауға бағытталған арнайы операция өткізілді. Оның соңы Көлбаевтың қазасымен аяқталды. Оның жолын құшпау үшін криминалды элементтер жаппай қылмыс әлемімен қош айтысып, түзу жолға түскендерін мәлімдеуде. ҰҚТ-ларға (ОПГ) қатысы болуы мүмкін тұлғаларды тұтқындау қарқын алды.

"Ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресті қоғам қызу қолдайды, құптайды. Бірақ бұл күрес заң аясында жүруге тиіс. Көлбаевтың өлімі көптеген сұрақ қалдырды. Оны атқылауға не себеп болды? Әлеуметтік желіде де, журналистер де ескерту жасап ату дегеннің болмағанын қаперге салады. Немесе, оның аяғынан атып құлатуға болатын еді", — дейді саясаттанушы Аида Алымбаева.

Оның байламынша, ҰҚТ-мен күрес – сайлауға дайындықтың бір бөлігі.

"Сайлауға дейін көп уақыт бар. Бірақ басқаша түсіндіру қиын. Қылмыс әлемінің серкелерін ойыннан шығарып тастау, тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым, оппозиционерлерді бейтараптандыруға талпыныс. Неге мұның бәрі соңғы екі жылдан бері емес, дәл қазір ғана қолға алынуда?", – деп сауал тастады А.Алымбаева.

Эмиграцияда жүрген ресейлік саясаткер, тарихшы Дмитрий Чернышевский Қырғызстанда алғаш рет мол экспорттық тасқыннан түсіп жатқан валюталық ағын пайда болғанын жеткізді.

"Қырғызстан – Орталық Азиядағы демократияның бір тірегі саналады. Тіпті бұл жөнінен олигархия жайлаған Украина да оның қолына су құя алмайтын. Бірақ Жапаровтың режимі "гайкаларды қыса бұрап", демократияны шектей бастады. Өзінің авторитарлық билігін жылдам нығайтуда. Себебі, биліктің жоғалтары зор. Жапаров бала кезінде "Брежнев болғысы" келгенін еске алғаны бар, міне, енді сол сияқты елге басыбайлы билік етпек. Оның үстіне бұл билік сырттан келіп жатқан ұшан-теңіз қаржы тасқынына қол жеткізді. Ол оған билігін нығайтуға мүмкіндік береді. Ол не қаржы? Қырғызстан санкция астындағы Ресейге шетелден бағытталған сұр және көлеңкелі импорттың басты бір өткізушісіне айналды. Ресейге жеткізуге тыйым салынған тауарлар Қырғызстан арқылы тасылады", – деді ресейлік саясаткер.

Ол өз сөзіне мысал ретінде Халықаралық қаржы институтының (IIF) бас экономисі Робин Брукстың дерегін келтірді: соғыс басталғалы, Польшадан Қырғызстанға экспорт – 21 есеге (2100%), Германиядан – 13 есеге, Чехиядан – 12 есеге, Венгриядан – 3 есеге артқан.

"Мысалы, Германиядан Қырғызстанға автомобильдер мен машиналар бөлшектерінің, компоненттерінің экспорты 5500%, яғни 55 есеге өсіп шыға келді. Сонда Қырғызстан орасан зор индустрияландыру жүргізіп жатыр ма? Әлде неміс машиналарын ғана мінетін миллионерлердің саны соншаға көбейді ме? Жоқ, олардың басым бөлігі Ресейге жолданады. Қырғыз шенділері осы сұр импортты бақылауға алып, пайда тауып отыр. Бұл – Брукстың байламы. Батыс Путинді жек көретінін паш еткенімен, шынында олар үшін басты орында – табыс тұр. Батыс Ресейге керек тауарларын Қырғызстанға сатады. Сөйтіп, арын таза санайды. Таза капитализм", – деп түсіндірді Дмитрий Чернышевский.   

Қырғыздың "Кабар" агенттігінің хабарлауынша, Американың үндеуіне қарамастан, Қырғызстан Ресейге экспортқа бақылауды қатайтудан бас тартты.

"АҚШ сенаторынан хат келді, жалпы, көптеген беделді саясаткерден менің атыма хат түсіп тұрады. Мұны мен Қырғызстанға қысым көрсету, өз жағына тарту талабы деп бағалаймын. Біз барлық елмен тең қатынаста боламыз. Біз – тәуелсіз елміз", – деп шарт түйді Президент С.Жапаров.

Өз кезегінде ресейлік "Автостат" сараптама агенттігі сенсациялық деректі жариялады. 2023 жылғы қараша айының қорытындысында, Ресейге жаңа автомобиль жеткізу жөнінен Қырғызстан №2 ірі экспорттаушыға айналды.

Жалпы алғанда, өткен айда Ресей 81,8 мың шетелдік жаңа көлік алғызыпты. Оның 9,1 мыңы қырғыз елінен сатып алынған. 2023 жылдың басынан Қырғызстан Ресейге 60 мың бірлік жеңіл автокөлік экспорттады.

Ұсталмаған, жаңа көлік жеткізу жөнінен Ресейде шың елі бірінші орында: бүкіл жаңа машиналардың 82,7%-ы – қытайлық.

Мына қарқынмен Қырғызстан "әлемдегі ірі автокөлік өндіруші елге" айналатын түрі бар. Ал Ресей нарығында Қытайды басып озса, таңғалмаңыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу