Жаппай Израиль өнімдерінен бас тарту Түркияның өзін қиын жағдайда қалдыруы мүмкін

3604

Израильдің түрік еліне бағытталған экспорты құлдырады.

Жаппай Израиль өнімдерінен бас тарту Түркияның өзін қиын жағдайда қалдыруы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Ел көшбасшысының елге қадірін, халық алдындағы беделін қалай білуге болады? Тұрғындар оның аузынан шыққан әр сөзін бағып, соны тірлік, тіршілігінде басшылыққа алуы мүмкін. Биылғы қазан айында Израиль Газа аумағына шапқыншылығын бастағалы әлем лидерлері арасында бірінші болып, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған басқыншының агрессиясын қатаң сынады.

Қазан айының соңында Ыстамбұлда өткен митингте Ердоған Израильдің Газаға шабуылын "әскери қылмыс" деп бағалады және израильдік саясаткерлер мен әскерилерді "ессіздік күйден" тезірек арылып, қантөгісті доғаруға шақырды.

Бұл Түркияда израильдік брендтерге қарсы ел тарихындағы ең ірі халықтық науқанның басталуына түрткі болды. Yeni Akit газетінің жазуынша, тұтынушылар израильдік тауарларға бойкот жариялады, сонымен бірге Израильді қолдаған әлемдік танымал компаниялардың тауарлары мен қызметтерінен мүмкіндігінше бас тартып жатыр.

Салдарынан олардың Түркия қалаларындағы дүкендер желісі, кеңселері біршама босап, тыншып қалды. Жатжұрттық қонақтарды айтпағанда, жергілікті тұрғындар көп бас сұқпайды.

"Түркияда тарихтағы ең ірі бойкот кампаниясы басталды. Израильдің Палестинаға басқыншылығына байланысты қоғамдық көшбасшылар, белсенділер осындай шешім қабылдаған еді, халық арасында оны қолдау артып келеді. Қара тізімге израильдік брендтер және Израильді қолдайтын брендер ілікті", – деп жазады түрік басылым.

Оның мәліметінше, жаһандық туризмнің бір орталығы әрі әлемдік хаб саналатын Түркияның нарығында израильдік компаниялар жүздеген сауда маркасымен шығатын өнімдерін сатады. Бірақ "оларды алу мұсылман жамағаты үшін залалды" деп санаған түрік азаматтары Түркияның өзі шығаратын баламаларына бет бұруда.  

Халықтың ауанын билік өкілдері де қолдауда. Түркия Парламентінің баспасөз қызметі Ұлы ұлттық құрылтайдың спикері Нуман Куртулмуштың нұсқауына сәйкес, заң шығарушы органның барлық асханалары мен дәмханалары Израильді қолдайтын фирмалардың өнімдерін сатудан, пайдаланудан бас тартқанын жариялады. Бұған тіпті Coca-Cola сусындары да ілігіпті.

Экономистер бұл бойкотты қолдамайды. Ол онсыз да әлсіреген Түркия экономикасына қосымша шығын келтіреді деп санайды.

Түркияға тасылған израильдік экспорттың түсімі 2023 жылғы қазанда небәрі 465 миллион шекельді (шамамен 124 млн долларды) ғана құраған. Салыстырсақ, 2022 жылғы қазан айында 1 миллиард шекельден асқан болатын. Қараша айының статистикасы бұдан да нашар болуы ғажап емес.

Әділін айта кету керек, биылғы қазанда түрік лидерінің ұстанымына жауап ретінде израильдік белсенділер де түркиялық тауарларға бойкот жариялауға шақырды және сонысын жалғастырып жатыр. Жекелеген саудагерлер мен сауда орындары да бұдан былай сатып алушыларын жергілікті тауарларды алуға белсенді ынталандыратынын мәлімдеді. Олар ең көрнекті орындарға орналастырылады, бағасы шамалы арзандатылады.

Бұдан бөлек, израильдік белсенділер әлеуметтік желілерді Түркияда өндірілген тауарларды тұтынудан толық немесе ішінара бас тартуға шақыратын посттарға толтырды. Олардың қара тізіміне өз өнімдерін Түркияда өндіретін немесе түркиялық материалдарды пайдаланатын компаниялар да кірді. Ұзын тізбенің арасында H&M, Zara, LG, Bosch, Beco және басқасы бар.

Бірақ мұндай үндеулері мен ұрандары Израиль халқы арасында кең танымал деп айту қиын. Мұны статистика да растайды. Түркиядан Израиль тасыған импорт тіпті өсті. Былтырғы қазан айында бұл көрсеткіш 1,5 миллиард шекель болса, биылғы қазанда 1,6 миллиардқа жеткен.

Палестиналық радикалдардың израильдік кибуцтарға (ауыл шаруашылығы коммуналарына) шабуылы Израильде жемістер мен көкөністердің тапшылығына соқтырған. Оның орнын түркиялық өнімдер басуда.

Израильдің әлемнің өзге нарықтарына өткізетін экспорты керісінше, артты. Қазан айының қорытындысында бұл ел жаһанға 18,4 млрд шекельдің өнімін сатты. Бұл 2022 жылғы қазандағыдан 14 пайызға көп.

Бұл елдің өндірушілері басқа бір соғыстан пайда тауып отырғаны байқалады. Орталық статистика бюросының мәліметінше, Израилдің Ресейге экспорты бір ғана қазан айында тағы 15  пайызға көбейіп, 232 млн шекельге жетті. Еуроодаққа кірмейтін елдер арасында израильдік экспорт жөнінен Ресей үшінші орынға шықты. Ол тек Ұлыбритания мен Түркияға ғана жол берді.

Украинаға бағытталған израильдік тауарлар ағыны қазанда бірден үш есеге өсіп, 17,1 млн шекельді құрады. Ал Украинадан сатып алатын импортын Израиль керісінше, 30,2 миллионнан 20,7 млн шекельге дейін күрт қысқартты.

Дегенмен сарапшылар көбіне экспорттық өсімге соғыс басталғалы израильдік ұлттық валютаның негізгі шетелдік валюталарға шаққанда құнсызданғаны ықпал етті деп санайды. Тиісінше, шекельдегі түсім де артты. 

Израильдік журналист Александр Казин әрі қарай ахуал нашарлайды деген байламды келтірді. Себебі, қараша айында израильдік экспорттаушылардың жағдайы айтарлықтай күрделенген. Ұлттық валютаның айырбастау бағамы 1 доллар үшін 4,08 шекелге дейін құлдырады, кейін 3,71-ге дейін шамалы нығайды. Алайда төмендеу тренді қайта белең алуда (бүгін 3,74 межесіне жетті).

Сарапшылардың байламынша, егер ахуал өзгермесе, мысалы, соғыс тоқтамаса, Израильдің ұлттық валютасының девальвациясы жалғасса, израильдік тауарлардың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігі төмендей береді.

Сондықтан израильдік сарапшылар саяси ұрандарға елігіп, ел экономикасының онсыз да шатқаяқтаған шаруасын әрі қарай шайқалтпауға шақырды. Мысалы, The Marker басылымы: "Түрік помидорларына бойкот патриотизм емес, зиян" деген тақырыппен шықты.

"Соғыс басталса, Израиль блокадада қалады, біздің порттарға кемелер кіруін қояды деген болжамдар іске аспады. Импорт әдеттегі режимде артуда. Бірақ отандық ауыл шаруашылығы өндірісі салмақты зардап шекті. Бұған қолдауы ретінде жұртшылығымыз тек қана израильдік өнімдерді тұтынуға көшуге тырысуда. Ал Түркиядан әкелінетін қызанақтарды тұтыну сатқындықпен теңестіріле бастады. Әйтсе де, бұл патриоттық бойкотты ұзақ жалғастыру мүмкін болмайды. Импортсыз, әсіресе, Түркияның тауарларынсыз Израильдің ішкі сұранысын толыққанды қанағаттандыру мүмкін емес", – деп жазады израильдік басылым.

"Әрине, біздің бәріміз отандық фермерлерді қолдағымыз келеді. Алайда түрік тауарларына бойкот салдарынан біздің өзіміз қаңыраған бос сөрелермен қаламыз", – деген анонимді, ірі ритейлердің сөзін келтірді The Marker.

"Бикурей Саде" компаниясының бас директоры Илан Шева да журналистерге сұхбат берді. Ол Түркияға қарсы бойкоттың салдарларын дәл қазір тұтынушылар сезіп отырмағанын жеткізді. Өйткені Израильдің өзі томаттарды жинау науқанын жүргізіп жатыр. Бірақ оның байламынша, бірнеше аптадан соң тапшылық өткір күйге жетеді. Тиісінше, қызанақтардың бағасы 1 келісі үшін 10 шекель (шамамен 1 250 теңге) және одан да көп қымбаттайды.

Израильдік мамандар израильдік қызанақтардың үлкен бөлігі Батыс Негев ауданында өсірілетінін еске салады. Палестиналық радикалдардың 7 қазандағы шапқыншылығы және Газа секторындағы қырғын басталғалы, бұл өңірдегі тұрғындар баспаналарын, бизнесін, басқасын тастап, босып кетті. Батыс Негев бос қалды. Бұл қызанақтардың тапшылығына түрткі болады.

Израильден 14 мың гастарбайтер мен 5 мыңдай палестиналық жұмысшының кетіп қалуы да бірінші кезекте ауыл шаруашылығына соққы болды. Фермерлер егін жинауға волонтерларды шақырып әлек. Ал израильдіктер ауыл шаруашылығында жұмыс істегісі келмейді.

Одан да сорақы жайт бар. Жұмыс күшінің тапшылығы кесірінен үш айдан соң израильдік фермерлер егін егу, дән себу науқанын жүргізе алмауы мүмкін. Онда келесі жылы тапшылық шырқау шегіне жетпек.

Израильдік құс фабрикаларының 70 пайызы, сиыр фермаларының жартысынан көбі қарулы қақтығыс ушыққан солтүстік шекарада орналасқаны белгілі болды. Олардың да біразы босап қалған. Израиль билігі ол аудандардағы халықты эвакуациялауын жалғастырды. Салдарынан ондағы ауыл шаруашылығы өндірісі шамамен 50 пайызға қысқарған. Олай болса, қиындық томат тапшылығымен таусылмайды. Израильдің халқы құс етінен, жұмыртқадан, сиыр етінен де тарығуы ықтимал.

Бұдан құтылудың жалғыз дұрыс жолы бар, ол – Газадағы қанқасап соғысты түпкілікті доғарып, бітімге келу.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу