Тарихи драма жанрындағы телехикая желісі Керемет Сүлеймен билік еткен кездегі Осман империясының өмір-тіршілігінен сыр шертеді және шынайы оқиғалардан шабыттанған.
Османлы мемлекетінің 10-шы сұлтаны, Ислам халифатының 75-ші халифі, ақын, зергер, қолбасшы I Сүлеймен (1495-1566) 46 жыл бойы патшалық еткенде Осман империясының ең даңқты, дәуірлеген кезеңінің негізін қалады. Ол сақ, ғұн бабалар салған жолменен Еуропаны тізе бүктіріп, бағындырды.
I Сүлеймен билік жүргізген заманда Словенияны, Чехияны, Мажарстанды, Молдованы, Иракты, Бахрейнді, Ливияны, Тунисті, Босния мен Герцеговинаны – бірнеше континентті жаулап алды. Оның тұсында османлылардың қуаты шарықтау шыңына жетті.
Мимар Синан атындағы өнер университетінің профессоры, доктор Сүлейман Қызылтопрактың мәліметінше, әскери өнеріне, қайтпас қайсарлығына, асқан ақылына тәнті болған еуропалықтар сұлтан Сүлейманға деген құрметін білдіріп, оны "Керемет Сүлеймен" (Сулейман Великолепный) деп атады. Ал, шығыста падишаһ "Әділ Сүлейман" деген атпен әйгілі болды.
Түріктің TRT Avaz телеарнасының дерегінше, Османлы әскерлері Ресей мен Польша шекараларына, Еуропа елдеріне, Араб түбегінің оңтүстік бөлігі Йеменге дейін жорық жасады. Оның дәуірінде мемлекеттің территориясы 2,5 есе кеңейді.
Бодан бұқарасының сұранысына сезімтал падишаһ империяның әлеуметтік жағдайына, мәдениетіне, құрылысы мен сәулетіне баса назар аударған. Оның дәуірінде қолөнер, зергерлік өнер, әдебиет, мәдениет және сәулет бұрын-соңды болмаған деңгейде өркендеді.
Сұлтан Сүлейменнің заманында аты аңызға айналған сәулетші Синан өмір сүрді, Ыстамбұлды көптеген туындыларымен безендірді. Сұлтан Сүлейменнің бұйрығымен тұрғызылған сәулет кешендері оның ұлылығын көрсетеді. Мимар Синанның еңбектерінің арасында Явуз Сұлтан Селим мешіті, Шахзада Мехмет пен Джахангир мешіттері бар.
Синанның қолымен жасалған Ыстамбұлдағы екінші үлкен мешіт "Сулеймание" Сүлеймен патшаның дүниетанымы мен ұлылығын паш ететін керемет сәулет кешендердің бірі.
Ұлы падишаһқа арналған "Ғаламат ғасыр" сериалының ірі кейіпкерлерінің бірі – Керемет Сүлейменнің жақын үзеңгілесі, уәзірі Ибрагим-паша ол заманда саясатта басты рөл ойнаған.
Ол мемлекеттің ішкі ісін басқарды, әскери жорықтарға белсенді қатысты, тарихи тегеурінді, мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдады, сән-салтанатта өмір сүрді.
"Уикипедия" дерегінше, Паргалы Ибрагим-паша Сүлеймен сұлтанның досы, Хатидже-Султан ханымның күйеуі, Осман империясының 31-ші ұлы уәзірі, сарай билеушісі болған. Телехикаяның 82-ші сериясында сұлтанның бұйрығымен өлім жазасына кесіледі.
Осы орайда өзбектің "Upl.uz" порталы "Осман империясындағы ең бір беделді, әрі биік лауазымды шенеунік Ибрагим-паша қанша табыс тапқан?" деген сауал тастап, оның жауабын іздеді.
Ұлы уәзірдің жылдық ресми табысы 3 миллионды құраған. Бұл ол замандағы, яғни, XVI ғасыр үшін ұланғайыр сома.
"XVI ғасырда османлылардың негізгі валютасы "акче" деп аталды. Бұл күміс монета болатын (ол ғасырларда күміс алтыннан қымбат тұрған). 1 акчеде салмағы шамамен 1,15 грамм күміс болды. Ибрагим-паша қанша күміс алғанын түсіну үшін оның жылдық табысын – 3 миллион акчены 1 монетаның салмағына көбейтеміз: 3 000 000 × 1,15 = 3 450 000 грамм күміс", – деп мәлім етті портал сарапшылары.
Бұл 3 450 келі күміске тең. Мұның қаншалықты астатөк байлық екенін ұғыну үшін мынадай салыстыру келтіруге болады: ол кезеңде күмістің осынша көлемі алып сарай кешенін тұрғызуға немесе тұтас армияны ұзақ уақыт ұстап тұруға жететін болған.
Мысалға, Түркия Республикасының 2024 жылғы қорғаныс бюджеті 47 миллиард доллар болды, армияны ұстап тұруға және әскери қимылдар жүргізуге осынша бөлінген.
Сонда осыған барабар байлықты Ибрагим-паша бір жылда тауып отыруы мүмкін.
Алайда сол уақыттан бері әлемде күміс бағасы қатты құнсызданды.
Сондықтан Осман империясының ұлы уәзірінің табысын қазіргі жағдайларға шақтап, бағалау үшін 2025 жылы күмістің құнын білу керек.
Жаһандық нарықта күмістің бағасы 1 грамы үшін шамамен 1,05 доллар тұрады. Әлгінде айтылған күмістің жалпы көлемін осы ағымдағы бағасына көбейтеміз: 3 450 000 × 1,05 = 3 636 391 доллар.
Осының нәтижесінде, бір жылғы табысы 3,6 миллион доллардан асатын болып шықты. Егер бұл соманы 12 айға бөлсек, онда айына шамамен 303 мың доллар жалақыдан келеді.
Қазіргімен шамалағанда, көп те емес. Мұндай еңбекақыны 2025 жылы әлемде ірі банктер мен компаниялардың топ-менеджерлері де ала береді.
"Қазіргі қатардағы отбасыдан шыққан алты жасар бала байырғы замандағы патшадан бай, өйткені қазіргінің баласында бар смартфон мен гаджеттерге ежелгі патшалар да қол жеткізе алмаған" деген тәмсіл бар.
Бірақ орта ғасырларда 3 миллион акче Ибрагим-пашаны Осман империясындағы ең бай адамның біріне айналдырды.
Оның үстіне ресми жалақысы оның әл-ауқатының тек бір бөлігі ғана еді. Ибрагим-паша Түркия және одан тыс елдердегі өз иелігінде болған жерлерден алым-салық жинады, сұлтандардан, ығай мен сығайдан сый-сияпат алды.
Оның лауазымы және империя төріндегі, падишаһ жанындағы орны оған орасан зор ресурстарды қалағанынша жұмсауға мүмкіндік берді. Мұның бәрі оның әлеуметтік, саяси, әкімшілік және қаржылық қуатын күшейте түсті.