Жастар кәсіпкерлігіне қолдау бар, бірақ жеткіліксіз

25616

Ел халқының 26%-ынан астамы жас­тар. ШОБ-ты дамытуда бұл әлеуетті тиімді пайдалануымыз қажет.

Жастар кәсіпкерлігіне қолдау бар, бірақ жеткіліксіз Фото: youtube.com

Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Мақсат Қожамбек abctv.kz тілшісіне берген сұхбатында жас кәсіпкерлерді қолдау саласы қалай жүріп жатқаны жөнінде әңгімеледі.

- Жастарды кәсіпкерлікке тарту үшін мемлекет қандай жұмыстар атқарып жатыр?

- "Қазақстан-2050" стратегиясында Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіргізу мақсаты қойылды. Дамудың маңызды көрсеткіштерінің бірі – 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес үлесін 50%-ға жеткізу. Елбасы әрбір маңызды басқосуда кәсіпкерлікті дамыту жөнінде айтып, тиісті тапсырманы беріп те жатыр. Осыған орай, мемлекет экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкер­лікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді.

Қазіргі таңда "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында жас кәсіпкерге біршама қолдау бар. Қазақстан әлемдік өркениет көшінен өз орнын алуы үшін отандық өнімдеріміз барлық жағынан талапқа сай болуы қажет. Ол үшін отандық кәсіпкерді, оның ішінде жас кәсіпкерді кешенді түрде барынша қолдау керек. Жас кәсіпкер – ертеңгі аяғынан тұрған, әлеуеті күшті, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін кәсіпкер қалыптастырушы орта.

Өткен жылдың басында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен республикалық жастар форумында 7 пікірсайыс алаңының бірі нақ осы жастар кәсіпкерлігі мәселесіне арналды.

Дегенмен бұлай тоқмейілсуге де болмайды. Бір нәрсе анық, ол – ең негізгі міндет ретінде жастар кәсіпкерлігін дамыту және жас кәсіпкерлерге жеке бизнесін қалыптастыруға және шағын бизнесте өзіне жұмыс табу үшін мүмкіндік беру қажет. Мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге қолдаудың көрсетіліп жатқанын айтады, ал жас кәсіпкерлер қолдаудың жеткіліксіз екендігін алға тартып келеді. Менің ойымша бұл үнемі жүретін күрес.

Мемлекеттік қолдау бар, бірақ шектеулі, талаптары қатаң, жас кәсіпкерлерге қолжетімді емес. Жас кәсіпкерлердің мемлекет жасап отырған қолдаулардан алып отырған үлесі мүлде төмен. Егер жастар кәсіпкерлігін қолдау барынша кешенді түрде жүргізілсе, жұмсалған әрбір теңге еліміздің экономикасы үшін салық пен түсім ретінде 2-3 теңге болып қайтады деп ойлаймын. Еліміздегі әлеуетті кәсіпкер 25-34 жас шамасындағы азаматтардан құралғанын ескерсек, әлбетте жастар кәсіпкерлігін дамытудың маңыздылығын талап етеді.

Еліміздің кәсіпкерлік саласы көбінде шағын субъектілерден тұрады, яғни кәсіпкерліктің 83,4%-ы – заңды тұлғалар ретінде құрылмаған жеке кәсіпкерлік және шаруа қожалықтары. Алайда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көптігіне қарамастан, ел экономикасына негізгі үлесті ірі заңды тұлғалар қосады. Ірі кәсіпорындар санаулы ғана, барлық субъектінің небәрі 0,2%-ы.

Оның үстіне шағын кәсіпкерлік көбіне сауда, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы саласында болғандықтан мемлекеттік қолдауды алмайды десек те болады. Олай болса мемлекеттік қолдау шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бағытталуы керек. Әр азамат өзі үшін кәсібін ашып жұмыс істейді, бірақ жетістікке жеткенде елімен мақтанатынын ескерген жөн.

- Бұрындары кәсіп бастаған азаматқа кәсібін дамытуда әкімшілік және өзге де кедергілер көп кездесетін, қазіргі ахуал қандай?

- Қолайлы іскерлік климатты құру үшін елде кәсіпкерлік қызметті реттейтін нормативтік құқықтық база жетілдіріліп жатыр. Кәсібін ашу рәсімдері жеңілдеп, қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары жүзеге асыру қолға алынды.

Кеден одағының құрылуы, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі кезеңінде елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру ерекше маңызға ие екені анық. Отандық кәсіпкерлердің бәсе­ке­лестік ортасы күшейіп, отандық кәсіпкерге қойылатын талап жоғарылай бермек, үлкен нарықтан орын алуымыз оларға мол мүмкіндікке жол ашады.

Алайда еліміздің кәсіпкерлік саласы кең қанат жайып дамуы, экономикамыздың негізгі қозғаушы күші болуы керек еді, бірақ олай болмай тұр. Шағын және орта бизнесте белсенді субъектілер үлесі артып жатқаны байқалмайды. Елімізде шағын кәсіпкерлік негізінен сауда саласына, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету секторларына маманданған.

Отандық кәсіпкердің өз өнімін өткізудің сыртқы және ішкі екі бағыты болса, біз үшін сыртқы нарық салыстырмалы түрде шексіз дамуы керек еді. Алайда еліміздің сыртқы нарығы қарқынды қысқарды. Сәйкесінше ішкі нарықта тарылады. Біздегі ШОБ субъектілерінің экспорттағы үлесі 17%, ал ол дамыған елдерден шамамен 3 есе аз.

Дамыған елдермен салыстырғанда дамушы елдерде кәсіпкерлік белсенділік жоғары деңгейді көрсетеді. Себебі дамыған елдерде әлеуметтік жағдай жақсы, жұмысқа орналасу мүмкіндігі болғандықтан, халықтың салыстырмалы түрде аз бөлігі кәсіпкерлікпен айналысуды қалайды. Ал дамушы елде қаражат табу мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, халқының басым бөлігі қосымша табыс көзін іздеп кәсіппен айналысады. Қазақстанда кәсіпкерлік белсенділік – 13,7%, яғни бұл дамыған және дамушы елдер арасындағы көрсеткіш.

Еліміз – аграрлы мемлекет. Қазіргі таңда жер бетіндегі 7 млрд адамның саны артып, 2050 жылға қарай 9 млрд-қа жетеді деп болжанып отыр. Бұл кезде азық-түлікке деген сұраныс екі есе артады. Ауыл шаруашылығы өндірісін көбейту мүмкіндігі өзге елдерде жоқ, бізде бар. Әлемдік экономикадағы үлесіне қарай Қазақстан "әлемдік таза өнім қазынашысы" болып, азық-түлік нарығында әлемдік лидер атануға мүмкіндік бар еді, бірақ даму қарқынды емес.

Қазақстанда ШОБ 2015 жылы жұмыспен қамтылғандардың шамамен 38%-ына жұмыс беріп отырса, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60-80% шамасында.

Мұның бәрі елімізде кәсіпкерліктің дамуы үшін барлық алғышарт бола тұра, баяу дамып келе жатқанын көрсетеді. Жалпы дамыған елдер тәжірибесі көрсеткендей, еліміздің экономикалық дамуын қамтамасыз ету шағын және орта бизнестің жай-күйіне тәуелді. ШОБ-ты дамыту бағытында орасан әлеуеттің бар екендігін және қолайлы іскерлік климатты құру үшін әлі көп жұмыс істеу керектігін көрсетеді.

- Ендеше, елімізде қанша жас кәсіппен айналысады?

- Әрине бұл көрсеткіш үнемі өзгермелі. Шамамен айтар болсақ 29 жасқа дейінгі жастардың жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтіні 114000 шамасында болса, оның ішінде белсенді жұмыс істейтіні – 102000. Заңды тұлға ретінде тіркелгені шамамен – 24300, оның ішінде белсенді жұмыс істейтіні – 19100.

Салаларға бөліп көрсететін болсақ, субъектілердің басым бөлігі ауыл шаруашылығында, сауда саласында және қызмет көрсету салаларында шоғырланған. Себебі бастапқы капиталды көп қажет етпейді.

Шағын және орта бизнестің Қазақстан экономикасына қосқан үлесі айтарлықтай төмен. Қазіргі кезде жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 20% шамасында. Әлемнің дамыған елдерінде ШОК экономикаға елеулі үлес қосады. Данияда – 61%, Германияда – 55%, Италияда – 68%.

Сондықтан жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау керек. Кәсібін ашып жұмыс істеуіне жағдай жасап, осы орынды толтыруымыз қажет.

Ел тұрғындарының жеке табысының және тұтыну қабілетінің артуына, өнімділікті арттыру мен ынталандырудың жаңа жүйесін енгізуге негізгі басымдық жасауымыз қажет. Осылайша қоғамның әрбір мүшесінің әлеуетінің артуы еліміздегі осы бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты болуы тиіс.

- Жастар кәсіпкерлігі қауымдастығы құрылғалы қандай жұмыс атқарды?

- Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы жастар кәсіпкерлігін насихаттап, қолдау және дамыту мақсатында мүдделерін қорғау үшін жұмыс істеп келеді. Жастар арасында кәсіпкерлік қызметті насихаттап, кәсіпкерлік рухты қалыптастыруға, жас кәсіпкерлердің мәртебесін анықтап, өз кәсібін ашуға, жұмысын істеуіне мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралар жиынтығын анықтап көрсету бағытында күш салып келеді.

- Бір сұхбатыңызда заңның осал тұстарын жетілдіру жөнінде айтқан едіңіз. Жас кәсіпкерді қолдау үшін қандай ұсыныстарыңыз бар?

- Жастар – еліміздің болашағы. Ел тұрғындарының 26%-ынан көбі 14 пен 29 жас аралығындағы жас­тар, ол 4,4 млн шамасында. Шағын және орта бизнесті дамытуда мұндай әлеуетті тиімді пайдалану қажет-ақ. Елбасы бір сөзінде "... Еңбек етуші халықтың 60%-ы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізеді..." деген еді. Сондықтан, дамыған елдердегідей шағын және орта бизнесі өркендеген және негізінен жұмыспен қамтамасыз ететін көрсеткішке қол жеткізуіміз қажет.

Барлық салада жас кәсіпкерлер қызметін дамытуға мән беріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың белгілі бір үлесін мақсатты түрде олардың қызметін дамытуға және қолдауға бағыттау қажет. Себебі жастар бизнеспен айналысу кезінде қаржылық, ақпараттық, білім, инфрақұрылым және осы секілді басқа да көптеген проблемаға кезігіп отыр.

Жалпы жастар кәсіпкерлігінің қызметін реттейтін нормативтік құ­қық­тық базаны әлі де жетілдіріп, әкімшілік тосқауылды азайтып, бизнеске салық жүктемесін төмендетіп, қаржылық және қаржылық емес шаралар түрінде бизнесті кешенді қол­дауды жүзеге асыру қажет. Ең басты мәселе – олардың құқықтық мәртебесінің анықталмауы болып отыр. Қолданыстағы заңнамада "жас кәсіпкер" деген ұғым бекітілмеген. Жаңадан іс бастайтын тәжірибесіз жас кәсіпкер қаржылық ғана емес, ең әуелі ақпараттық, кәсіп жүргізу туралы білім, бизнес-жоба жасау, өнімі мен қызметін өткізу және бизнес бастауда басқа да көптеген қиындықтан өзі жол тауып шығуға мәжбүр.

Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың белгілі бір үлесі мақсатты түрде жас кәсіпкердің қызметін дамытуға және қолдауға бағытталса дейміз.

Жас кәсіпкердің қызметін мемлекеттік сатып алу арқылы қолдау. Бұл жерде тапсырыс беруші кез келген кәсіпкерден алуға мүмкіндік беретін, біліктілік талап қойылмайтын және көпшілік назарына ұсынылмайтын, мемлекеттік сатып алудың көлемі белгілі сомадан аспайтын сатып алуды жас кәсіпкерлер арасында жүргізуді ұсынар едім. Егер олардың арасынан табылмаса, көпшілік назарына ұсынып, сатып алса үлкен қолдау болар еді.

Жалпы айтпағым, тәжірибесі жоқ жас кәсіпкерге өзгелермен қатар заңның қатал талабы тең қойылады. Жұмысын енді бастап, тұрақты дамыта алмай жатып қатал талап қоюдан ұтылмасақ, ұтпайтынымыз анық.

Назар аударатын мәселе – өңірлердегі, ауылдық жердегі жастардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру және жас кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау өзекті болып отыр.

Алдағы кезеңде кәсіпкерлік қызметте жұмыс істеушілердің үлес салмағын экономикалық белсенді халықтың 60-70%-ына дейін жеткізу үшін осы салаға жастарды көбірек тартуымыз керек. Жалпы жастар басқаратын компаниялар үлкен тәуекелділікке тап болғанымен, жетістікке жетуге мүмкіндігі мол, елге қызмет ету уақыты көп екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Алдағы уақытта Қазақстанға бизнесті дамытуға қабілетті, білікті жастар көптеп керек болады. Жастардың бизнеске қызығып, кәсібін ашып, жұмысын бастауы үшін бастапқы капиталға қол жеткізуін қамтамасыз ету керек.

Ақпараттық қызмет көрсету, кәсіпкерлік дағдылары мен бизнес жүргізуді оқыту; өңірлік және салалық ерекшелікке қарай басым және перспективалық бағыттарды айқындау; өндірілген тауарлары мен қызметтерін өткізуге ықпал жасау және мүдделерін қорғау бағыттарында қолдау көрсету қажет.

- Біздегі білім беру жүйесінің ықпалы бар ма?

- Өкінішке қарай, қазіргі білім беру жүйесі жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандырмайды, алған білімдері бизнесте көмектеспейді, азаматтың тұлғалық өсуін қамтамасыз етпейді, заманауи талаптарға жауап бермейді. Білім ордасын бітірген жас еңбек нарығында ешкімге керексіз болып, алған мамандығында бір күн жұмыс істемей, қайта мамандану жолын іздеп жатады. Бұл әрине бір адамның шаруасы секілді, бірақ жиынтығында қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Бұған бәріміз жауаптымыз және бейжай қарауға әсте болмайды. Жастардың өмір жолында аяқтан тік тұрып кетуі үшін жан-жақты қолдау көрсетілмесе, ертеңгі күні елімізде күрделі әлеуметтік мәселе туындайтыны анық.

- Яғни оқу бағдарламаларына кәсіпкерлікті енгізу қажет дейсіз ғой...

- Ия, жастардың бизнесті жүргізудің негіздері жөніндегі дағдыларды үйренуі үшін оқу бағдарламаларының қатарына кәсіпкерлік негіздерін оқытуды қосу керек. Сол кезде болашақ маман иесі өз мамандығымен қатар кәсіпкерліктің негізгі қағидаларын игерген болар еді. Бизнеспен айналысуға ниетті жастар мақсатты түрде кәсіпкерлік негіздерін игеріп, одан әрі өз кәсібін ашып жұмыс істегені әлдеқайда тиімді болары анық. Өмірге қадам басқанда, құстың қос қанатындай мамандығы мен кәсіпті бастау қабілеті қатар болады. Осы кезде мемлекет қаражаты тиімді игерілген болар еді.

Жалпы ел экономикасын дамытуда ШОБ маңыздылығын ескеріп, рөлін мойындап, дамуына болашақта жаңа серпін беру және кәсіпкерліктің маңыздылығын насихаттау үшін мемлекеттік деңгейде "Кәсіпкерлер күні" кәсіби мерекесін бекіту қажеттілігі туындап отыр және алдағы жылдардың бірін "кәсіпкерлер жылы" деп жариялауды ұсынар едім.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың барлық қызметінің негізгі қағидалары жас кәсіпкердің қызметін қолдау мен дамытуға бағытталуы тиіс. Қателіктері болса, бірден жазалап, кәсібін тексеріп, жауып, айыппұл салып, бұдан кейін кәсіпкерлікке келмейтіндей етпеуіміз қажет. Керісінше, кешіріммен қарап, қолдап, қателігін түзеуге мүмкіндік беріп, үнемі қызметін жетілдіріп, аяқтан тұрып кетуіне жағдай жасағаннан ұтарымыз әлдеқайда көп болады.

Сондықтан ең бастысы бизнеспен айналысу ережесі қарапайым, оңай әрі түсінікті болуы керек. Бұл жерде айтпағым – мемлекет пен қоғам тарапынан қолдау, дамыту құралдары мен ережесі, бизнеспен айналысып жатқан жастарға қоғамның көзқарасы оң болуы керек.

Адамды еңбекке баулып, табысқа қарай ұмтылысына ынталандырып қолдау қашанда пайдалы. Абай атамыз айтқандай, маңдайымыздан аққан терімізді сатуымыз қажет. Жастарға кәсібінің нағыз маманы болуға және өз бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік пен жағдай жасасақ болғаны. Ал табысты болу жас кәсіпкердің еншісінде...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу