Жасыл технологиялар орталығының тұсауы кесілді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
16716

Қазақстан 2050 жылға қарай "сумен қамту проблемасын біржолата және мәңгілікке шешетін" болды.

Жасыл технологиялар орталығының тұсауы кесілді

Бұл жайында Астана экономикалық форумы аясында өткен "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының" тұсаукесері кезінде мәлім болды. Бұл мақсатқа ел үкіметі кезең-кезеңмен жетпек. Атап айтқанда, 2020 жылға дейін халық толығымен ауыз сумен қамтамасыз етілуге тиіс. Ал 2040 жылға қарай ауыл шаруашылығын суға қатысты барлық түйткілді мәселелерден арылту жоспарлануда. Бұл ретте 2030 жылға қарай әрбір бассейн, яғни елімізді кәусармен жабдықтаушы негізгі өзендердің барлығының су ресурстары бойынша тапшылығы түбегейлі жойылатын көрінеді.

Әрине, мұның бәрі әзірше жоспардан гөрі ниетке көбірек ұқсайды. Себебі, оған қол жеткізудің тетіктері мен жолдары түзілу үстінде. Және бұл іске елордада, "ЭКСПО-2017" көрме кешені орнында құрылған жасыл технологиялар және инвестжобалар орталығы сүбелі үлесін қосуы қажет.    

Тұсаукесерде сөз сөйлеген үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл орталықтың Қазақстанда "жасыл" технологияларды енгізудің драйверіне айналатынын айтты. Бұл орталық Орталық Азияның климаттық жағдайларына сәйкес келетін жасыл технологияларды жерсіндіру үшін инвестицияларды тартуды және институционалдық базаны дамытуды қамтамасыз етуге тиіс.

Өз сөзінде премьер Қазақстан алдында тұрған және ұзақ перспективаға созылатын үш күрделі сын-тегеурін ретінде "озық экономикалық дамуды қамтамасыз етуді, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауды және экологиялық тепе-теңдікті ұстап тұруды" атады.

"Орасан зор табиғи ресурстарға ие мемлекет болып табылатын Қазақстан әлемнің орнықты өркендеуі және жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өзінің жауапкершілігін жақсы түсінеді. Сондықтан да еліміз елбасының бастамасы бойынша жасыл технологиялар орталығын құрып отыр. Біз бұл тұңғыш технологиялық орталық Қазақстанда, кейін Орталық Азия өңірі елдерінде жасыл технологияларды дамыту жолымен экологиялық проблемаларды шешуге және "жасыл" мәдениетті қалыптастыруға, осы салаға дамыған елдерден инвестиция тартуға ықпал етеді деген сенімдеміз", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Ол Қазақстан үкіметі жаңғыратын қуат көздерін дамыту стратегиясынан бұлтартпайтынын, өңірдегі қуат өндіруден экологияға түсетін жүктемені азайтуға үлес қосатынын нықтады.

Ал энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың дерегінше, алдағы аптада, 2018 жылғы 23 мамырда жаңғыратын энергия көздерін (ЖЭК) салу бойынша жобаларды іріктеудің бірінші аукциондық саудасы өтетіні хабарланды. Көктемде және күзде өтетін аукциондардың екі сесиясы кезінде ЖЭК-тердің 1 ГВт қуаттылығы саудаға шығарылады. Аукциондар жеңімпаздарымен қалпына келетін қуат көздерінен өндірілген электрді сатып алу жөнінде 15 жылдық кепілді офф-тейк контракті бекітіледі. Олар үшін осынша қуатты ЖЭК-терден бірыңғай сатып алушы болып табылатын "Қаржылық-есептік орталық" жинайтын болады. 

Таныстырылым барысында орталықтың жасыл технологияларды дамыту саласындағы басқа да негізгі мақсаттары мен басты жобалары аталды. Мәселен, жасыл жобалар көмегімен Қазақстанның ЖІӨ-сінің қуат шығындау көлемін 2020 жылға қарай 25%-ға, 2030 жылы 30%-ға, 2050 жылға қарай тағы 50%-ға азайту көзделуде. Күн, жел және басқа да баламалы қуат көздерінен алынатын электр энергиясының үлесі қазіргі 1 пайыздан 2020 жылға қарай 3 пайызға, ал 2030 жылы 30 пайызға дейін жеткізу көзделуде. Ғасыр ортасында еліміз тұтынатын қуаттың тең жартысы жаңғыратын энергия көздерінен өндірілуі керек. Яғни, мемлекет көмір, мазут, газ және басқа да қалпына келмейтін қуат көздерінен де бас тартпайтын түрі бар.

Сарапшылардың түсіндіруінше, себебі, мемлекет басқаруға келмейтін күн жарығы, жел арыны секілді стихиялы күштерге тәуелді болып қалғысы келмейді. Ал елді электрмен және жылумен тұрақты түрде жабдықтауды тек қалағанша өндіруге келетін пайдалы қазбалар қамтамасыз ете алады.    

Ал шикізатты жағудан экологияға түсетін жүктемені азайту, шығарындылар кесірінен табиғаттың ластануын болдырмау үшін еліміз "көгілдір отынға" салмақ салады. Қазақстанда өндірілетін электр қуатының жалпы көлеміндегі газ стансаларының үлесі 2030 жылға қарай 30%-ға дейін жеткізіледі.

Бұл ретте 2020 жылға дейін Ақмола және Қарағанды облыстары, ал 2030 жылға қарай еліміздің барлық солтүстік және шығыс өңірлері газдандырылып болуы керек.

Тағы бір жаңалық сол, қоршаған ортаға бөлінетін күкірт қышқылы мен азоттың деңгейі бойынша Қазақстан еуропалық деңгейге 2030 жылы қол жеткізетіні мәлімделді.

Бұдан өзге қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметімен ел халқы 2030 жылы 100% қамтылатыны мәлім болды. Ал қайта өңдеуден өтетін қоқыстардың үлесі 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жеткізілмек.

Осы мақсатта АЭФ аясында Еуропа қайта құру және даму банкі мен "Байқоңыр Солар" компаниясы арасында Қызылорда облысында қуаты 50 МВт болатын "Байқоңыр күн электр стансасын салу жобасын қолдау және ынтымақтастық туралы келісімге" қол қойылды. Оның аясында жобаға еуропалық қаржылық ұйым теңгемен 30 миллион доллар көлемінде кредит бөледі. Бұған қоса, Таза технологиялар қоры да жобаны 10,4 миллион долларға несиелендіреді. Бұл қаржыға космодром орналасқан өңірде 50 мегаваттық стационарлы күн электр стансасы мен жаңа подстанса тұрғызылады. Жоба өңірдегі көмірқышқыл газының жыл сайынғы ауаға шығарындыларын 75 мың тоннаға кемітпек.     

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу