Жат ағымда жүргендердің бірыңғай базасы жасақталды

6588

Ақтөбеде 716 экстремистік материалға шектеу қойылып, салафизмді насихаттаған 64 адам ұсталған.

Жат ағымда жүргендердің бірыңғай базасы жасақталды

Ақтөбеде теолог мамандар тапшы. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысында айтты.  

"Салафизмге заңды түрде тыйым салыну керек. Сонымен қатар діни әдебиеттер тізімін қайта қарап, оларды жою жұмыстарын жандандыру қажет. Бізге әйел теологтар керек. Себебі жат ағымның жетегінде жүргендердің 30% әйелдер. Діни көзқарас бойынша балаларды ектіруден бас тартатындар бар. Қазір өңірде 2500-ден аса бала екпе алмаған. Діни білімді шет елде емес, өзіміздің елде алған дұрыс. Бұл ретте жергілікті жердегі оқу орындары теолог дайындауы керек. Себебі қазір теологтар тапшы", – деді облыс әкімі.

Басқосу барысында терроризм мен діни экстримизмнің алдын алу және ескертуді күшейту мәселелері сондай-ақ осы саладағы заңнамаларды жетілдіру  шаралары талқыланды.

"Діни экстремизм мен терроризм Қазақстанға ғана емес, күллі әлемге қауіп төндіріп тұр. Ол шекара таңдамайды, бай мен кедей деп бөлмейді. Сондықтан бұл бағытта бәріміз бірігіп күресуіміз маңызды. Алдымызда "ЭКСПО-17" халықаралық көрмесі өтетін күндер келе жатыр. Нақ осы тұста біз көтеріп отырған мәселе ерекше маңызға ие болады. Себебі біз аталған шараны мазмұнды ұйымдастырумен бірге қауіпсіздікті де жоғары деңгейде қамтамасыз етуіміз керек", – деді Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сөз арасында ол мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәселекелестікке қабілеттілік" атты биылғы жолдауындағы негізгі тапсырманың бірі – діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес екенін атап өтті.  

Көшпелі отырыста облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі қоғамдық-саяси және діни ахуалдың  тұрақты екенін тілге тиек етіп, экстремизм мен терроризмге қарсы кешенді жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, былтыр қазан айында  елбасының тапсырмасымен облыста "Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету" жобасы аясында республикалық десант жұмыс істеді. Іс барысында 145 мыңнан астам адамды қамтыған 2500 іс-шара өтіп, 6600 ақтөбелік нақты көмек алған. Бұған қоса әлеуметтік желідегі 716 экстремистік материалға шектеу қойылған.

"Атқарылған жұмыстың нәтижесінде қылмыс көрсеткіші 35,5%-ға қысқарды.  Құқық қорғау органдары бір жылдың ішінде  салафизм бағытын насихаттаған 64 адамды ұсталды. Олардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жат діни ағымда жүргендердің бірыңғай базасын құрдық. Әрбір салафит қазір арнайы есепте тұр. Олардың әлеуметтік төлқұжаты жасалған. Бізге олардың қайда жұмыс істейтіні, немен шұғылданатыны, табатын табысы, араласатын ортасы сияқты деректердің барлығы мәлім. Олардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жүргізіледі", – деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі діни кадр мәселесін "Нұр-Мүбәрәк" және ресейлік ислам институтында білім алып жатқан ақтөбелік жастармен шешуді ұсынды. 

Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ақтөбенің тәжірибесін  Қазақстанның өзге аймақтарына енгізу қажет екенін айтты.

"Еліміздің бас прокуроры басшылық еткен ведомствоаралық топтың құрамында 230 маман бар. Олар тұрғындар арасында  профилактикалық жұмыс жүргізді. Бұл тәжірибе еліміздің өзге өңірлерінде де қолданылуы керек", – деді Нұрлан Нығматулин.

Әлия Рүстем  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу