Жеке сот орындаушыларының тәртібі түзеліп келеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3398

Қазақстанда бертінде ғана пайда болған жаңа бизнес қазір қарқынды дамуда.

Жеке сот орындаушыларының тәртібі түзеліп келеді Фото: tengrinews.kz

Кеңес кезінен бері сот шығарған үкімді орындаушылар – тек мемлекеттік қызметші болды. Кейін тәуелсіз Қазақстан осы жүйені өзгеріссіз мұраға алып қалды. Бірақ мұндай мұрамен дамыған елден қатарына кіру мүмкін емес еді. Сондықтан ел басшылығы жеке сот орындаушылары институтын құруға ықпал ету туралы шешім қабылдап, саяси ерік-жігер танытты. Бүгінде әлемдегі озық елдердегідей, Қазақстанда да кез келген азамат белгілі бір талаптарға сай келсе, сот шығарған үкімдерді орындауға үлес қосып, содан кіріс таба алады. Бұл елбасы жариялаған ұлт жоспарының 27-ші қадамы ретінде бекітілген.

Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетовтың айтуынша, бұл ведомство жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту және мемлекеттік сот орындаушыларын біртіндеп қысқарту бағытында жұмыс жүргізуде екен.

"Сот актілерін орындау сот төрелігін іске асырудың соңғы нәтижесі және азаматтардың құқықтарын қорғауда конституциялық кепілдіктерін қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады. Бұдан 6-7 жыл бұрын мемлекеттік орындаудың сапасына және тиімділігіне нормативтік базаның жетілдірілмеуі, жүктеменің көп болуы, жалақының аздығы, материалдық-техникалық қамтамасыз етілмеуі, кадрдлардың тұрақтамауы, сыбайлас жемқорлық теріс ықпалын тигізді. Аталған проблемалар салдарынан елімізде сот актілерінің 30 пайызға жуығы не мүлдем орындалмаған, не толықтай орындалмай қалған", – дейді Жанат Ешмағамбетов.

Бұл қоғам мен азаматтардың тарапынан наразылық тудырды. Жағдайды өзгерту үшін түбегейлі реформалар қажет болды.

Мемлекет басшысының бастамасымен және озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, 2010 жылдан бастап Қазақстанда жеке орындау институты құрылды және ол қазір қалыптасу жолында.

2015 жылы атқарушылық іс жүргізу туралы заңға іс жүзінде толық көлемде жеке орындау жүйесіне көшуге мүмкіндік беретін бірқатар тұжырымдамалық өзгерістер енгізілді.

Бір ғажабы сол, жаңа бизнес түрінің өркендеуіне жол ашу үшін мемлекет өз қызметін қатты шектейтін болады. Атап айтқанда, 2016 жылдан бастап мемлекеттік сот орындаушыларында тек мемлекеттің мүддесін қорғайтын құжаттар ғана қалды. Соттың басқа үкімдерін орындау жеке сот орындаушыларының (ЖСО) еншісіне берілді. Бұл олардың құқықтары мен міндеттерін айтарлықтай кеңейтті.

Мысалы, оларға жеке тұлғалардың банктердегі шоттары туралы ақпаратты сұрату туралы өкілеттілік те берілді. Көмекшілерге процессуалды іс-әрекеттер шығарумен байланысты емес функциялар бөлігі берілді. 

Сондай-ақ, республикалық жеке сот орындаушылары палатасының негізінде біліктілігін мерзімді түрде арттыру талабы бекітілді.

Палатаға облыстардағы жеке сот орындаушыларының санын анықтау құқығы және тәртіптік теріс әрекеттерді қарау, атқарушы құжаттарды бөлу өкілеттіліктері берілді.

Жеке сот орындаушылыққа өтуге байланысты (90% ЖСО) республиканың барлық аумақтарын, аудандық деңгейге дейін олардың қызметімен қамту жұмысы ұйымдастырылды.

"Егер 2015 жылдың соңында елімізде шамамен 1 000 ЖСО жұмыс істесе, қазір олардың жалпы саны 1 498-ді құрайды. Осы саладағы көмекшілер мен іс жүргізушілерді қоса есептегенде, шамамен 4 000 жұмыс орны ашылды. Институт енгізілгеннен кейін, жалпы 4 784 лицензия берілді", – деді әділет вице-министрі.

2016 жылы мемлекеттік сот орындаушылары (МСО) 30%-ға немесе 374 бірлікке қысқартылды. Ағымдағы жылы да дәл сонша мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту көзделген. 2018 жылы – 15%-ға қысқарады. Нәтижесінде барлығы 303 мемлекеттік сот орындаушысы қалады. Сол себепті жыл сайын бюджеттік қаражатты үнемдеу шамамен 1,8 миллиард теңгені құрайды.

Көрсетілген шараларды қабылдау ЖСО өндірісіндегі құжаттардың санын екі есе көбеюге әкелді. 2015 жылы жеке сот орындаушылары 936 мың іспен айналысса, бұл көрсеткіш 2016 жылы – 2 млн-нан асқан.

Жеке сектор бұл салаға тиімділік те әкеліпті. Орындалған құжаттардың саны ғана емес, сомасы да артты. 2015 жылы 249 мың құжат орындалса, былтыр ол 588 мың болған, ал олар бойынша өндірілген қаржы 58 миллиард теңгеден 96 миллиард теңгеге дейін артты.

"Түскен өтініштердің жартысын құрайтын, азаматтар тарапынан үнемі шағым тудыратын өндірістің әлеуметтік маңызды санаттарының бірі – алиментті өндіруге аса көңіл бөлінеді. Министрлік республикалық ЖСО палатасымен бірлесе алимент төлемеушілерге өндіріп алудың барынша кешенді мәжбүрлі шараларын қабылдау жұмысын ұйымдастырды, сондай-ақ жұмысты оңтайландыру мақсатында бірқатар шаралар қолданылып, арнайы кеңселер құрылды. Жалпы бұл проблемалық алименттердің 10%-ға төмендеуіне оң әсерін тигізді. Нәтижесінде, жарты жылдың қорытындысы бойынша 3 800 проблемалық істен 1 миллиардтан асатын алименті өндірілген", – деді Жанат Ешмағамбетов.

Сот орындаушыларға қатысты әділет министрлігіне келіп түсетін шағымдардың саны азайыпты. Мысалы, 2016 жылдың 6 айы ішінде 805 негізді арыз келіп түссе, ағымдағы жылдың дәл осы кезең қорытындылары бойынша негізді арыздар саны 3 есеге дерлік азайды: 337-ні құрады.

Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің тәжірибесі көрсеткендей, тиімділік деңгейі мәжбүрлеп орындау үрдістерінің ақпараттық және цифрлық технологиялармен қамтамасыз етілуіне тәуелді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде бүгінгі күні сот орындаушылары 26 мемлекеттік органдардың 52 деректер базасынан жедел және тиімді түрде ақпарат алуда. Бұл түрлі қағаз толтырулар мен ақпарат күту уақытын елеулі түрде қысқартады.

Сондай-ақ, жұмыс істейтін ақпараттық жүйе мүлік, мәмілелер, құқықбұзушылықтар, соттылық, көлік жүргізу куәлігін алу, нотариаттық әрекеттер туралы және өзге де мәліметтер береді.

Атқару құжаттарын электрондық форматта алу және соттың қаулыларын электронды түрде санкциялау бөлігінде Жоғарғы сот және Ішкі істер министрлігі ақпараттық жүйелерімен бірігу жүзеге асырылған.

Атқарушылық іс жүргізулер бойынша қарыз сомасын бес халықаралық әуежайларда (Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтау) орналасқан терминалдар және Қазпоштаның барлық кассалық бөлімшелері арқылы төлеу мүмкіндігі іске асырылған.

"Аталған функционал борышкерлерге сот орындаушысымен байланысқа шықпай қарыз сомасын төлеуге мүмкіндік берді. Жүйе өндірісті автоматты түрде тоқтатады және шығуға қойылған шектеуді 30-40 минут ішінде шешеді. Атқарушылық іс жүргізу тараптары үшін ақпараттық жүйеде атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті іске асырылған. Интернет қоры және электронды-цифрлық қолы арқылы тараптар сот орындаушысына жүгінбей-ақ, құжаттардың орындалу барысымен таныса алады. Тыйым салынған мүлікті өткізу үшін жүйе бірыңғай электрондық сауда алаңымен біріктірілген. Есеп шоттар туралы мәлімет алу, электрондық түрде тыйым салу және ақшаны шұғыл түрде есептен шығару үшін банктердің ақпараттық жүйелерімен бірігу жұмыстары жүргізілуде", – деді әділет вице-министрі.

Халықаралық ынтымақтастық аясында Республикалық палата сот орындаушыларының халықаралық одағының толық құқықты мүшесі болды. Одаққа кіру мемлекетіміздің инвестициялық тартымдылығына және халықаралық мәртебесіне жағымды әсерін тигізеді. Алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені алып, пайдалануға мүмкіндік береді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу