Желтоқсанда жастарды алаңға бастаған ару

7158

1986 жылы қазақ қыздары ел еркіндігі жолында ерге бергісіз батылдық танытты. 

Желтоқсанда жастарды алаңға бастаған ару

Желтоқсан оқиғасында жастарды алаңға бастап шыққан қаршадай батыл қыз, топ старостасы, соңынан қудалауға түскен  жандардың бірі – Астана қаласындағы №77 мектеп-лицейінің директоры Гүлжамал Пердебайқызы Байменова.

Кезінде оның астанаға қоныс аударуы да тегін емес. Бірде түсіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еніп, Астана қаласын таныстырыпты. Олар қаланың үстінен қарап, Елбасы мұндағы әсем ғимараттарды, Есіл өзенін, Айнакөлді көрсеткен екен. Гүлжамал Пердебайқызы бұл түсіне таңданған да қойған. Алайда көп ұзамай оның жұбайының қызметі Алматыдан Астанаға ауысқасын өзі де бірге келеді. "Сонда Елбасының түсіме енгені менің Астанаға келуім жайлы аян берілгені болар" деп ойлайды Гүлжамал Пердебайқызы. 

Бүкіл Алматының дүкендерінен скоросшиватель табылмады

Гүлжамал Пердебайқызы Оңтүстік Қазақстан облысында көпбалалы, қарапайым отбасында өсті. 16 жасында мектепті бітірген кезінде үйде үш студент болған еді. Сондықтан ата-анасы бір жыл күте тұруын, төртінші студентті оқытуға отбасының қаражат жағдайы көтермейтінін айтады. Бірақ мектептің қоғамдық жұмысына белсене араласып, сабақты жақсы оқыған қыз оқуға түспей қалуды көз алдына елестете алмайды. Қалай түспейді, құрбылары оқуға аттанып жатыр. Содан Гүлжамал қапаланып жатып қалған екен. Оған әкесінің жаны ашып, мал сатып, әйтеуір, Алматыға аттандырыпты.

Тап сол кезде сеніп келген шет тілдері институтындағы Катя әпкесі мұның келетінінен бейхабар болып ауылға кетіп қалған еді. Содан Гүлжамал үлкен қалада жалғыз қалады, қолында құжаттары. Оқудан құлап, ауылға жиналған бір қыз кезігіп, соның жалдаған пәтеріне орналасқан. Мұндағы төрт кереует түгел бос болмай, алғашында еденге көрпеше төсеп жатып жүреді. Жанындағы абитурент қыздардың бірі ата-анасымен жатады, бірі екі-үш жылдан бері тапсырып қалаға үйренген. Ал Гүлжамал жалғыз, қаланы білмейді. Кейін екі кереует босап қалды, себебі оның иелері оқудан сүрініп, ауылдарына кеткен.

"Жалдаған үйіміздің иесі орыс апай еді" деп еске алады Гүлжамал Пердебайқызы.

"Бір жақсы жан екен, менің қиналғанымды көріп, қаланың жолдарын қағазға сызып, адасқан жағдайға деп үйінің телефон нөмірін жазып, телефон аппаратына салатын екі тиындықтарды беріп қамқор болатын. "Танымайтын, бөтен адамдармен сөйлеспе" деп қадағалап отырушы еді деп еске алды Гүлжамал апай.

"Суретші болуды армандап келгенмін. Көркемсурет училищесіне барсам, ондағылар қабылдауды мамыр айында аяқтап, тарап кеткен екен. Содан кейін Абай атындағы педагогикалық институттың көркемсурет-графика факультетіне тапсыратын болдым. Бір қиын болғаны, қабылдау комиссиясынан да, қаладан да құжаттарымды тігіп өткізетін скоросшиватель таппай көп әуреге түстім. Қаланы троллейбуспен де, жаяу да аралап таппадым. Ал онсыз құжатты қабылдамайды. Сөйтіп шыркөбелек айналып жүргенімде бір скоросшиватель ұстаған әйел көзіме түсті. Ол троллейбустың ішінде еді, ығы-жығы адамдардың арасымен сығылысып жүріп соған жеттім. "Апай, қолыңыздағы скоросшивательді қайдан алғаныңызды айтыңызшы, мен қаладан іздеп таппай қойдым. Маған өте қажет" деп жағдайымды түсіндірдім.  Ол қалада қазір жоқ екенін айтып. Ертең таңертең осы жерге келсе, үйдегісін әкеліп беретінін айтты.

Ертеңіне келісілген уақыттан бір сағат бұрын барып күттім. Апай скоросшивательді алып келді. Қуанғанымды көрсеңіз! Рақметімді жаудырып, ақша берсем алмайды. Сол күні құжат қабылдаудың соңғы күні еді, тапсырып үлгердім, әйтеуір. Пәндік емтихандар бар, шығармашылық емтихандар бар, бас-аяғы сегіз сыннан аман-есен өттім. Оқуға қабылданғандардың аты-жөнін жариялайтын күні жиналдық. Жалғызбын, өзгелер ата-аналарымен, туыстарымен жүр. Қауышып, құттықтап мәре-сәре. Жариялап жатыр, мені атайтын емес. Амал жоқ, енді ауылға кетейін, келесі жылы келіп тапсырамын деген ойда тұрдым. Дүкеннен бір ақ көйлек көргенмін, соны барып алғым келді. Сөйтіп ойым әрі-сәрі болып тұрғанымда менің атымды атады.

Қуанышымда шек жоқ. Әлгі көйлекті және оған қоса қызыл туфлиді сатып алып, ауылға киіп келдім. Анамды алыстан көріп, қол бұлғағанымда оған "Құдай біледі мына қыз оқуға түскен. Әзірге түспей-ақ тұра тұрғанында  болар еді" деген ой келіпті. Сол кездегі тұрмыстың қиындығы ғой, енді бір үйден төрт студент болдық. 

Желтоқсан оқиғасы жүрегімдегі жара күйінде тұр

Бүкіл болмысымен және жүрек жалынымен елін сүйген жандар ғана өз міндетін мінсіз атқара алатын болса керек. Себебі оларды патриоттық күш-жігер алға сүйрейді, тек қана жақсы істерге жетелейді. Гүлжамал Пердебайқызының бойындағы патриоттық рух оның жас кезінде үлкен көрініс берген еді. Ол – Желтоқсан оқиғасының қатысушысы, көп қуғын-сүргін көрсе де, сағы сынбаған қазақ қызы.

Сол бір өрімдей жас студент, топ старостасы 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында мұздай қаруланған жендеттерден қаймықпай студенттерді алаңға бастап барады. Ондағы ұрандатқан жастар толқулары мен қақтығыстардың ортасында болып, бәрін өз көзімен көреді. Соңынан студент Гүлжамал тергеуге алынып, түрмеге қамалады.

Азаттық жолында топпен бірге атойлап шыққан қазақ қызының бастан кешкендерін өз сөзінен тыңдасақ:

"Егер өмірім қайталанып жатса, мен қайтадан Желтоқсан оқиғасында алаңға шығар едім. Біз Қонаевты орнынан неге алып тастағанын білу үшін ғана алаңға жиналдық. Бірақ ол жердегі ахуалдан біздің мемлекет емес екенімізді, қазақ ұлтының ешкімге керек еместігін, бізді кез-келген уақытта жаншып тастайтын басқа мемлекет тұрғанын түсіндік. Өз басым сонда біздің біреуге тәуелді, біреудің қол астында екенімізді түсіндім. Ол жерде қаншама қыздарымызды ұрып-соғып, көліктің үстіне лақтырып жатты. Қашып құтылып, жатақханаға келдік. Бірінші күнгі оқиғаларды көрген біздер келесі күні одан бетер ашындық. Қашып кетіп, туыстарының үйінде тығылып жатқан студенттер де болды. Бірақ мен староста ретінде жастарға: "Түнде шығамыз. Алаң бос қалмауы керек" – деп таңғы үштен бастап жинадым. Көрші жатақханадағы құрбым арқылы оларды да тұрғызып, бәрін соңымнан ертіп шықтым. Көп болып шықтық, қыздар да көп. Қалың киініп алғанбыз. Өзім бастап, "Тобымызды ажыратпай, қол ұстасып жүріңдер! Бір адам ажыраса таппай қаламыз! Қолдарыңдағы таяқтарыңды тастамаңдар! Егер пышақтарың болса, милиция келгенде қардың астына тығыңдар!" деп айқайлап келемін. Төртте алаңға жетіп, ондағы үлкен топқа қосылдық. Бірақ көбіміз бір-бірімізден ажырап қалдық. Таң атты. Қақтығыстар болып, жастарды қуған кезде жан-жаққа бытырап, әйтеуір, қалтарыстармен қашып жатақханаға жеттік.

Ертеңіне мені тергеушілер іздеп келгенде жатақханадағы студенттер жасырын түрде қашырып жібермек болды. Бірақ жатақханамызды қоршауға алған екен, олай ету мүмкін болмады. Ұсталып, киініп те үлгере алмай, жай бөлме тәпішкесімен кете бардым. Қолымды бұрап, басымды бұрап, алып кетті. Тергеуге алып, үгіт-насихат жүргізді деген айып тақты. Сөйтіп қамап тастады. Күнде тергейді. Су, тамақ ішпейміз, 28 қыз бірге тергелдік. Соның төртеуін қауіпті қылмыскер деп бөлек камераға алып кетті. Кейін естігенімдей, Алматыда осындай болды дегенді естігенде анам: "Ойбай, мен білетін Гүлжамал болса, онда ол түрменің төрінде отыр" деп ағамды жіберген. Бірақ ағам Алматыға қарай кіре алмай, талай күн сыртта қалыпты.

Мен түрмеден қашып шықтым, бірақ соңыма ізшіл иттермен түсіп, қайта ұстап алды. Көп күн түрмеде ұсталдық. Бір күні түн ішінде үш рет тергеуге алып барды. Сонда Райымбек Оржанов деген тергеуші азамат басын қатерге тіге отырып, маған қай есіктен шығып, қалай қарай кететінімді түсіндіріп, әдейі қашырып жіберді. Сонда ол жатақханаға жетіп алуымды да ойлап, қалтасынан бес сом берді. Нағыз азамат екен, араға көп жыл салып, онымен жолықтым.

Таңғы төрт, тәпішкемнің асты мұз, көше толы жасақ. Олар басқа ұлт өкілдері, қолдарында сапер. Мен соңғы күндердегі моральдық-психологиялық соққылардың әсерінен қаланың қай жағында не барын да танымайтын халде болдым. Көшеде жай көлік жоқ, коменданттық сағат қой. Жасырынып жүріп бір көшеге шықтым. Алыстан келе жатқан бір көлікті көріп, соның тура алдынан жүгіріп шығып тоқтаттым. Орыс азаматы екен, соған бес сомды беріп, жатақханама жеткізіңіз деп өтіндім. Ол әкеліп тастады. Бірақ жатақханаға жаңадан темір есік орнатып тастапты. Айналада ары-бері жасақ өтіп жүр. Егер есікті қақсам, ұстап әкететіні анық. Ағаштарды паналап жүріп, жатақхананың астыңдағы жертөлеге сырттан түсетін қуысқа кірдім. Сол жерден конвойларды аңдимын. Таң атқанша күтейін десем тоңып барамын, аяғымда тәпішке. Конвойлардың көзін ала бере әлгі қуыстан шығып, терезелерге қар лақтырамын. Сонда бір қыздар менің келгенімді байқап, дәлізге шыққан екен, артынша бүкіл жатақхананың терезелерінің шамдары бірінен соң бірі жана бастады. Студенттер шығып, ішке кіргізіп алды.

Бөлмеме кірген бойда ұйықтап кеткен екенмін, оянсам, аяқ жағымда бір кісі кешірім сұрап жылап отыр. Сөйтсем, біз алаңға шығатын күні кезекшілік еткен белсенді, менің тергелуіме себепкер болған институт қызметкері екен. Оны студенттер қинап, қылқындырыпты. Кешіргенде де, кешірмегенде де не істеймін оған? 

Оқудан шығармады. Комсомол жұмысындағы белсенділігім бар, оқуымды жалғастырдым. Бірақ тыныштық жоқ еді. Қайта қамалып, қайта тергеліп шығу жағдайы өте жиі болды. Ақыры 27 жыл дегенде барып сотта ақталып шықтым. Баяғы Райымбек Оржанов қатыса алмады, бірақ түсінік қағаздарының бәрін түгелдеп сотқа өткізген еді. Ал тергелуіме себепкер болған кезекші адамға телефон соққанымда, тосылып қалып, фамилиямды еш ұмытпағанын айтты. Ол сотта болып, өз түсініктерін берді, кешірім сұрады. Жүзін төмен салып, жігері жаншылып, меселі түсіп шыққанын көріп оны аяп кеттім. Ол маған күнәсінен арылған адамдай көрінді.

Жастайынан тәуелсіздіктің, ұлт бақыты мен мұратының, халықтың бас еркіндігінің бағасын біліп өскен Гүлжамал Пердебайқызы зор құрметке лайық жан. Оның ұстаздық қызметі мен өмірлік тәжірибесі Желтоқсаннан жол тартқан, өрімдей жастардың қаны мен көз жасынан бастау алған бостандық қағидасымен астасып жатыр. 

Серік Алдан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу