Жеңілдетілген несиенің шарапатын шаруалар да көруі керек

Қажет Андас Қажет Андас
4182

Ауылдағы шаруалар мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінетін жеңілдетілген несиеден бейхабар.

Жеңілдетілген несиенің шарапатын шаруалар да көруі керек Фото: UTMagazine.ru

Жетісулық кәсіпкерлер арасында 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа Тұжырымдамасы қызу талқыланып жатыр. Оны қолдап отырғандар да, қарсы пікір білдіргендер де жетерлік. Себебі, жобаның жүзеге асырылуы ауыл шаруашылығы саласының даму болашағымен тікелей байланысты. Жаңа тұжырымдамада көрсетілген бағыттар жүзеге асса аграрлық саланы қаржы алаңына айналдыруға мүмкіндік ашылады.

Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеуді жетілдіруге жағдай туып, 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдері 2015 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге, ауыл шаруашалығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау шарасын 670 мыңға дейін ұлғаяды. Сондықтан, маңызды іске "Атамекен" палатасы да өз ұсынысы мен ескертпесін енгізіп отыр. Ал көп санды адамдар бұл бағдарламаның шапағаты ауылдағы ағайынға жетпей, әлдекімдердің уысына түсіп кетеді деп есептейді.

Зерделеп көргенімізде, жаңа тұжырымдама жүзеге асса, Алматы облысының кәсіпкерлеріне мол мүмкіндік бар екен. Өйткені, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы биылдан бастап пилоттық жоба ретінде жүргізілетін "Бизнес аймақтар" атты шағын несиелеу бағдарламасын іске қосты. Оған "ALMEX" инвестициялық қоры арқылы "Атамекен" КҰП 300 млн теңге бөлді.

Айта кетерлгі, несие "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" арқылы берілді. Себебі, әр деңгейдегі кәсіпкерлер палатасы коммерциялық ұйым емес. Сондықтан, жобаны ашық, әрі әділ жүргізу мақсатында кәсіпкерлерден несие комитеті құрылды. Олар барлық өтінішті қарап, несие беру немесе бермеу туралы шешім қабылдап отырды.

Биыл бағдарлама аясында 87 кәсіпкер несие алса, оның ішінде берілген несиенің 58-і қызылша, 3-еуі пияз, 8-і арпа, 7-еуі ірі қара малын өсіруге, 2-еуі жылыжай салуға, сүт бағытына және техника сатып алуға екіден, бал шаруашылығы, сәндік-қолданбалы өнер, "Алакөл" көліндегі демалыс аймағын кеңейтуге, сұлулық салонын ашуға, көкөністерді сақтау қоймасын салуға несие бөлінген.

Несие 6,7 пайыз жеңілдікпен берілгендіктен, ауылдағы ағайынның қалтасына жүк салмайды. Оның үстіне кепілге жер учаскесі, тұрғын үй, саман үй, яғни, бұған дейін екінші деңгейлі банктер қабылдамаған мүліктер қарастырылды. Расында нарықта мұндай шарттар мүлде жоқ. Есесіне, бұл жеңілдік осыған дейін төмен пайызды несиеге қолы жетпей келген ауылдағы кәсіпкер азаматтарға зор қолдау болды.

Керісінше, егінмен тұрмысының есебін түгендеп, өрістегі малмен тірлігін өрістетіп отырған ауылдағы шаруалар шағын несие алу арқылы шаруасын ұлғайтудың жолын түсінбей, жақсылықтан шет қалып жатады. Тіпті, ауылдағы ағайынның дені мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл бизнесін шағын қаржыландырудағы негізгі оператор – ҚазАгро холдингі құрамындағы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының тиімділігін толық білмейді. Білмегендіктен, пайдалану мүмкіндігінен қағылып отыр.

Басқасын айтпағанның өзінде, қордың Алматы филиалының несие қоржынында 8 119,1 млн теңге қаржы бар. Оның жартысы "Жұмыспен қамту – 2020" жол картасына тиесілі. Қазірдің өзінде облыстағы белсенді қарыз алушылардың саны 3 500 адамнан асқан. Десек те, бұл 2 млн тұрғыны бар іргелі облыс үшін тым аз. Қаржының негізгі үлесі сүт қабылдау бекеттері мен отбасылық мал бордақылау алаңдарына жұмсалыпты. Филиал арқылы бүгінде 706 отбасылық мал бордақылау алаңы қаржыландырылған. Биыл 150 отбасылық мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарланып отыр. "Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы" бойынша бөлінген 3,333 млрд теңгенің 11 айда 1 001 несие алушыға 3,132 млрд теңгесі беріліпті. Бірақ, оған кімдердің қолы жеткені туралы қолымызда нақты ақпарат жоқ.

Келесі жылдан бастап бұл қор сүт қабылдау бекеттері жүйесі мен отбасылық сүт фермаларын құру мен жеміс-көкөніс шаруашылықтары бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарды молынан қаржыландырмақшы. Ауылдағы ағайынға түсінікті болуы үшін сол бағдарламалардың Алматы облысы бойынша жағдайын қысқаша айта кеткенді жөн көрдік.

Айталық, мал мен құсты бордақылауға арналған "Береке" бағдарламасына 3-6 млн теңге, сыйақы үстемесі 6%, несиелеу мерзімі 3 не 4 жыл, негізгі борыш пен сыйақы үстемесін өтеу бойынша жеңілдетілген мерзім 6 айға дейін. Сүт қабылдау бекеттерін құру мен дамытуға арналған "Бірлік" бағдарламасының қарыз сомасы 4-7 млн теңге, сыйақы үстемесі 6%, несиелеу мерзімі 4, 5 жыл, жеңілдетілген мерзім 1 жылға дейін. Ет, сүт, жеміс-көкөніс өнімдері бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және дамытуға арналған "Ынтымақ" бағдарламасының қарыз сомасы 50 млн теңге, сыйақы үстемесі 6%, несиелеу мерзімі 7 жыл, жеңілдетілген мерзім 9 айға дейін.

Ірі қара мал, ұсақ мүйізді мал, жылқы, басқа да мал мен құс басын көбейтуге арналған "Игілік" бағдарламасының қарыз сомасы 3-6 млн теңге, сыйақы үстемесі 6%, несиелеу мерзімі 3, 4, 5 жыл, негізгі борыш пен сыйақы үстемесін өтеу бойынша жеңілдетілген мерзім 1 жылға дейін. Егін шаруашылығын қаржыландыруға, көктемгі егістік және күзгі жиын-терім жұмыстары үшін айналымдағы капиталды толықтыруға арналған "Егінжай" бағдарламасының қарыз сомасы 3-6 млн теңге, сыйақы үстемесі 6%, несиелеу мерзімі 3 жыл, жеңілдетілген мерзім 6 айға дейін.

Ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлерін қаржыландыруға бағытталған "Кәсіпкер" бағдарламасының қарыз сомасы 3-6 млн теңге, сыйақы үстемесі 6%, несиелеу мерзімі 4, 5 жыл, жеңілдетілген мерзім 6 айға дейін. Қордың әр ауданда филиалы бар. Ендеше, осы бағдарламалар бойынша жұмыс жоспарыңызды алып, сол жерге жүгініп көріңіз. Жолыңыз ашылып қалар, мүмкін.

Айта кетерлігі, несие алу үшін кепілдікке қойылатын талаптарды жеңілдету үшін барлық бағдарлама бойынша ерекше жеңілдік қарастырылған. Қатысушы кепілдік ретінде сатып алынатын техниканы қоя алады, оның 30 пайызын жабатын басқа мүлікті қосымша ұсына алады. Былай қарағанда, аванстық төлем 30 пайыз демесек, бұл механизм лизингке ұқсайды. Қалай десе де, шаруаның тіршілігін бірден жалғап кетуге септігі мол екенін білгеніміз жөн. Осы тұста: "Қымбатты, ағайын сіз осындай тиімділіктің бар екенін білесіз бе? – деген сұрақты ауылдағы әр үйді аралап айтып шыққың келеді. Өкінішке қарай, осы тиімділікке қол жеткізетін қаракөздеріміздің қатарының тым аз екендігі қынжылтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу