ЖЭО салмақшы болған инвестор Семей әкімдігін сотқа берді

1668

Құрылыс жерге қатысты мәселенің шешілмеуіне байланысты кешігіп жатыр.

ЖЭО салмақшы болған инвестор Семей әкімдігін сотқа берді

Қазақстандық UNIT ENERGY INVESTMENT ЖШС кәсіпорны жылу электр орталығы құрылысына берілген жер теліміне қатысты өз құқығын сот арқылы дауламақшы. Инвестор болып отырған кәсіпорын басшылығы ҚР инвестиция және даму министрлігімен жасалған келісімшартқа қарамастан, бір жылдан бері "Семей қаласындағы 3-ЖЭО құрылысы" инвестициялық жобасы үшін жер телімін ала алмай отырғанына шағымданды.

UNIT ENERGY INVESTMENT ЖШС өкілі Олжас Есенғариннің айтуынша, жер алуға республикалық деңгейде грант бөлінген, бірақ жергілікті шенеуніктер әр нәрсені сылтау етіп жерді бермей отыр.

ҚР  электронды  үкіметі egov.kz мәліметі бойынша, кәсіпорын Астана қаласының Есіл ауданы әділет басқармасының әділет департаментінде тіркелген. Заңды тұлғаға мемлекеттік қайта тіркеу туралы анықтама 2015 жылдың 2 желтоқсанында берілген. Алғашқы тіркелген уақыты – 2015 жылдың 19 ақпаны. UNIT ENERGY INVESTMENT ЖШС құрылтайшылары – Айдын Харун (ол осы кәсіпорынның директоры) және Иемберген Қуантаев.

2016 жылдың соңына қарай Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі энергетикалық қуаты 450 МВт және жылу қуаты 650 Гкал болатын электр станциясын екі шетелдік компания – түріктің Unit Group және қытайлық  Huadian компаниясы бірігіп салатынын айтқан болатын. Жобаның құны шамамен 1,3 млрд доллар болады деп болжанып отыр. Құрылыс салу мерзімі – үш жыл.

Жерге қатысты қиындық 

2015 жылы жоба өңірлік индустриалдық қартасына кірген. "Құрылысқа арналған жерді беруге байланысты туындаған қиындық салдарынан процесс ұзаққа созылып кетті", –  дейді UNIT ENERGY INVESTMENT ЖШС  директорының орынбасары Олжас Есенғарин.

"Облыс әкімдігімен келісім жасалған кезде Семей әкімдігінен құрылыс салуға жер беруді сұрадық. Алайда  Семей әкімдігі біздің бастапқы жасаған өтінішімізден бас тартты. Олар инвестициялық жобаны іске асыру үшін жер телімін беру Семей қаласының атқарушы органының құзыретіне жатпайтынын негізге алып, өтінішті облыстық әкімдікке жіберген. Әр нәрсені сылтауратып біресе анда, біресе мында сілтеді. Ақыр соңында ҚР инвестиция және даму министрлігімен келісімшарт жасауға жіберді", – дейді Олжас Есенғарин.

Осылайша 2016 жылдың 21 желтоқсанында инвестиция және даму министрлігі және UNIT ENERGY INVESTMENT кәсіпорны арасында инвестициялық келісімшарт жасалып, кәсіпорынға 140,0 га жерге грант берілген. Бірақ бұл келісімшарт кәсіпорынның жерді алуына еш көмектеспеген.   

"Келісімшарттың соңында жүргенде бізді өңірлік индустриалдық картадан шығарып тастаған. Бұлай істеуге жұмысты бастамағанызды сылтау етті. 2017 жылдың 16 ақпанында сол кездегі ШҚО әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің төрағалық етуімен жер телімдерін пайдалануға беру туралы мәселелерді қарастыру жөніндегі облыстық комиссия кәсіпорынға жер телімін уақытша өтеулі пайдалану құқығымен беруден бас тартты. Олар жобаның қазір еш басымдығы жоқ және инвстициялық жобаларды іске асыру үшін жер телімін ұсыну облыстық жергілікті атқарушы органның құзырында емес екенін айтқан. Сөйтіп Семейге қайта жіберді",– деді Олжас Есенғарин.

Ол облыстық прокуратураға шағым түсіргеннен кейін ғана біршама қозғалыс болғанын айтады. Ал дәл осы кезде шенеуніктер 2013 жылы берілген жерде тарихи қорымдар табылғанын айтты. Археологиялық сараптама мәліметі бойынша, бұл жер ХХ ғасырдың басындағы тарихи ескерткіштерге толы.

"Бұған дейін 2016 жылдың ақпанында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов бос жердің бар екенін айтқан болатын, ал 2016 жылдың тамызында "Семей сәулет және қала құрылыс басқармасы" ММ басшысы К. Кокиланов  нысан құрылысына берілетін жер телімін таңдау актісіне қол қойған, осыған сәйкес Семей-Өзеркі автожолының жанындағы  Восход кентінен ауданы 140 га жер беріледі делінген болатын. Сондықтан еш қиындық болуы мүмкін емес еді", – дейді Олжас Есенғарин.

Оның айтуынша, бұған дейін ешқандай тарихи қорым туралы сөз болмаған. "Бізге қай жерге салсақ та бәрібір. Бірақ тура сол жерде тарихи қорым болмауы да мүмкін. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, қорғалатын жерлер белгілену керек қой, сонда еш қиындық болмас еді. Бірақ ештеңе істелмей отыр", – деді Олжас Есенғарин.

Осыдан кейін қазақстандық үлестес кәсіпорынның басшылығы ҚР инвестиция және даму министрлігінен инвестордың құқығын қорғауға көмек сұрады. Ведомство облыстық әкімдікке хат жолдап, мәселені шешіп, дәйекті жауап беруді сұрады. Сонымен бірге инвесторлардың мүддесі кәсіпкерлік кодекс арқылы қорғалатынын еске салды.

"Біздің компания осы жобаға жарты млрд доллар қаражат жұмсап, екі жарым жыл ішінде құрылысты аяқтауды жоспарлап отыр. Бірақ та бізге жасалған кедергілер істі алға бастырмай отыр. Семей облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің басшысы Сержан Азбергенов болса он шақты инвестициялық келісімшартты ұсыныңдар, содан кейін солардың арасынан басымдығы бар жобаларды таңдайтын боламыз дейді. Осы жобаны алу үшін екі жыл уақытымызды сарп еттік. Қайдағы он жоба? Осылайша басқа адамдардың мүдделері қолпашталады", – деді Олжас Есенғарин.

Таңдау басқаларға түсе ме?

2017 жылдың 27 сәуірі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов үшінші ЖЭО құрылысын қытайлық тарап қаржыландыратынын айтты.

"Семейде 3-ЖЭО-ны салуға мүмкіндік беретін бірлескен жобаға дайындап жатырмыз. Қытайлық тарап тек қаржыландырып қоймайды, сонымен бірге капиталға да қатысады. Бұл біз үшін өте маңызды", – деді Даниал Ахметов.

Жобаны іске асыру Семейдің оң жағалауындағы тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етеді, сонымен бірге қаланың экологиялық жағдайын жақсартады деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді. 27 маусым күні өткен баспасөз мәслихатында abctv.kz тілшісі ШҚО жер қатынасы басқармасының басшысы Виктория Барсуковаға 3-ЖЭО туралы сауал қойған болатын. Ол жылу электр орталығын салу үшін 290 га жер телімі резервке қойылғанын айтты.

"Бірақ әзірге жер телімі ешкімге берілмейді. Келіссөз жүргізіліп жатыр. Құрылысты кім салатынын анықталып жатыр. Қазір инвесторлардың қайсы ең тиімді шартты ұсынатын болса, жер телімі соған беріледі. Энергетика министрлігінің мақұлдауы бойынша инвсетициялық келісімшарт жасалады, осы келісімшарт жер  телімін беруге негіз болады", – деді ол.

Сонымен бірге ол бұл жұмыс үнемі бақылауда екенін және осы мәселе облыс басшысының тікелей басшылығында деп атап өтті. 

Аbctv.kz-тің дерек көздері мәліметі бойынша, қазіргі уақытта облыс әкімдігі ҚР инвестиция және даму министрілігіне ведомство мен UNIT ENERGY INVESTMENT ЖШС арасындағы келісімшартты бұзу туралы өтініш жасаған. Бұған археологиялық зерттеу жүргізу қажеттігі себеп болып отыр.

Бәрін сот шешеді

Ал  UNIT ENERGY INVESTMENT ЖШС басшылығы оңалықпен берісейін деп отырған жоқ. "Қазір министрліктің қандай жауап беретінін күтіп отырмыз. Егер келісімшарт бұзылатын болса, онда сотқа шағымданамыз", – деді Олжас Есенғарин.

Дәл қазіргі уақытта кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына  Семей әкімдігінің мемлекеттік заттай грантты жер телімі түрінде беруден бас тартуы заңсыз деп тануға арыз түсірген. Сондай-ақ инвестициялық келісімшартты іске асыру барысында жер телімдерін уақытша өтеулі пайдалану құқығымен беруге әкімдікті міндеттеуді сұраған.

"ҚР қолданыстағы жер туралы заңында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер телімін беру ҚР Жер кодексінің 48-бабы 1-тармақ 9-тармақшасында көрсетілген. Бұл құқықтық норма жер телімін аукцион өткізбей-ақ беруді қарастырады. Бұнымен қоса айтылып отырған жоба энергетика саласының жобасы, сондықтан ҚР Жер кодексінің 48-бабының 11-тармағына сәйкес біздің құқымыз бар екенін көрсетеді. Семей қаласы әкімдігінің жер телімін беруден бас тарту туралы шешім ҚР Жер кодексінің 9-бап 6-тармағына қарама-қайшы деп ойлаймыз. 2016 жылы жер телімін уақытша өтеулі пайдалануға беруге үш рет  өтініш жасадық. Бірақ та біздің өтінішіміз әр түрлі негізсіз  себептермен қанағаттандырылмады. Яғни 2016 жылдың маусым айынан бастап күні бүгінге дейін Семей әкімдігінің бітпей қойған сылтауынан 3-ЖЭО-ны салу үшін жер телімін рәсімдей алмай отырмыз. Десек те кәсіпкерлік кодекстің 283-бап 2-тармақ 2-тармақшасына сәйкес инвестициялық жоба бойынша мемлекеттік заттай грант беріледі", – деп арыз-өтініште көрсетілген.

Сонымен бірге инвестор ҚР Бас прокуратурасына жергілікті шенеуніктердің әрекетіне қатысты шағым жасаған.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанар Асылханова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу