"Жер кіндігін" салған құрылысшылар қандай қиындыққа тап болды?

Биыл – "Байқоңыр" ғарыш айлағы және ғарыш кешені, сонымен қатар "жұлдызды қалашықтың" 70 жылдығы. 

"Жер кіндігін" салған құрылысшылар қандай қиындыққа тап болды? Фото: urfoecon.ru

Inbusiness.kz сайтының тілшісі осы мерейлі датаға орай Байқоңырға қатысты бірқатар мәліметті жинастырған еді.

Осыдан тура 70 жыл бұрын, яғни 1955 жылдың 12 ақпанында КСРО-ның КОКП Орталық Комитеті мен Министрлер кеңесінің алғашқы отандық құрлықаралық баллистикалық зымыран (МБР) Р-7 ұшуын пысықтау үшін жаңа әскери полигон құру туралы бірлескен қаулысы шығады.

Осы орайда арнайы комиссия Мари АССР, Дағыстан, Астарахань және Қазақ ССР-нің Қызылорда облысы аумағын таразылап, талдап көреді. Қазақстанның шөлді, тақыр даласы оған қолайлы көрінеді, іздегенге сұраған саналады. Олай дейтініміз, бұл аймаққа ел-жұрт көп қоныстанбаған әрі теміржол желісі мен Сырдарияның ағынды суы дәл жанында еді. Ең негізгісі, ұшыру алаңынан жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан радио басқару жүйесі қолайлы нүктеде. Қызылқұм шөліндегі полигон құрылысында ғарыштық зымырандардың бас дизайнері саналған Сергей Королев "ұшыру алаңы экваторға неғұрлым жақын орналасса, зымыранның қозғалыс жылдамдығын пайдалану соғұрлым ыңғайлы болады" десті.

1955 жылдың ақпан айында № 5 ғылыми-зерттеу полигоны Төретам станциясына жақын жерде орналасты. Әскери құрылысшылардың алғашқы тобы бұл жерге сол жылдың 12 қаңтарында келгені айтылады.

Полигонды қалыптастыру ауданында "Тайга" шартты атауы қойылған. Оған дейін орыс тілінде "ғарыш айлағы" деген сөз атымен болмаған. Алғашқыда қазіргі Байқоңырдың орнында орналасқан полигонға №5 НИИП деген атау берілсе, қалашықты "№10 алаң" деп атаған.

– 1955 жылдың 12 қаңтар күні аға лейтенант И.Денежкиннің басшылығымен Төретам бекетіне алғашқы құрылыс жұмыстарын жүргізуге бір взвод солдат жеткізілді. 1955 жылы 10 наурыз күні Төретам төңірегін мұқият зерттеген орыс ғалымдарының дерегімен КСРО Әскери күштері Бас штабы полковник А.Васильевті басшы етіп, жедел топ ұйымдастырды. Қала құрылысын бастаған алғашқы құрылысшыларға қатал табиғат тауқыметіне қарсы тұруға тура келді. Қыста 40 градус аяз, азынаған суық жел, шаңдатып соққан дауыл, жазда тамыздың тас қайнатар, шілденің шіліңгір ыстығы – бәрі-бәрі құрылысшыларға әжептәуір қиындық тудырды. Қала құрылысы осылайша басталғаны тарих бедерінде ойып тұрып орын алды. 1955 жылдың 5 мамырында "Байқоңыр" космодромы астанасының іргетасы қаланды.

1956 жылы қала үлкен қарқынмен, әлемдік ракета қондырғылары орналасқан қалашықтарға қарағанда қатты шапшаңдықпен дамыды. Үйлер дайын болғанша офицерлер отбасы Төретамдағы жер кепелерде, вагондарда, жергілікті тұрғындардың үйінде қоныстанған. Қазақтар орыс халқын кеудесінен итермей, төрінен орын берді, – делінген Байқоңыр қалалық архиві қоры жинақтаған деректерде.

Байқоңырдың алғашқы құрылысшылары сол кездегі көріністі ерекше еске алады. Құмның өзі бір жарым метрге дейін қатып қалса керек. Сондықтан, оны жару қажеттігі туындаған. Қақаған қыста басталған құрылыс көктемде ғана өз нәтижесін берген. Ал мамыр айы келгенде тұрғын үй қалашығында алғашқы ағаш ғимараты бой көтереді.

Құрылыстың ашық жердегі тақырдан басталғаны бесенеден белгілі. Әлбетте, ол уақытта инфрақұрылымның "көкесі" тек теміржол ғана еді. Теміржол бойындағы тарихқа көз тастап тұрған Төретам тұрғындары әскери құрылысшыларға жылы қабақ танытты, қонақжайлылықтың нағыз үлгісін көрсетті. Киіз үйде тұратын жергілікті жұртшылықтың мұндай жылы-жұмсағы құрылысшылардың жұмысының жүйелі болуына ықпал етті.

Бүгінде Байқоңыр қаласында 56 мыңдай тұрғын болса, оның 40 мыңға жуығы – ел азаматы. 10 мыңға жуық қазақстандық ғарыш саласы кәсіпорындары мен Байқоңыр қаласы әкімшілігіне қарасты мекемелерде жұмыс істеп жатыр. Бірді айтып екіге кеткеніміз емес, Байқоңыр бүгінде қазақыланып келеді. Оған мысал да жоқ көп. Бірақ, бұл бөлек бір тақырыптың жүгін көтеретіндей мақалаға сұранып тұр.

Сонымен, Байқоңыр маңындағы Төретам теміржол станциясын жергілікті халық "ғарыш қақпасы" деп бекерден-бекер айтпаса керек-ті. Өйткені, аталған станция ғарыш айлағының құрылысы басталған шақта тоғыз жолдың торабы саналды. Төретам станциясының атауының өзі таңданысты оқиғамен байланысты. Аңыз бойынша Сырдария өзеніне батқан төре тұқымының өкілін сол маңға жерлейді. Жол бойынан әрлі-берлі өткендер жергілікті халықтан жапан далада жалғыз тұрған мазардың тарихын сұрауы заңдылық еді. Сонда ел-жұрт ауызекі стильде тараған жауабын жаудырады. Әрине, ол – "Төренің тамы" деген жауап. Бұл – "төреге арналған үй" деген мағына. Жұртшылықтың санасына әбден сіңісіп қалған атау әлі күнге өз мәнін жоймады, бұрмаланбады және өзгертілмеді.

Құрылған уақыттан бері "Байқоңыр" әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып саналады. 1957 жылдың мамыр айында Р-7 ұшу сынағының басталуына қарай ұшыру кешені, монтаждау-сынау және монтаждау-құрастыру корпусы тұрғызылды. Ұшыру алаңына бетон және теміржол кірме жолдары салынғаны тағы бар.

Одан бөлек тұрғын үй кентінің құрылысы жүріп жатты. Полигон мен елді мекен бейресми "Заря" деген атауға ие болды. Ал 1966 жылы 21 маусым күні Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының арнайы Жарлығымен "Ленинск" қаласы деп аталса, 1995 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен қала "Байқоңыр" атауын иеленді.

Сол 1957 жылы 4 қазанда Кеңестер Одағы адамзат тарихында тұңғыш рет жасанды жер серігі – "Спутникті" ұшырғанын көпшілік жақсы біледі. Космос кеңістігін ғылыми тұрғыдан зерттеу нәтижесі 1961 жылы 12 сәуірде Ю.Гагариннің ұшуымен байланысты болса керек.

1991 жылдың 31 тамызындағы №410 Жарлық бойынша "Байқоңыр" кешені Қазақстанның меншігіне өтті. Ғарыш айлағының әкімшілік және мәдени орталығы Байқоңыр қаласы саналды.

"Байқоңыр" кешенін пайдалану мен дамыту бойынша 1994 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында 20 жылға "Байқоңыр" кешенін жалға беру туралы шарт жасалса, кейін жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу