Кез келген қаланың жұртшылығы мен ауылдағы ағайынды мазалайтын негізгі мәселелердің бірі жол екеніне ешкім дау келтіре қоймас. Жыл сайын оның құрылысы мен жөндеуіне мемлекеттік қазынадан қомақты қаражат қарастырылып жатқанымен, кейде оның нәтижесі көңіл көншітпейтіні бар. Бұл ретте биыл Павлодар облысында осы салаға бұрын-соңды бөлінбеген сома – 27 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл қаржы өңірдегі түйткілдердің түйінін тарқатып бере ала ма? Тиімділігін аймақ жұрты көре ала ма? Осы мәселені inbusiness.kz тілшісі саралап көрді.
Қомақты қаржы қайда жұмсалады?
Бірден айта кетейік, ресми дерек бойынша Павлодар облысында жергілікті маңыздағы жолдардың 93%-ы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде деп есептеледі. Биылғы құрылыс және жөндеу жұмыстарынан соң, бұл көрсеткіш бір пайызға артады деген жоспар бар.
Осы орайда атап өтер тағы бір жайт, 2023 жылы бөлінген 27 млрд теңгеге барлығы 136 жоба жүзеге аспақ. Сол арқылы облыстық және аудандық маңызы бар 656 шақырым жол мен бірнеше елді мекендегі жолдар жөнделмек. Осы уақытқа дейін 40 учаскеде жұмыстар толығымен аяқталды. Жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуге қажет инфрақұрылымның барлығы жеткілікті. Айталық, 23 асфальтбетон зауыты, 13 қиыршы тас өндіру карьері мен бір битум өндіру зауыты жұмыс істеп тұр. Салыстырмалы түрде қарасақ, былтыр барлығы 92 жоба қолға алынған-ды. Өңірдегі 147 шақырым жолды жөндеп, қалпына келтіру үшін өткен жылы 13,8 млрд теңге жұмсалды. Яғни, биылғы қаржы көлемі екі есеге көбейіп отыр.
Павлодар облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Қанат Қашкировтың сөзінше, биыл облыстық және аудандық маңыздағы 313 шақырым жол жөнделеді. Оның 70% - бұрын-соңды мүлде асфальт болмаған топырақты жол. Соған осы жылы асфальт жабыны төселмек. Сонымен қатар, ауылға кіреберіс 23 учаскеде бірінші рет асфальт жол пайда болады.
Фото: Валерий Бугаев
"Биылғы жол жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жолдың үлесі бір пайызға артып, жоспарлы индикаторға жетіп, 94%-ды құрайды. Бір пайыздық өсімнің болуының басты себебі – ауқымды көлемдегі жұмысты атқарып жатқанымызбен, бұған дейін жөнделген кейбір учаскелер ескіріп, ойлы-шұңқырлы боп жатады", – дейді басқарма басшысы.
Бұл ретте биылғы ірі жобалардың қатарында Қызыл Октябрь – Жаңа Ақшиман бағытындағы 90 шақырымдық жолдың салынуы бар. Жаңа дәліз арқылы Баянауыл мен Май аудандарының арасы айтарлықтай қысқарып, екі аудан аралығында қатынайтын жолаушылар үшін жайлы жағдай жасалмақ.
Фото: Валерий Бугаев
Биыл жол жөндеуге рекордтық сома бөлінгендіктен, оның қай бағыттарға жұмсалатынын да байқап көрдік. Мемлекеттік сатып алулардың goszakup.gov.kz сайтынан осы мақсатта жасалған келісімшарттарды да шолып өттік. Мәселен, облыстық басқарма мен өңірдегі ірі құрылыс компанияларының бірі "АЗА" ЖШС арасында биыл негізгі үш келісімшарт жасалыпты. Айталық, Майқайың-Екібастұз автомобиль жолының 23-29 шақырымы аралығын реттеуге қосымша құн салығын есепке алмағанда 468 512 929.09 теңге қарастырылған. Демек, алты шақырымдық арақашықтың әр шақырымын жөндеуге орта есеппен алғанда 78 млн 085 мың 488 теңге қарастырылып отыр. Оған қосымша құн салығын қосқанда бюджеттен бөлінетін сома 524 734 480.58 теңгеге жетеді. Аталмыш мердігерлік ұйым Ертіс- Ертіс станциясы аралығындағы 60-67,1 км автомобиль жолын орташа жөндеуге де жауапты болып белгіленді. Осы мақсатқа қосымша құн салығын қоса есептегенде 412 148 810.63 теңге жұмсалмақ. Сол сияқты Шақат-Восточное-Шалдай автомобиль бағытындағы 27-40 (13 км), 40-50 (10 км), км 56-62 (6 км) (29 км) аумақты орташа жөндеуге мемлекеттік қазынадан 629 980 365.95 төленетін болады. Бұл – облыстық ведомство мен ірі мердігер арасында жасалған келісімшарттар ғана. Одан бөлек, кейбір аудан-қала әкімдері ұйымдастырған мемлекеттік конкурста да "АЗА" ЖШС жеңімпаз болып танылып, бірқатар жобаны бастады.
Бюджет бар, сапа ше?
Қаражаттың бөлініп, жұмыстың қолға алынғаны жақсы-ақ. Дес де, сапа мәселесін де назардан шығармау керек. Өкінішке қарай, көп жағдайда жаңадан төселген жол көп ұзамай тағы жөндеуді қажет етіп тұрады. Мысалы, таяуда облыс орталығындағы Ломов көшесінің бойындағы жолдың асфальты опырылып түсті. Оны қайта ретке келтіру үшін көше бойындағы қозғалысты уақытша тоқтатуға тура келді. Бұл, біріншіден, тұрғындарға қолайсыз, екіншіден, "қалтаға" қосымша салмақ. Қаланың сыртында жөнделген жолдардың кейбір учаскелері де талап үдесінен шықпай жатады. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы 2022-2023 жылдары жөнделген учаскелерден алған 442 асфальт сынамасының 87-сі стандартқа сай келмейтінін анықтады. Оған қоса, әртүрлі дәрежедегі 286 ақаудың бары белгілі болды.
Фото: Валерий Бугаев
Таяуда аталмыш орталық мамандары тағы бірнеше учаскені тексерді. Жылжымалы зертхананың көмегімен бағдарламалық өлшеуіш кешен арқылы жолдың талаптарға сай келер-келмесін анықтады. Мысалы, Қызылорда – Павлодар – Успен – Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы жол берік болып шығып, белгіленген нормативтерге дәл келді. Омбы-Майқапшағай жолы да сынақтан сәтті өтті.
Фото: Валерий Бугаев
Жалпы, жыл басынан бері орталық қызметкерлері 60-тан астам учаскелерде бақылау жұмыстарын жүргізді. Былтыр өңірдегі 1553 шақырым жол диагностикадан өткен-ді. Соның нәтижесінде 956 шақырым жақсы, 373 шақырымы қанағаттанарлық, тек 27 шақырымы өте жақсы деңгейде деген баға берілді.
Жолды таппай келеді
Ауыл мен ауылды жалғайтын жолдан бөлек, қалалардың ішіндегі жеке сектордың кейбір көшелеріне биыл өркениет келіп жатыр. Облыс орталығындағы барлығы 50 учаскені, яғни 35 шақырымға жуық жолды жөндеу көзделген. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Нақтысын айтсақ, жергілікті әкімдік мердігер - "ПКФ Гордорстрой" кәсіпорнына әр шақырым үшін 30 млн теңгеден астам қаржы төлейді.
Гагарин көшесіндегі қиылыста мүлде асфальт болмаған-ды. Соның салдарынан көктем кезінде ауланы су басып, шұңқырлар бірден суға толатын-ды. Жаңбырлы күндері тіпті аяқ алып жүргісіз.
"Мен бұл үйде 50 жылдан астам уақыт тұрамын. Ес білгелі асфальтжолды көрген жоқпыз. Үнемі өз ақшамызға су соратын көлікті жалдап, әуреге түсетін едік. Енді оның бәрі артта қалмақ",– дейді зейнеткер.
Бұл көшенің тұрғындары қиындығын ұмытқанымен, әлі де жол азабын тартып жүрген ауылдықтар бар. Мәселен, Железин ауданы Жолтаптық ауылының 130-дан астам 30 жылдан бері жақсы жолға жарымай келеді. Негізгі трассаға апаратын 15 шақырым жолмен жүру мұң. Әсіресе, боранды және жаңбырлы күндері ауылдағы ағайын елді мекеннен шыға алмай қалады. Бұған дейін кіреберіс жол салу мәселесі талай рет көтерілгенімен, қаржының жоқтығы қолбайлау болып тұр. Енді жергілікті әкімдік ауылдар арасындағы басқа жолды балансқа алып, оны орташа жөндеуден өткізуді ойластырып отыр. Бұл бюджеттік тұрғыдан тиімді болатын көрінеді.
Осы жылы рекордтық сома қарастырылғанымен, өркениеттен ада қалған осындай ауылдар да бар. Сондықтан қаржыны игеру кезінде тұрғындардың талап-тілектері де ескерілсе екен дейміз. Әйтпегенде, көпшілік жұмыстың нақты нәтижесін көрмесе қомақты қаражаттың қайыры болмай қалуы мүмкін.
Фото: Валерий Бугаев