Таяуда әлеуметтік желіде Шымкентте форма киген адамдардың жігітті ұстап алып, әй-шәйға қаратпай автокөлікке күшпен отырғызған видеосы тарады. Куә болған адамда мұны ерсі көріп, айғайлап болысқан болды.
"Шымкентте жігіттерді әскерге осылай көшеден күшпен алып кететінді шығарды. Бұл сұмдық қой! Ата-анасына қоңырау шалуға да мүмкіндік бермейді. Менің көршім бір күні ұлын таппай, іздеді. Тек полицияға барғанда оны әскерге алып кеткенін білген. Мұны қалай түсінуге болады? Заңсыздық емес пе? Алдымен шақыру қағазын жіберу керек. Біраз күн болды, балаларды күшпен алып кетіп жатыр. Қой сияқты алты-жеті жігіт көтеріп алып, көлікке кіргізеді", – деді бір видеоның авторы.
Жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департамент шақыру қағазы коммуникацияның әртүрлі құралы арқылы жолданатынын, қолына да табысталатынын, бірақ әскерге шақырылушылар оны елемейтінін хабарлады. Ата-анасына хабарласуға да мүмкіндік беріледі екен.
Дегенмен жұрт жігіттердің "жоғалуы" жалғасып жатқанын айтады. Бұл жерде бір тосын кілтипан бар екен. Қала-ауданның военкоматтары әскерге жіберілгендер саны бойынша "квотаны" толтыру үшін өзге қала-ауданның жігіттерін ұстап алып, рәсімдей салатын көрінеді.
Түркістан облысындағы Сайрам ауданының Қайнарбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының әскери есеп бойынша бас маман Ғалымжан Меденовтің айтуынша, жергілікті 19 жасар Нұрдәулет есімді жігітті медсараптамадан өткеннен кейін, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім "әскерге жарамды" деп таниды.
"Оған 2022 жылдың 19 сәуірінде облыстық медсараптамадан өтуге шақырту қағазы берілген. Алайда одан бұрын, 14 сәуір күні Нұрдәулет Маратұлын және Нұрхан Асқарұлын Шымкент қаласының Қорғаныс істер жөніндегі бөлім қызметкерлері Шымкент көшесінде ұстап алады. Содан шұғыл түрде олардың құжаттарын әскер қатарына жіберуге әзірлеп, 17 сәуірде Отардағы әскери бөлімге Отан алдындағы борышын өтеуге жіберген. Осындай жағдайлар көп қайталануда. Сондықтан бізге берілген нормативтік тапсырмаларды орындауда қиындық туындады. Әскер қатарына әр шақырылушы өз мекен-жайы бойынша жіберіледі емес пе? Өзге елді мекеннің жігіттерін көшеден ұстап алып, Шымкенттен немесе басқа қаладан әскер қатарына жібергені және бізге хабарласып, мән-жайын түсіндірмеуі заңды ма?", – деп алаңдайды маман.
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың түсіндіруінше, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-IV заңына сәйкес, азаматтарды жергілікті атқарушы органдар әскери есепке алады. Тиісінше, оларды әскерге шақыруды да солар ұйымдастырады, жүзеге асырады. Сонымен бірге Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, шақырылушының өзге өңірден әскерге жіберілуіне қатаң тыйым салынбаған. Бұл мысалы, соғыс жағдайында жұмылдыруды жылдамдатуға мүмкіндік береді. Заңда тек әскерге шақыру комиссиясының мүшелері азаматтарды мерзімді əскери қызметке заңсыз шақырса ғана жазаланады.
Ал әскерден шын мәнінде қашып жүрген мыңдаған жігіттерді көшеден ұстап алу – қазіргі ноу-хау, жаңа тәсіл емес екен, бұрыннан бар тәжірибе. Аталған заңда әскерге шақырылушы жалтарса, оны келтіруді ішкі істер органдары қамтамасыз ететіні жазылған.
"Бірақ тәуелсіз Қазақстанда әскерден қашушыны кеңес кезіндегідей түрмеге емес, әскерге әкетеді. Әскерден қашатындардың үлкен бөлігі жоғары білікті маман емес, өйткені военкоматтарға жұмыс істейтін азаматты жұмыс орны бойынша тауып алу үлкен қиындық тудырмайды. Қашқындардың біразы әр жұмыстың басын бір ұстап, әр өңірге бір көшіп, немесе қыз-қырқынның буына мас болып, бос жүрген бойдақ жігіттер. Мәжбүрлеп әскерге әкетілген соң, жауынгерлік тәртіпке, еңбекке үйреніп, парыз бен жауапкершілікті түйсінген, сөйтіп бір жылдан соң мүлдем басқа адам болып оралған, жақсы жұмысқа тұрған, өмірден өз орнын тапқан жігіттер бар. Жалпы, қазақтың ұландары Отан қорғаудан қашпауы керек. Қазақтың қайраты толысқан, өнері келіскен жауынгерлері көп болғаны жөн. Ер-азамат үшін Отан қорғаудан құнды еш нәрсе жоқ", – деді Бақытбек Смағұл.
Жалпы Шымкент жақта елді елең еткізетін оғаш жағдайлар жылда болып тұрады екен. Шымқала тұрғыны Бақытжан Қожаназарқызының айтуынша, 20 жасар баласы Бағдат былтырғы қазанда Еңбекші аудандық военкоматына медициналық тексерістен өтуге шақырылады.
"Бірақ сол күннен бастап, военкоматтан үйге жіберілмеді. Себебін сұрағанымда: "Карантинге байланысты медосмотрдан кейін 3 күн ұстаймыз, кейін үйге жіберіледі" деп шығармады. Мен Қорғаныс министірлігіне де хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Министрдің кезекші қызметкері Шымкент қаласындағы военкоматқа хабарласып, сұрастырды. Олар баламның әскерге жарамды екенін, екі көзі де -0.2 деп жалған ақпарат берген. Мұнысы шындыққа жанаспайды. Еңбекші аудандық военкоматқа барып, баламның кішкентайынан көру қабілетінің төмен екендігін, "Сложный астигматизм -6.0" деген офтальмолог дәрігердің анықтамасын көрсеттім", – дейді Б. Қожаназарқызы.
Қорғаныс басқармасындағылар көз дәрігеріне қайта қарататынын айтады. 1 күн өткен соң ана қайта барады. Сол жердегі қызметкерлердің бірі: "Балаңызды бәрібір алып кетеді, бала жетпей жатыр" депті.
Ал Еңбекші және Қаратау аудандарының біріктірілген қорғаныс істері жөніндегі басқармасының дерегінше, Бағдаттың сұхбаттасу парағында оның денсаулығымен байланысты проблемасының бары көрсетілмеген.
"Аудандық комиссиядан денсаулығы "шектеулі жарамды" деп танылып, қалалық медициналық бақылау комиссиясына жолданған. Медициналық комиссиядан өту кезінде әскерге шақырылушы Бағдат медицина мамандарына денсаулық жағдайына қатысты шағым білдірмеген. Жалпы қорытындылар бойынша ол Атырау қаласындағы 41433 әскери бөлімінің командасына іріктеуге ұсынылды. 41433 әскери бөлімнің өкілдері зерделеу, іріктеу барысында оның денсаулығына шағымы болмаған, сонымен қатар әскер қатарында өз еркімен қызмет жасауға ниетін білдірген", – деп түсініктеме берді меморган.
Тиісінше, Қорғаныс министрлігі "Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің лауазымды адамдары әскерге шақырылушы Бағдаттың жарамдылық дәрежесін анықтау бойынша бұзушылықтарға жол берген жоқ" деген қорытындыға келді.
Жігітке "Миопия, астигматизм орта деңгейде" деген диагноз қойылған. "Қазіргі уақытта әскери қызметшінің жағдайы тұрақты қанағаттанарлық. Ол әскери бөлім басшылығының және медицина қызметкерлерінің бақылауында тұр", – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Ведомствоның дерегінше, Қазақстанда қазір көктемгі әскерге шақыру науқаны өтіп жатыр. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру 2022 жылғы 1 наурызда басталды, 30 маусымға дейін жалғасады.
"Азаматтарды шақыру пунктерінде медкомиссиядан өтуге шақыруға қатысты барлық рәсімдер заңнама аясында жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. 18-ден 27 жасқа дейінгі жастағы жасөспірімдер шақырту қағазы және sms-хабарламалар жіберу арқылы медкомиссиядан өтуге келуі қажеттігі туралы құлақтандырылады. Егер әскерге шақырылушы бірнеше рет хабарлағаннан кейін жинау пунктіне келмесе, онда жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жалтарушының тұратын және жұмыс істейтін жеріне барады", – деп мәлім етті Қорғаныс министрлігі.
Меморган "медкомиссияның нәтижелері бойынша шақырылушының мерзімді әскери қызметті өткеруге жарамдылық дәрежесі айқындалатынын" еске салды: егер жас жігіт жарамсыз деп танылса, онда сол күні ол жинау пунктінен үйіне қайтады. Егер әскерге шақырылушы қосымша тексеруді қажет етсе, онда ол медициналық мекемелерге жіберіледі.
Медкомиссия тексеруінен сәтті өткен және әскери қызметке жарамды деп танылған шақырылушылардың әрқайсысының кандидатурасын әкімнің орынбасары төрағалық ететін шақыру комиссиясы жеке-жеке қарайды. Сөйтіп әскерге шақыру туралы шешім қабылданады.
Министрлік әскерден қашу әкімшілік және қылмыстық жазалауға соқтыратынын ескертеді. Шақыру қағазы бойынша медтексеруге келмесе, 5 АЕК (15 900 теңге) айыппұл салынады. Әскери қызметтен жалтару 1 мың АЕК (3 180 000 теңге) айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 400 сағат қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.
Төрт ай ішінде Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын 18-27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық жасөспірім толықтырады. Алдымен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері, содан кейін Қарулы күштердің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Ұлттық ұланның әскери бөлімдері жасақталады.
Жанат Ардақ