Жұмыспен қамту көрсеткіштері неге "консервацияланды"?

4194

Еңбек министрлігін "сыйқыршылар мекемесі" деп атауға тұрады. 

Жұмыспен қамту көрсеткіштері неге "консервацияланды"?

Қазақстанда көп жылдан бері халықты еңбекпен қамту саласында әлдебір сыйқыр, адам түсінбес ғажап іс болуда, деп жазады inbusiness.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ел күйзеліске ұшыраған, карантин шектеулері кесірінен бизнес дағдарып, өндірістер, кәсіпорындар жаппай жабылған 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі небары 4,9% болыпты. Ведомствоның болжамынша, мембағдарламалар аясында жоспарланған шаралардың арқасында 2021 жылы да жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталмақ. Осылайша, бұл меморганның жыл сайын шығаратын бір-біріне ұқсас статистикалық "өнімдері" ішіндегі азығы еш өзгермейтін әлдебір консервіге ұқсайды. 

Барлық дамыған елдерде бұл көрсеткіш керісінше, экономика және еңбек нарығындағы жағдайға сай, қатты құбылып тұрады. Онда неге аққұла Қазақстанда бұл статистиканың ұзақ жылға "консервацияланып" қалғаны қайран қалдырады. Өйткені жұмыссыздың деңгейі республикада 2018 жылы 5%, ал 2019 жылы 4,8% болған. Өзгеріс әрі кетсе, 0,2 пайыз! Яғни, кәдімгі статистикалық дәлсіздік деңгейінде ғана.

Мысалы, алпауыт АҚШ-тың өзі пандемия жайлаған 2020 жылы жұмыссыздықтың өршігенін жасырмай жариялады, сөйтіп, Ресей "пропагандистеріне" Американың күйреу алдында тұрғанын айтып, шулауына себеп берді. Расында, АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросының (BLS) дерегінше, былтырғы мамырда Құрама Штаттарда жұмыссыздық рекордтық деңгейге – 14,8%-ға жетті. Содан кейін жағдай жақсарған: 2021 жылғы мамырда 5,8%-ға дейін төмендеді. Ресей көксегендей, күйреп қалған жоқ.

Еуропалық одақтың лидері Германияда да жұмыссыздық максималды деңгейге – 11,5%-ға дейін күрделенген. Алайда ГФР Федералдық статистикалық басқармасының мәліметінше, содан бері ахуалы оңалып, 2021 жылғы сәуірде 4,4%-ға дейін азайды. Еуропаның тағы бір локомотиві – Францияда ең жоғарғы шек 10,8%-ға дейін барды. Содан бері көп төмендеген жоқ: 2021 жылғы бірінші тоқсанда 7 пайызға дейін шамалы азайған. Әйткенмен, Франция Үкіметі жағдайды түзеу үшін жанталаса шара қабылдауда.

Алдыңғы қатарлы өзге мемлекеттерде де ұқсас жағдай қалыптасуда. Ендеше дамыған елдер қазақтың "ауруын жасырған өледі" деген даналығын ұстанатынға ұқсайды.

Қазақстандағы ғажайыптың сыры неде?

Сарапшылардың байламынша, бірінші сыры – "екі қолға бір күрек" іздеген адамдарды топырлатып, бірер айға ғана уақытша жұмысқа тұрғызу көрінісі белең алған. Осылайша, көркем көрсеткіштер мен әдемі есептер құрылады. Ал әлгі адамдардың біразы бір ай өте қайта жұмыссыз қалады. Бұл сырды Есеп комитеті әшкерелеп отыр. Құзырлы орган бұл салада жан-жақты тексеріс жүргізіпті. Себебі, бюджет шығыстарының көп бөлігі, 44%-дан астамы әлеуметтік секторға, соның ішінде еңбекпен қамту саласына да бағытталды.

"Бірақ пайдалану тұрғысынан теріс серпін бар. Әлеуметтік салада тиімсіз жұмсалған қаражат көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 33%-ға немесе 570 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Демек, пандемияның салдарын жеңілдету үшін қаншама мүмкіндікті жіберіп алды. Бұған жұмыспен қамтуға және халықтың табыс деңгейін арттыруға бағытталған дағдарысқа қарсы қаражатты пайдалану – жарқын мысал. Жұмыссыздық деңгейін 4,9% деңгейінде сақтауға қол жеткізілгеніне қарамастан, шығындардың едәуір бөлігі уақытша жұмыс орындарын ашуға тиесілі болды. Салдарынан, адамдар олар бойынша орташа алғанда небары 1–3 айға ғана жұмысқа орналастырылған", – дейді Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова.

Әрине, жұмыс орындарында тұрақтамайтын, бірде бір жұмыс берушіге ұнамайтын, іске қырсыз адамдар да болады. Алайда мына жағдайда жұмыстың қысқа мерзімге ғана жалғасуына азаматтардың кінәсі жоқ. Мысалы, жұмыссыздарды ағаш отырғызуға ғана жалдайды. Көшеттер егілген соң жұмыс беруші олармен есеп айырысып, қоштасады.

Есеп комитеті анықтағандай, Еңбек ведомствосы мен әкімдіктер жүздеген миллиардтар құйылып жатқан еңбек бағдарламалары аясында жылдам нәтиже әкелетін, бірақ ұзақ мерзімді еш тиімділігі жоқ жобаларға басымдық беретінге ұқсайды.

"Іске асыруға қабылданған дағдарысқа қарсы жобалардың бар-жоғы 14%-ы ұзақ мерзімді экономикалық активтерді және объектілерді құруға бағытталған! Қалғанының барлығы – ағымдағы жөндеу, көгалдандыру және сол сияқтылар. Бұлардан тек қысқа мерзімді әсер-эффект болатыны белгілі. Жаңа өндірістерді құру, қолданыстағы қуаттарды кеңейту бойынша жобаларды өңірлер қаржыландыруға ұсынбаған деуге де болады", – дейді Есеп комитетінің басшысы.

Жұмыссыздық деңгейінің өспеуінің екінші сырын Үкімет мүшелеріне шағымдарында және әлеуметтік желіде қазақстандықтар айтуда: жұмыспен қамту ұйымдары жұмыссыз ретінде тіркеуді созбалаңға салады.

"Қазақстанда жұмыстан айырылу бойынша жәрдемақы алу мүмкін емес екен. Мен 2020 жылғы қыркүйектен бері жұмыссыз қалдым. Жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. eGov.kz арқылы өтініш бердім, бірнеше күн өткенде қоңырау шалып, жұмыссыз ретінде тіркеуге алуға уәде етті. Барлық сұраған анықтамаларын жинап тапсырдым. Университеттен оқудан шығарылғаным туралы 2006 жылғы бұйрықтың нөмірін сұратты. Жұмыссыздыққа оның қандай қатысы барын түсінбедім. Ерінбей, университетімнің архивіне жүгініп, көшірмесін алғыздым. Енді тағы басқа сылтауларды алға тартып отыр. Біз жұмыс істегенде әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын жарна аударамыз. Ал керек кезде одан еш көмек ала алмаймыз. Өкінішті", – дейді Татьяна Кравец.

Жұмыссыз Әсел Нәжмиденованың да бұл орталықтар қызметіне көңілі толмайды.

"Жұмыспен қамту орталығы 8 сәуір күні жұмыс мәселесі бойынша келіп кету керектігін хабарлады. Айтылған күні 12-де бардым, бірақ маманы сөйлесуден бас тартты. Таңертең ерте келеді деп күткенін сылтау етті. Алайда өздері хабарласқанда, келу уақытын айтпады. Жай ғана келіп кетіңіз деген. Мен денсаулық жағдайыма байланысты осы кезде әзер жеткенімді айтып, дәйектедім. Орталықтың қызметкер әйелі дөрекі сөйлеп, намысыма тие бастады. Мені өзінің атасымен салыстырды. Қасымда жұбайым тұрған, ол қорлауды тоқтатып, тек жұмыс барысы туралы тілдесуге шақырды. Қызметкер болса, басылу орнына өршіп кетті. Адуынды әйел екен. Базардағыдай айғайлап, жұрттың көзінше жер-жебіріме жетті. Менің ойымша, мемлекеттік қызметшінің мұндай мінез-құлқы әдепке жат. Олар халыққа қызмет етуге тиіс емес пе?! Оның орнына бұқараға малша қарайды", – деп қапаланады ол. 

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу