Жүргізушісіз таксидің Олимпиада қарсаңындағы дебюті

5680

Сенсормен жабдықталған, әрі жүргізушіні қажет етпейтін минивэн Токионың қарбалас көшелерінен күніне төрт рет жүріп өтіп, тіпті ақы төлеуге дайын жолаушыларды тасымалдап көрді.

Жүргізушісіз таксидің Олимпиада қарсаңындағы дебюті

Бұл микроавтобус өз бетімен жүреді. Жүргізуші қажет емес. Автономдық такси. Ол жолақысын төлеген адамдарды Токионың ығы-жығы көшелерінде еш кедергісіз тасымалдап, 2020 жылы өтетін Жазғы Олимпиада кезінде спортшылар мен туристерді стадиондар мен қала орталығы арасында тасиды деген сенім нығайып келеді.

Автономдық қозғалыс технологиясымен айналысатын ZMP фирмасы мен Hinomaru Kotsu такси компаниясы өз бетімен жүретін көлікті сынақтан осы аптада өткізе бастады. Және де, осыған дейін "шоферді" қажет етпейтін машинамен жолаушыны ақылы тасымалдау сынағы әлемде ешқашан жүргізілмеген екен.

Бұл тәжірибе "Тойота" автоконцерні мен Uber транспорттық алыбы автономдық көліктерді жетілдіру жұмыстарын күшейткен тұста жүргізілді. Осылайша, екі компания өздерін Жапониядағы, АҚШ-тағы және Еуропадағы бәсекелестеріне қарсы қойып отыр.

Бірер күн бұрын "Тойота" Uber’ге 500 миллион доллар инвестиция салатынын жариялады. Бұл қаражат автономдық машиналарды жетілдіруге жұмсалады. Ол көліктер 2021 жылы сынақтан өткізіледі. Айта кетсек, биыл наурыз айында АҚШ-тың Аризона штатында дәл осындай жүргізушісіз автономобиль сынақ кезінде жаяу жүргіншіні соғып, мерт қылғаны белгілі.

 "Біздің мақсатымыз – Uber желісіне әлемдегі ең қауіпсіз өз бетімен жүретін автомобильдерді қосу. Сол арманды шындыққа айналдыру жолында бұл келісімнің жасалуы – маңызды қадам. Uber’дің озық технологиясы мен "Тойотаның" қауіпсіздікке адалдығы, өндірістегі батылдығы екі жақтың серіктестігін табиғи дүниеге айналдырады", – дейді Uber компаниясының атқарушы директоры Дара Хосрошахи.

Ниссан және DeNa фирмалары да биылғы жылдың басында Easy Ride robo-vehicle деген машинасын 4, 5 шақырымға жүргізді. Ал, наурызда DeNa және ZMP фирмалары "Тойота" корцернінің "Эстима" деген минивэнін қолданып, Токио маңындағы Фуджисава қаласында талай жолаушыны үйлерінен дүкендерге сәтті жеткізіп салған.

"Киодо" агенттігінің хабарлауынша, сенсормен жабдықталған жүргізушісіз көлік Токионың Отемачи және Роппонги аудандары арасында күніне төрт мәрте тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар, өз бетімен жүретін көлікпен қатынауға 1500-дей адам өтініш беріп қойған. Екі аудан арасында жүргізушісіз көлік сынағы осы айдың соңына дейін жалғасады. Жоспар бойынша, тамыздың аяғына дейін мұндай автономдық машина Отемачи мен Роппонги арасында 96 рет қатынамақ.

Мұндай машиналардың ішінде көліктің бағытын қадағалайтын жүргізуші мен көмекші отырады. Дегенмен, Токиодағы сынақтар оқыс оқиғасыз сәтті өтті деп сеніммен айтуға болады.

Жолаушылар діттеген жеріне жеткеннен кейін көліктің есігін өздері ашып, бір сапар үшін 13 доллар жолақысын смартфон арқылы төлейді.

"Киодо" агенттігінің хабарлауынша, дүйсенбі күні жолаушылардың бірі автономдық машинаға отырып, қалаған ауданына жеткеннен кейін жүргізушісіз көлікке отырғанын сезбей қалған. Ал, осы шараның бас-қасында жүрген "Хиномару Котсу" компаниясының президенті Казутака Томитаның сөзінше, бұл сынақ – автономдық транспортты толық коммерциялық қызметке қосуға бағытталған "ізгі қадам".

"Киодоның" өзге бір мәліметіне қарағанда, фирмалар Токио Олимпиадасын бетке ұстап, жыл соңында Ханеда әуежайы мен қала орталығындағы көлік хабы арасында жүргізушісіз машиналарды үлкен сынақтан тағы да өткізеді.

Айта кететін өзге бір жайт, бүгінде Жапония қоғамы қартаю жағынан әлемде алдыңғы қатарда тұр. Сондықтан, бұл мемлекеттің халқы азайған шалғайдағы аудандарында көлік айдайтын адам жеткіліксіз. Сонымен қатар, Күн Шығыс елінде кейінгі кездері егде жастағы адамдардың қатысуымен болған жол апаттары жиілеп барады.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу