Жыл он екі ай "Атамекен" не бітірді?

3227

"Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа" демекші, мәселені осылайша төтесінен қойғанымыз біреуге ұнамауы мүмкін.

Жыл он екі ай "Атамекен" не бітірді?

Бірақ шынтуайтына келсек, мойындау керек, отандық кәсіпкерлік саласының басын біріктіріп отырған еліміздегі ең ірі бизнес-қауымдастық ретінде кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасының (КҰП) өтіп бара жатқан жылы тындырған шаруасы аз емес.

Бұл бағынған белестерді, басы қайырылған жұмыстарды жүйелендіріп, КҰП сарапшылары ұсынысымен 2016 жылдың қорытындысында әр айға бір ілкімді жобадан келтіруді жөн көрдік.

Қаңтар: Қазақстанда Кәсіпкерлік кодекс қабылданды

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бизнес пен биліктің құқықтық қарым-қатынасын реттейтін Кәсіпкерлік кодекс заңды күшіне енді.

Бұл кодекс кәсіпкер мен мемлекет арасындағы өзара байланыс жүйесін реттеп, бір арнаға түсіруге қажет. Басты мақсат – жауапкершілік жүгін көбейту емес, кәсіп иесі де, мемлекет тарабы да еш бұзбайтындай нақты және ұғынықты ойын тәртібін құру.

Жаңа құжатта өзекті мәселелердің кең ауқымы қамтылған: бизнестің заң шығару үдерісіне қатысуы; мемлекеттік-жекеменшік серіктестік; мемлекеттік реттеу сипаттары мен құралдары; рұқсат беру мен хабарландыру; баға мен тарифті мемлекеттік реттеу; мемлекеттік бақылау мен қадағалау; жекелеген қызмет түрлерін мемлекеттік қолдау (агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіптік-инновациялық даму, инвестиция) және тағы басқа. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқын қорғауға арналған тұтас бөлім жасалған.

Ақпан: Тұңғыш рет елімізде бизнес-омбудсмен институты құрылды

Кәсіпкерлік кодекстің 28-бабы аясында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау бойынша өкіл тағайындалды. Бизнес-омбудсмен қызметіне Болат Палымбетов кірісті.

Бизнес-омбудсмен – Қазақстан үшін мүлдем жаңа институт. Өкіл мемлекет басшысының өкімімен тағайындалады және президентке ғана есеп береді. Оның үстіне Қазақстанның кәсіпкерлер құқын қорғайтын өкілге Кәсіпкерлік кодексте көзделмеген міндеттерді жүктеуге ешкімнің құқы жоқ. Оның қызметіне қандай да бір заңсыз килігуге жол берілмейді.

"Ауыл кәсіпкеріне несие беру мәселесін күшейту қажет деп санаймын. Бұл бағытта белсенді жұмыс жасауымыз қажет. Біршама жеңілдетілген несие, микронесие беру керек. Қазақстанның кез-келген өңіріндегі кәсіпкер жеке іс ашқысы келетінін, мәселен, наубайхана немесе омарта ашқысы келетінін айтады, бірақ несие ала алмай жүр. Оған сонша көп ақша да керек емес. Оның есесіне, аталмыш кәсіпкер 5-6 адамды жұмысқа ала алады. Сондықтан да осы ауыл кәсіпкерін несиелендіруді жолға қою керек", - деді портал тілшісіне берген сұхбатында бизнес-омбудсмен.

- Ел ішін аралап шыққаныңызды білеміз. Облыс әкімдерімен, облыс прокурорларымен, еңбастысы, кәсіпкерлермен кездестіңіз. Кездесуге тілек білдірген кәсіпкердің барлығы келді. Жалпы, қандай әсер алғаныңызды білгіміз келеді.

- Иә, Қазақстанның барлық өңірін аралап шықтық. Бірақ өңірлерге бармастан бұрын, келіп түскен шағымдарды құрылымы бойынша мұқият талдаудан өткізіп алдық.

Астанаға келіп түсетін жер қатынастары, құрылыс, сәулет және т.б. салалардағы кәсіпкерлер құқына қысым көрсетуге қарсы берген шағымдардың 90%-ын дерлігін жергілікті деңгейде шешуге болады. Яғни кәсіпкер өз өңірінде жауап таба алмаған соң, мемлекеттік органға жүгінеді.

Кәсіпкер берген шағым жайлы айта келіп, олардың барлығының бірдей болғанын әрі өңір басшыларына жеткізілгенін баса көрсеткім келеді. Мысалы, жер телімдерін алу мәселесі барлық өңірде дерлік Бас жоспар мен толық жоспарлау жобасына сәйкес келмеу салдарынан болып отыр.

Біз әкімдік сайтына Бас жоспарды жариялауды ұсындық. Жалпы, барлық облыстарда жер телімдері аукциондар арқылы өткізіле бастады, бизнес өкілдері түрлі комиссиялар құрамына кірді. Бірқатар әкімдік сайттарында елдімекендердің бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша ақпарат орналастырылып қойды.

Өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелер негізінде көбінесе заңсыз шешімдер мен қаулылар шығаратын жергілікті атқару органдарының заңсыз әрекеттерімен байланысты.

Кездесу кезінде барлық облыстың басшылары кәсіпкерліктің өз өңірлерінде дамытылуына мүдделі екенін байқатты және жергілікті бизнесмендердің мәселелері бойынша кездесуге дайын. Олар ниеттерін істерімен де растап отыр.

- Еліміздегі бизнестің дамуына жасалып отырған жағдай жайлы не айта аласыз?

- Қазақстанда бизнесті дамытуға жақсы жағдай жасалған. Мемлекет басшысы кәсіпкерліктің дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Елімізде табысқа қол жеткізгісі келген кәсіпкер табандылық танытса, міндетті түрде дегеніне жетеді.

Жақында ғана Дүниежүзілік банк "Doing Business" бизнесті жүргізу рейтингісін жария етті, онда Қазақстан 189 ел ішінде 35-орында тұр.

- Кәсіпкерлер құқын қорғайтын өкіл қызметіндегі басым бағыт қайсы? Бизнесті қолдау бағдарламалары ма, зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек пе әлде жаңа заңнамалық бастамаларды енгізу ме?

- Қазір өтініштер қабылдау, қоғамдық және заңгерлік сараптама жүргізу, министрліктермен жұмыс жасау тәртібін анықтайтын жүйені және т.б. жолға қоямыз.

Алдағы уақытта, әрине, бизнесті қорғайтын жұмысымызға кәсіпкер шағымына жауап қату ғана емес, жалпы қолайлы орта қалыптастыру да кіретін болады. Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңды ізгілендіру бойынша ұсынысымызды беріп қойдық.

Әрине, азаматтық-құқықтық кеңістікте де – қоғамдық ұйымдармен және мемлекеттік құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс істейтін боламыз.

Наурыз: Шағын бизнесті несиелеу жобасы іске қосылды

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде ауылдағы кәсіпкерлік бастамасы бар ағайынды қолдау мақсатында "Атамекен" КҰП шағын бизнесті несиелеу жобасын ұсынып, ол бүгінде елдің 6 облысында іске қосылды.

Орасан көп сомада болмаса да, нақты беріліп жатқан көмек қаржы алтын бесік ауылдағы ағайынның ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, еңсесін көтермекші.

Беделсөз: "Басты мақсат та сол - алыс, шалғай елді-мекендердегі халықты жұмыспен қамтып, қарапайым еңбек адамының мұң-тілегіне құлақ асу, бейнелеп айтқанда, "қолына қармақ ұстатып", өз ортасын көркейтуге жігерлендіру. Жұмыссыз сенделген, не бизнесі, не қаржысы жоқ болып тығырыққа тірелген жастар жағы да мемлекет тарапынан қамқорлықты сезінсе, кәсібін ашса, жаппай бизнеске жұмылса, қоғамды дүрліктірген келеңсіздіктер де азаяр еді.

Шынтуайтына келгенде, ел экономикасы жүйеқұраушы алпауыт кәсіпорындар мен ірі өндірістерден ғана тұрмайды. Шағын және орта бизнес негізгі экономиканы тұрақты ұстап тұратын тірек. Адамның қызықты да пайдалы жұмысы яки шаруасы болса, түрлі ағымға еріп кетуге, түсініксіз тірлікпен айналысуға мұршасы да болмай қалады. Біз оларға тек қаржыны ұстата салмай, ынталы жанды алдын ала кәсіпкерлік негізіне оқытамыз, жеке кәсіпкерлік ашуға үйретеміз, жергілікті жердегі маманымыз кәсіби кеңесін аямайды. Тіпті дайын бизнес-жоспар жасап, тәуекелдерді бағамдап, әрдайым көмектесуге әзір екенімізді білдіреміз.

Жеке кәсіпкерлік тіркелген соң, салық төлеу әуре-сарсаңы, есебін сауатты толтыру, бәрін егжей-тегжейлі сараптап береміз. Бұдан ұғатынымыз, бағдарламаның әлеуметтік ықпалы өте зор. Қаражат тапшы ма, еліміздің барлық аймағында "Атамекеннің" кәсіпкерлерге қызмет көрсететін 188 орталығы жұмыс істейді, осында кел, бірақ жауапкершілікті де сезін. Қарыз ақшаны қайтару керек, мәселен. Кейбір банк саласындағыдай кепілге қоятын мүлкін ескі, құны төмен деп мұрын шүйіріп қарамаймыз. Табыс әкеліп тұрған кәсіптің, тәжірибенің жоғын да елемеуге тырысамыз. Несие алушының өтінішті қанағаттандыруға лайықтығын ауылдастарының кескін-келбетіне тереңінен қанық жергілікті Кәсіпкерлер кеңесі шешеді", - дейді "Атамекен" КҰП басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

"Атамекен" қосқан 3 жылға дейінгі мерзімдегі 6-7% үстемеақы филиалдардағы қызметкерлердің жалақысы сияқты шығындарды жабуға қажет. Қазіргі кезде бұл сыйақы мөлшерлемесі коммерциялық құрылымдардағыдан әлдеқайда аз. Тегін ақша десек те қателеспеспіз.

Жалпы несиелендіру қызу жүргізіліп жатқан Қызылорда, Ақтөбе, Алматы облыстарынан бөлек, Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл облыстары таңдалған.

Сәуір: Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының тұсауы кесілді

Электрондық құралдардан http://businessmap.kz/, www.businessnavigator.kz сілтемесі арқылы өтуге болатын ақпараттық-талдамалық картаны жасаудағы негізгі көзделген міндет – ел өңірлерінің инвестициялық мүмкіндігін айшықтау.

Беделсөз: "Порталға кез-келген заманауи құралдан кіріп, ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен, инвестициялық келбетімен кеңінен танысуға болады. Басқаша айтқанда, барлық ақпарат қамтылған. Жергілікті атқарушы билік үшін де бұл таптырмас амал", - дейді КҰП басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов.

Мамыр: Алғашқы қазақстандық "Atameken business channel" бизнес-арнасы хабар тарата бастады

"Atameken business channel" телеарнасының бас директоры Юлия Валиахметованың айтуынша, "ABCTV" – бұл Қазақстанның эксклюзивті экономикалық, қаржы және бизнес жаңалықтарын жеткізуші.

Беделсөз: "Жаңа медиа-ресурстың басты мақсаты – бизнес-қоғамдастықты тың ақпаратпен қамтамасыз ету, бизнесмендерге және іскер адамдарға маңызды шешімдер қабылдау үшін қажетті шынайы әрі өзекті іскерлік ақпарат ұсыну. Хабар тарату мемлекеттік және орыс тілдерінде жүретін болады", – дейді Юлия Валиахметова.

"Atameken business channel" арнасының аудиториясы – шағын, орта және ірі бизнестің өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, бір сөзбен айтқанда, өз уақытын бағалайтын және объективті ақпаратты жедел алуды қалайтын прагматик адамдар, жаңа технологияларға және девайстарға қызығатын жандар.

Маусым: Агробіліктілік орталығы құрылды

"Атамекен" КҰП жанынан ауылдағы шаруалардың өрісін ұзартуға арналған Агробіліктілік орталығы құрылды. Биыл Орталық мемлекеттік тапсырыс аясында агроөнеркәсіп кешенінің 25 басым бағыты бойынша 666 семинар өткізіп, онда 10 мың фермер қамтылды.

Беделсөз: "Оқытылған тақырыптарға агроөнеркәсіп кешенінің барлық негізгі бағыттары кірді: 1) ауыл шаруашылығындағы технологиялық дүниелер, өсімдік және мал шаруашылығы, өнімді қайта өңдеу, жермен жұмыс, сәйкесінше Қазақстанда "жасыл" экономиканы дамыту; 2) кәсіпорынды басқарудан, қаржылық жоспарлау мен баға қалыптастырудан, тауарды өткізуден, бизнес-жоспарлаудан, тәуекелді бағалаудан тұратын аграрлық менеджмент, кооперация, мемлекеттік қолдау түрлері; 3) ғылыми зерттеулер жемісін іс жүзінде енгізу мен озық технологиялар трансферті, коммерцияландыру мен инновацияларды қолданудағы отандық тәжірибені тарату және тағы басқалары", - дейді Орталық директоры Төлеутай Рақымбеков.

Шілде: "Bastau Бизнес" жобасы қолға алынды

Ауыл халқын бизнес негіздеріне оқыту аясында іске қосылған аталған жоба бастапқыда Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында сыналып, одан кейін Ақтөбе облысының Темір ауданында және Жаңаөзен қаласында жүзеге асты. Келесі жылы "Bastau Бизнес" жобасы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде атқарылмақ.

Беделсөз: "Алғашқы сатыда аудан орталығы мен ауыл тұрғындарына жобаны түсіндіріп, жан-жақты ақпаратқа қанықтырдық. Содан соң тілек білдірушілердің икемі мен ыңғайын айқындау үшін онлайн-тест өткіздік. Joozzy автоматтандырылған ой-сананы бағамдау және мониторинг жүйесі арқылы неғұрлым ынталы, құлшынысы зор, ынтымақтастыққа дайын тұлғаларды іріктедік. Мұнда мұқият кодталған сөздер мен түсініктерге психомоторлық реакция өлшенді. Ешкімнің бетін қайтармауға тырыстық. Тіпті 70-тен асқан, компьютердегі жұмыстан мақұрым апамыздан білгенімізді аямадық. Компьютердің тілін білмейтін қарияның қағазға түсірген шашыраңқы ойы бизнес-құжатқа айналып шыға келді!" – деп Мұнайлы ауданында өткен сабақтарындағы әсерімен бөліскен тың жобаның бизнес-дәріскері Медер Аматов: – 1 жыл бойы бизнес аяғына тік тұрып кеткенше құрал-жабдық сатып алу, мамандар тағайындау сынды өзекті мәселеде демеп жәрдемдесеміз, яғни қысқа оқу сабағымен тез құтыла салу, әрі қарайғы жағдайына назар аудармау деген жоқ. Курстың соңына дейін шыдап, төзімділік танытқан топтың төккен тері далаға кетпей, арманына жетуіне біз де мүдделіміз. Алайда жобаға қатысушы да өз дербес жауапкершілігін сезінгені ләзім", - деп мәлімдеді.

Тамыз: "Атамекен" сайтына "Заңды бірге жақсартамыз" формуляры орналастырылды

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Бас прокуратурамен және "Нұр Отан" партиясымен бірлесе отырып, өз сайтында заңнамадағы бизнеске кедергі жасайтын ақауларды анықтау жобасын іске қосты.

Бұл формуляр арқылы сатып алу, салық салу және энергетика саласындағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстар келіп түсуде. Бизнестің заңға өзгерістер енгізуге қатысты ой-пікірлерін "Атамекен" сарапшылары және құзырлы мемлекеттік мекемелер мамандары қарастыруда.

Қыркүйек: Кәсіпкерлікті дамытуда байланысты 10 қадам қабылданды

"Атамекен" палатасы Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы аясында бизнесті өркендетуге қатысты басымдыққа ие 10 қадамды жасап шықты.

Келесі жылы да жалғасын табатын мұнда шағын несиелеу көкжиегі кеңейтіліп, халықты жаппай бизнес негіздеріне оқыту, ауылшаруашылық кооперациясын дамыту, өндірісті жерсіндіруге жауап ретінде ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырыс есебінен бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономика өсімінің негізгі ұстыны ретінде шағын және орта кәсіпкерліктің экспорттық әлеуетін күшейту, өнеркәсіптік және инвестициялық шешімдер қабылдауда Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын негізге алу, "Үкімет бизнес үшін" сервисін жасау, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметтерін азайту, қылмыстық және әкімшілік заңнаманы әрі қарайғы жетілдіру, нарықтық ұстанымдарға нұқсан келтіру жөнінен мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың барлық ведомстволық және еншілес құрылымдарын ревизиялау көзделуде.

Қазан: "Мен Қазақстанды жақсы көремін" фотобайқауы қорытындыланды

"Атамекен" КҰП туристік қауымдастықпен бірлесіп ұйымдастырған "Мен Қазақстанды жақсы көремін" фотобайқауының 50 үздік жұмысы Қазақстан-Қытай туристік форумында таныстырылды. Бір айта кетерлігі, байқауға қатысушылардың фотосуреттері еліміздің бай тарихы мен әсем табиғатын көрсете білген. Десе де, басты назар табиғаттың мінсіз суреттеріне бөлінген. Алайда, байқау аталымдарының арқасында кадрға урбанистік көріністер, отандасымыздың келбеті, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың да сәттері іліккен. Жұмыстардың деңгейі өте жоғары, сол себепті, көрме іс-шараға ерекше көрік беріп, қатысушыларына айрықша көңіл-күй сыйлай білді.

Қараша: Отандық тауар өндірушілердің "Ұлы дала елі" форумы өтті

Қазақ өнімдерін өткізу мәселесі "Ұлы дала елі" отандық тауар өндірушілердің II форумының "Сатып алу. Өткізу. Сауда. Экспорт" панельді сессиясының басты тақырыбы болды. Қазақстан соңғы 25 жылда экономиканың түрлі саласында отандық тауар өндіруді бір жолға қойды. Салалардағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын Инвестиция және даму, Ұлттық экономика министрліктерінің, ұлттық компаниялардың басшылары, "Самұрық-Қазына" қоры тобы еншілес ұйымдарының өкілдері мен бизнес-қауымдастықтар, бас-аяғы 700-ден астам кәсіпкер талқылады.

Ұлттық палатаның басты міндеті – отандық өнімді сату нарығымен қамтамасыз ету. Бұл жөнінде, "Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауы мен отандық тауар өндірушілердің "Ұлы дала елі" ІІ форумында "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев мәлімдеді.

Форумы аясында 10 млрд теңгеге келісімшарт жасалып, төрт тапсырыс беруші компания мен 10 отандық тауар өндіруші арнайы келісімшартқа қол қойды.

Желтоқсан: Елбасы "Алтын сапа" сыйлығын табыстады

Астанадағы телекөпір барысында Нұрсұлтан Назарбаев "Атамекен" КҰП ұйымдастырып келетін "Алтын сапа" байқауының арнаулы үш сыйлығын тапсырды.

"Үздік өнеркәсіптік жоба" аталымында мұнай-газ кешені құрал-жабдығын және қосалқы бөлшектерін шығару мен оларға қызмет көрсету ісінде бай тәжірибесі бар, қазіргі заманғы технологияны игерген "АтырауМұнайМаш" ЖШС құрылтайшысы Сағат Түгелбаев Елбасы қолынан құнды сыйлықты еншіледі.

"Үздік инновациялық жоба" аталымында Оңтүстік Қазақстан облысындағы "ХимФарм" АҚ топ жарып, құнды жүлдені кәсіпорын директоры Рустам Байғарин алды. "ХимФарм" АҚ өндірістік қуаты жылына 1,5 млрд таблетка, капсула және гранула шығаруға мүмкіндік береді. Компания өнімі Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түркіменстан және Ресей нарықтарына жіберіледі.

"Сапа көшбасшысы" аталымында үздік көрінген "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ тартуы ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевичке тапсырылды. Осы орайда бастапқы алюминий өндiретін электролиз зауытын 2007 жылы Елбасының өзі іске қосқанын айта кеткен жөн. Бүгінде кәсіпорында 2,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Зауыттың жобалық қуаты жылына 250 мың тоннаға жетіп отыр.

Елбасы ұлттық рухы берік, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет құра білгенімізді атап өтті. Қазақстан бүгінде ынтымақ ұясына, достық пен келісім панасын саялағысы келетін жандар үшін жерұйық мекеніне айналып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу