"Әлемдік қоғамдастықтағы жағдай түзелмек тұрмақ, нашарлай түсті"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2483

Сондықтан дін көшбасшылары әлем елдерін бейбітшілікке шақыруға тиіс.

"Әлемдік қоғамдастықтағы жағдай түзелмек тұрмақ, нашарлай түсті" Фото: akorda.kz

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталды. Оның ашылуына ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мемлекет басшысы атап өткендей, Астана әлемге бітімгершілік процестердің орны ретінде танылып үлгерді.

"Астанада алғашқы тарихи съезд өткізілген уақыттан бері 15 жыл өтті. Бүгін біз алтыншы рет жиналып отырмыз. Биыл Астана 20 жылдығын атап өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Елорданың негізгі басымдығына айналды. Өйткені, біз бұл шаһарды барлық мәдениетке ашық Еуразияның болашақ қаласы ретінде салдық. Бүгінде Астана әлемдік қоғамдастыққа бітімгершілік процесстердің, бастамаларды түйіндестірудің нүктесі ретінде танымал", – деді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің ашылуында.

Президент бұған дейін ұйымдастырылған V съезден бері үш жыл өткенін, осы аралықта Қазақстан астанасында әлемдік деңгейдегі маңызды шаралар ұйымдастырылғанын атап өтті.

"Астанада қабылданған шешімдер халықаралық резонансқа ие болды. Өйткені, ол шешімдерде бітімгершілік, серіктестік, толеранттылық және жасампаздық идеялары бар. Бұл баршамыз үшін маңызды. Өкінішке қарай, әлем турбуленттік жағдайға еніп отыр. Баршамызды санкциялық текетірестер, дінаралық және дінішілік қайшылықтар, сауда соғыстары, қоршаған ортаның ластануы секілді мәселелер алаңдатуда. Ғылыми-технологиялық прогресс дамыған шақта өркениетаралық жанжалдардың орын алуы тіпті мағынасыз. Қазір ортақ ғаламшарды келер ұрпаққа қандай күйде тапсыратынымыз басты проблемаға айналып отыр. Біз  үшінші мыңжылдықта 18 жыл өмір сүрудеміз. Бірақ, бейбітшілік, әл-ауқат пен молшылық адамзат дамуының негізгі тенденциясына айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздік, жек көрушілік және жанжалдардың шеңберінен шыға алмай келеді. Біз жағдайдың түзелмек тұрмақ, нашарлай түскенін көріп отырмыз. Елдер мен саяси блоктар арасында жаңа кедергілер пайда болуда. Ал ең қауіптісі – адамдардың ақыл-ойы мен жүрегінде өзара жатсынушылық күшейе түсті", – деді президент.

Сондықтан, Елбасы мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, қауіпсіз әлемді қалыптастыру жолында конфессияаралық, өркениетаралық диалог орталығын құру керек дейді.

"Мемлекеттердің әскери блоктарға бөлуін өткенге қалдыру керек. Әскери блоктардың болуы – мәнсіз әрі тартысқа әкелуі мүмкін фактор.  Жалпыәлемдік антиәскери шаралар туралы өз көзқарасымды мен "Бейбітшілік. ХХІ ғасыр" Манифестінде атап көрсеткен едім. Ол "Ядролық қарусыз әлем" құруға үндейді. Біздің мұндай бастама көтеруге моральдық тұрғыдан құқығымыз бар. Өйткені, Қазақстан әлемдегі ядролық полигонды жауып, қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық-зымыранды арсеналдан бас тартқан ел. Әлемдік бірлестіктер мен дін басшылары Қазақстан ұсынған шараларды қолдайтын болса, ядролық қарусыз әлем құруға болады", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мемлекеттер арасындағы сенімді қайта қалпына келтіру жолында толассыз еңбек етіп келеді. Мәселен, біздің ел сириялық қақтығыстардың тоқтатылуына күш салып, келіссөздер жүргізу үшін алаң ұсынды. Бұдан бөлек, Қазақстан Шығыс Украинадағы мәселелердің реттелуі үшін жұмыс жүргізді. Ресей мен Түркия арасындағы кикілжің кезінде де Қазақстан тараптарды татуластыру жолында тер төкті. Президент бұл бағыттағы жұмыстарды ары қарай жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.  

"Қазақстан алдағы уақытта да аймақтық және жаһандық қауіпсіздік үшін барынша күш салатын болады. Айтылған бастамаларды бірлесе жүзеге асыру үшін мен өз тарапымнан конфессияаралық, өркениетаралық диалогты дамыту орталығын бекітуге дайынмын. Біз халықаралық құқықтан аттап кетпейтін бұдан да қауіпсіз әлемді қалыптастыруға бірлесе күш салуымыз керек. Сондай-ақ бейбітшілік идеяларын ілгерілетуде жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалану қажет. Бұл үшін біздің съезд базасында ақпараттық портал құру болжанып отыр. Порталдың міндеті – діни радикализмнің кез  келген көрінісіне және зорлық-зомбылыққа орнықтылықты нығайту әдістерін зерделеуге және қолдануға көмектесу. Аталған портал жаһандық форматта діндар адамдар аудиториясымен жұмыс істеуде тиімді алаң бола алады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті дін көшбасшылары әлем елдерін бейбітшілікке шақыруы керек деп есептейді. Өйткені жанжалдасушы тараптар арасында конструктивті диалог орнату үшін діни көшбасшылардың, діни ұйымдардың мүмкіндігі зор. Сондықтан дін көшбасшылары әлемдік қоғамдастық алдында сөз сөйлеуі керек.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне қатысып, сөз сөйлеген Сербия президенті Александр Вучич съезд жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ ол әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтінін айтты.

"Біздің мүддеміз, міндетіміз ортақ. Ол – өркениетті қорғау. Дін лидерлері бүгінде әлемдік деңгейдегі беделді тұлғалар болып саналады. Сондықтан, олардың айтқан идеялары, ілімдері құндылықтарға негізделеді. Әлемдік дін басшыларының идеясы халықаралық құқыққа негіз болып отыр", – деді Александр Вучич.

Мәскеу мен бүкіл Русь Патриархінің викариі Митрополит Иларио́н Сирия, Ирак және әскери қақтығыстан зардап шеккен өзге де мемлекеттерді қалпына келтіру үшін біріге жұмыс істеу керектігін жеткізді.

Еске сала кетейік, биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне – 15 жыл. Алғашқы съезд 2003 жылы 23-24 қыркүйекте ұйымдастырылған болатын. Съезд 15 жыл ішінде конфессияаралық және дінаралық қатынастар мәселелерін талқылауға арналған беделді халықаралық алаңға айналды. 

Биылғы съездің жұмысына әлемнің 46 елінен 82-нен астам делегация қатысуда. Олардың қатарында беделді саясаттанушылар, ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, зороастризм діндерінің лидерлері, сондай-ақ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, Араб мемлекеттерінің лигасы және тағы да басқа халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу