Abctv.kz АМТ-ның серіктес ұйымдарға қарыз болған жайының даму барысы туралы бұған дейін де хабарлаған болатын.
АМТ өз мердігерлеріне қарыз ақшаны 2017 жылдың 24 қаңтарында сейсенбіде (одан алдын 15 қаңтарда деген) толық өтеймін деп, Теміртау әкімдігіне уәде берген болатын.
Алайда әкімнің баспасөз хатшысы Ольга Горячева айтқандай, 25 қаңтарға дейін қалалық атқарушы органға осы мәселенің толық шешілгендігі жөнінде ешқандай ақпарат түспеген.
24 қаңтарда abctv.kz АМТ-ға жіберген сұранысына жауап алды, онда да ешқандай нақты ақпарат жоқ: "2016 жылдың соңына қарай мемлекеттік ҚҚС уақытында қайтарылмағаны себепті мердігер ұйымдарға қарыз болып қалдық. Жаңа жылға дейін компанияның тиісті бөлімшелерінің қызметкерлері әр мердігер компанияның қарызын өтеу кестесін жасады. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы бекітілген кестеге сәйкес төлем жүргізеді", - деп мәлімдейді АМТ баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, жергілікті мердігер ұйымдар жалғыз тапсырыс берушісін жоғалтып алмау үшін "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнымен қарым-қатынасын бұзғысы келмейді де, құқы бұзылғаны туралы прокуратураға шағым түсірмейді. Бұл туралы Теміртау кәсіпкерлік және қызмет көрсетуші жұмыскерлердің қалалық кәсіподағының төрайымы Наталья Попова айтты.
"Мердігерлер сотқа шағымданып, өз адал еңбегімен тапқан ақшасын сұрата алмай отыр, себебі комбинаттағы жұмысын жоғалтады, қаламыздың жұмыссыздар саны артады", – дейді ол.
Осы кезде АМТ-ның Шығыс Қазақстандағы мердігерінің алдындағы қарызы жаңа қарқынмен дами бастады. Еске салсақ, 12 қаңтарда "Қазақстанның теміржолшылар тобы" ЖШС egov порталы арқылы Теміртау қаласының әкімдігі мен прокуратурасына "АМТ зауыт-басқармасында бейбіт шеру" өткізу туралы өтінім жіберген болатын.
Шеру өткізуге себеп – Миттал кәсіпорнының Шығыс Қазақстан ұйымының алдындағы міндеттерін орындамауы.
"Бүгінгі күні "Арселор Митталдың" бізге қарызы 43-45 млн теңгеге жетті. Бұл 2016 жылдың қазан айынан бастап жиналған сома, "Арселор" орындалған жұмыстар актісіне қол қойып, барлық жұмысты қабылдағанына қарамастан бүгінгі күнге дейін ақымызды төлемей келеді. Біз жолдаған хаттарға дұрыс жауап бермейді, яғни бізді елеп-ескеріп жатқан жоқ", – деп мәлімдеді "Қазақстан теміржолшылар тобы" ЖШС директорының орынбасары Ардақ Терсебаев.
Теміртау әкімдігі "өтініште шеру өтетін уақыт белгіленбегендіктен, шеру өткізуге рұқсат бермеді".
Ал комбинаттың басшылығы қорғаныстан қарсы шабуылға көшіп, теміржолшылар жұмыс істеу кестесін бұзды деп шағым жасады.
"2016 жылдың тамызында "АрселорМиттал Теміртау" мен "Қазақстан теміржолшылар тобы" ЖШС Шахтинск пен Придолинская станцияларының арасында орташа жөндеу жұмысын жүргізуге шарт жасасқан болатын. Мердігер кәсіпорынды таңдауда жұмысты барынша аз уақытта орындауға басты назар аударылған. "Қазақстан теміржолшылар тобы" ЖШС жұмысты 2016 жылдың 30 қарашасына дейін аяқтаймыз деп кепілдік берген. Алайда компания өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамады және шартта көрсетілген мерзімде жұмыстың жартысын ғана аяқтап үлгерді, ал одан кейін жұмысты мүлде жалғастырмай, тоқтатып қойды. Мердігер жөндеген жолдың бір бөлігі бұзылып, оның салдарынан вагондар жолдан шығып кетіп, апатқа ұшырады. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ "Қазақстан теміржолшылар тобы" ЖШС-ға шағым білдірді. Шартқа сәйкес "Қазақстан теміржолшылар тобы" ЖШС жұмысты тапсыру кестесін бұзғаны үшін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына 21 млн теңгеден астам айыппұл төлеуі тиіс", – деп мәлімдеді АМТ баспасөз қызметі abctv.kz-тің сұранысына берген жауабында.
Бұл дау-дамайда шағын мердігер ұйымдар болат өндірісінде әлемде №1 орынды иеленетін ірі компаниямен бетпе-бет келді.
Теміртау қаласының прокуроры Арман Аханов жергілікті телекомпанияға берген сұхбатында мердігерлерге көмек беретіндей прокуратураның өкілеттігі жоқ екенін алға тартты.
"Негізі бұл кәсіпорынның ішкі жұмысы, біз сырттан келіп араласа алмаймыз, бұл қысым көрсету деп бағаланады. Қазір бас прокуратураның бастамасымен біз бизнеске қысым көрсетпеуге тырысамыз, сондықтан бұл мәселені өкілетті органдарға жүктейміз. Ал мердігер ұйымдарға қайтарылмай отырған қарыз жайына келсек, бізге ешкім шағымданған жоқ. Егер мердігер ұйымдардың өкілдері бізге өтінішпен келетін болса да, біз тексере алмаймыз, себебі бұл – шаруашылық субъектісін тексеру, біз оны бас прокуратураның келісімімен ғана тексере аламыз".
Abctv.kz оқиғаның барысын өз бақылауына алды.
Олег И. Гусев, Теміртау