"Астана" Еурокубок додасында тарихи жетістікке қол жеткізді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3301

Футболдан Қазақстан чемпионы Еуропа лигасының топтық кезеңін сәтті аяқтап, плей-оффқа шықты.

"Астана" Еурокубок додасында тарихи жетістікке қол жеткізді

Еуропа лигасының топтық кезеңі аяқталды. "А" тобында бақ сынаған "Астана" футбол клубы алтыншы турдағы ойынын Прагада өткізіп, жергілікті "Славия" клубын тізе бүктірді. Есеп – 1:0. Сөйтіп, аталмыш Еурододаның 1/16-финалына шықты. Бұл – қазақ футболында бұрын-соңды болмаған ерен жетістік! Тарихи жеңіс!

Негізі, бұл жетістікке қол жеткізу оңай болған жоқ. Себебі, биыл Қазақстан чемпионаты "Астана" үшін тым "ерте" аяқталды. Жылдағыдай ел кубогы додасының шешуші ойындары да қоңыр күзге қалдырылмады. Сондықтан "Астана" биылғы Қазақстан кубогы додасынан әу баста "шығып" қалған. Өйткені маусым барысында үш бірдей додада (чемпионат, кубок, Еурокубок) өнер көрсету өте қиын болды...

Қыркүйектің 9-ынан бастап, әсіресе қазан айында 3-4 күнде бір ойын өткізіп, Қазақстан мен Еуропа арасында арлы-берлі сабылған "Астана" ел чемпионаты соңында титықтап, біраз қиналған еді. Ал 5 қарашада елішілік доданың бәрі аяқталып, елорда клубы ешқандай ойын өткізбей, тоқырап қалды. Тіпті футболшылары спорттық бабын жоғалта бастағандай да болды.

Сол себепті еліміздің төрт дүркін чемпионы Чехияға ертерек барып, қысқа мерзімді оқу-жаттығу жиынын жүргізді. Осы жиын барысында "Виктория" (Жижков) клубымен жолдастық кездесу өткізді. Әрі осы елдің шежіресі мол, ежелден келе жатқан командасынан басым түсті (3:1). Осы ойынның пайдасы тигендей де...

"Астана" Еуропа лигасының топтық кезең аясындағы соңғы ойынында жеңіске жетіп, бүкіл Еуропаны таң қалдырды. Себебі, "Славия" құрамы өте тәжірибелі ойыншылармен жасақталған, азулы команда болатын. Әйтсе де, Қазақстан чемпионы тактикалық тұрғыда өте сауатты ойын өрнегін көрсетті. Бәрі тізе қоса қимылдап, жанкештілік танытты. Ешқандай да өрескел қателіктер жіберген жоқ. Қорғанысқа көңіл бөліп, қарсы шабуыл ұйымдастырып отыруға тырысты.

Ал "Славия" болса, аса жоғары жылдамдықта көсіле алмады. Тіпті бірінші таймның басында шабуылшысы жарақаттанып қалып, Милан Шкоданы Томаш Нецидке ауыстыруға мәжбүр болды. Бірақ бойлары сырықтай екі шабуылшысы да "Астананың" қақпасына гол соға алмай, пұшайман болды. Чехия клубы қалай шабуылдаса да, Қазақстан чемпионының қорғанысын бұзып өте алмады.

Жоғарыда жазғанымыздай, қорғаушыларымыз өте мұқият ойнады. Әрі бұл ойында қақпашымыз Ненад Эрич те айрықша көзге түсті. Өте сенімді ойнап, бірнеше қауіпті сәттерде шеберлік танытты. Алаң иелері тіпті бетпе-бет шықса да, "Астананың" қақпашысынан айлаларын асыра алмай, дал болды. Әуелеп келген доптарды да қағып алып, бар өнерін паш етті.

Ал жалғыз гол бірінші таймның аяғында соғылды. "Астана" оң қанаттан айып соққысын орындап, қақпа алдындағы барлық ойыншы допқа атылды. Бір қызығы, "Славия" қорғаушылары негізінен Логвиненконы аңдып, Юраны қаумалап жүргенде, Аничич ашық қалды. Әрі өз мүмкіндігін мүлт жібермей, теңбіл допты қақпа торында тулатты...

Әу баста бас төреші "офсайд болды" дегенімен, қапталдағы көмекшісімен ақылдасып, бұл голды есепке алды. "Славия" футболшылары осыдан кейін қарқындарын үдетті. Әсіресе, екінші таймда құйындай орап соқты. Гол соғатын мүмкіндіктері де болды. Бірақ бұл күні алаң иелеріне сәттілік серік болмады. Жеңіс "Астанаға" бұйырды.

Осылай, Қазақстан чемпионы қайсарлықтың үлгісін танытып, шектен тыс тартысты ойында тарихи жеңіске қол жеткізді. Ең бастысы, Прагадағы осы жеңісінің арқасында тұңғыш рет Еуропа лигасының плей-офф сатысына шықты. Бүкіл қазақ жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Енді Еуропа лигасының 11 желтоқсан күні тартылатын жеребесін тосамыз.     

"Славия" – "Астана" – 0:1 (0:1)

Гол: Аничич, 38.

Ескертулер: Соболь, 42. Стох, 88. Нецид, 90+5 – Мұжықов, 54. Эрич, 78. Шитов, 83.

"Славия": Лаштувка, Соболь, Югас, Данни, Змргал (Сикора 76), Нгадеу-Нгаджуи, Стох, Шкода (Нецид 17), Соучек, Фрыдрых, Ротань (ван Бурен 68)

"Астана": Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко, Шитов, Граховац, Маевский, Мұжықов (Малый, 84), Томасов (Муртазаев, 68), Твумаси (Деспотович, 90+3), Кабананга.

Төрешілер: Масса, Мели, Тегони (бәрі де – Италия).

7 желтоқсан. Прага. "Эден Арена".

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу