"Біз жатып ішер емеспіз"

9398

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ мердігер-компаниясы АМТ басқармасы ғимаратының алдында шеру өткізбек болып шешті.

"Біз жатып ішер емеспіз" Фото: reuters.com

12 қаңтарда Шығыс-Қазақстан облысынының "Қазақстанның теміржолшылар тобы" ЖШС egov порталы арқылы Теміртау қаласының әкімдігі мен прокуратурасына "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) зауыт-басқармасында бейбіт шеру" өткізу туралы өтінім жіберді.

Шеру өткізуге себеп – "Лакшми Миттал" кәсіпорнының Шығыс Қазақстан ұйымының алдындағы міндеттерін орындамауы, АМТ бұл ұйымға 38 млн теңге қарыз болған.

Айта кету керек, жергілікті мердігер ұйымдар жалғыз тапсырыс берушісін жоғалтып алмау үшін "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнымен қарым-қатынасын бұзғысы келмейді. Бұл туралы abctv.kz-ке осындай компаниялардың бірі, атауын құпияда сақтау шартымен, айтқан еді.

Шығыс Қазақстан облысының мердігері шеруге шығуға өтініш беру арқылы мәселеге халықтың назар аудартқысы келген.

"Жалпы жұмыстың шамамен 55%-ы орындалды, бірақ ақысы төленген жоқ. Біз АМТ-ға ақшамыз қайда деп хат жаздық. Желтоқсан өтті, бірақ жағдай өзгерген жоқ, сол баяғы тыныштық. Қаңтар айында біздің басшы еңбек ұжымын, кәсіподақты жинап болған жағдайды түсіндірді, біз шешім қабылдадық", – деп сұхбат берді "Қазақстанның теміржолшылар тобы" ЖШС директорының орынбасары Ардақ Терсенбаев теміртаулық "Зеркало" газетіне.

Оның айтуынша, егер шеру өткізуге рұқсат берілсе, кәсіпорынның барлық жұмысшысы Теміртауға келмек.

"Дәл осындай шараны қолдану туралы шешімді не үшін қабылдап отырмыз? Түсінесіз бе, біз оларға бірнеше рет хат жаздық. Егер олар бізге келіп: "Осындай қиындық туып отыр, жігіттер, аздап күтейік, сіздердің еңбектеріңіздің ақысын міндетті түрде төлейміз", – десе, мұндайға жеткізбейтін едік. Яғни олар бізге жатып ішерлерге қарағандай қарайды", – дейді Ардақ Терсенбаев.

Алайда 16 қаңтарда Теміртау әкімдігі "өтініште шеру өтетін уақыт белгіленбегендіктен, осы негізде шеру өткізуге рұқсат берілмеді" деп түсіндірді.

Сонымен қатар 30 желтоқсанда өткен қорытынды баспасөз мәслихатында Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов болған жағдайға қатысты мынадай пікір білдірді: "Мемлекеттің міндеті – тоқсан сайын экспортқа шығарылған өнімнің қосымша құн салығын қайтару. Ал АМТ көп жағдайда осыған сенеді: ақша түссін, сосын барлығының ақысын өтейміз дейді. Олар 1 қаңтардан кейін 15 күн ішінде қарызды өтейміз деп жауапкершілік алды. АМТ ҚҚС-ға сенді, бірақ ол тәртіп бұзушылық болмаса қайтарылады".

Алайда мердігер ұйымдардың айтуынша, 2017 жылдың 15 қаңтарына дейін қарыз өтелмеген және мәселе сол қалпы шешілмей келеді.

"АМТ мен мердігерлер арасында шарт қарым-қатынастары бар, ол Азаматтық кодекс негізінде реттеледі. Бірақ "АрселорМиттал Теміртау" мемлекеттік органдармен салық заңнамасы саласында күрделі мәселелердің болуына сілтеме жасап, шарт міндеттемелерін бұзуға құқылымыз деп есептейді", – деп түсіндірді Теміртаудағы бір мердігер кәсіпорынның басшысы.

Серіктес ұйымдарға төлемақы төлеу ісіне қатысты әкімдік те, АМТ да ресми ақпарат берген жоқ. Бірақ бейресми мәліметтерге сүйенсек, қарыздың тек 10–15%-ы ғана төленген. Аbctv.kz-тің сұрауына АМТ әзірге жауап бермеді.

Қазір Теміртау әкімдігінде қарыз төлеудің тағы бір соңғы мерзімі – 24 қаңтарды күтіп отыр.

Бірақ мердігерлердің айтуынша, қалалық әкімдік те, Қарағанды облыстық әкімдігі де "АрселорМиттал Теміртау" әкімшілігіне ешқандай ықпал ете алмайтынын көрсетіп отыр.

Олег И. Гусев, Теміртау

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу