"Бизнесті енді өзіміз тексермейміз"

Артур Мискарян Артур Мискарян
2351

"Атамекен" КҰП пен билік өкілдерінің кездесуінде ойлау жүйесін ауыстыру туралы сөз қозғалды.

"Бизнесті енді өзіміз тексермейміз"

"Билікпен қарым-қатынасымыз қарқын алып келеді, бізде келіссөз күші бар. Премьер-министр мемлекеттік орган өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, бизнесті алаңдататын мәселелерді талқылау туралы тапсырма берді. Ондай мәселе бизнестің басында көп", – деді "Атамекен" КҰП басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов бизнесмендер мен билік өкілдерінің кездесуінде.

Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин бизнес-қоғамдастықпен кездесуде оның мекемесі тексерулер санын қысқартуға күш салып жатқанын айтты.

"Бұл мәселе көп жыл бойы мемлекеттің назарына ілініп жатыр. Біз бақылау-қадағалау қызметтерін, рұқсат құжаттарын тұрақты түрде қысқартып келеміз, бірақ осыған қарамастан олардың саны нөсерден кейінгі саңырауқұлақтай көбейе берді. Бүгінгі күні біз 114 саланы бақылап, 18 саланы қадағалаймыз. Бақылау және қадағалау қызметінің кемшілігі мынада, кейбір салаларда оларды жүргізу тәртібі реттелмеген", – деді Серік Жұманғарин.

Тексерулердің басым бөлігі жоспарлы түрден таңдаулыға ауыстырылса, экономика вице-министрінің айтуынша, тексерулердің негізгі бөлігі ТБЖ (тәуекелдерді басқару жүйесі) бойынша жүргізіледі, яғни тексеру субъектісі қауіп-қатер тобына енген кезде тексеріледі.

31000 тексеру ерекше тәртіпте. Біз осы ерекше тәртіпті талдап шығып, мынадай қорытындыға келдік, санитарлық-эпидемиологиялық тексеру, өрт қауіпсіздігі және өнеркәсіптік қауіпсіздік бұл жерде артық. Бұл тексерулерді жоспарлы не кезеңдік мерзімде жүргізу міндетті емес, ТБЖ аясында өткізсек те болады. Осылайша, 31000 тексерудің 22000 санитарлық-эпидемиологиялық тексеру екені анықталды, сондықтан тексерулердің басым бөлігі ерекше тәртіптегі тексеру санатынан таңдамалы тексеру бөліміне ауысады – енді СЭС бұрынғыдай тұрақты түрде тексермейді. Нәтижесінде негізгі тәртіптегі 5000 тексеру ғана қалады.

Министрліктегілер таңдамалы тексерулерді жойып, оның орнына профилактикалық бақылау енгізуді мақсат етіп отыр. Яғни кәсіпкерге ескерту жасалып, тәртіп бұзуды  жоюға уақыт беріледі.

"Ал таңдамалы тексерулерге келер болсақ, олардың саны соншалықты көп емес – шамамен 7000, бірақ бұл тексеру – тексерудің көкесі. Біз таңдамалы тексеру институтын алып тастаймыз, олар енді болмайды, профилактикалық бақылау болады, бизнесмен бұл алдын-алу шарасы екенін түсіну керек. Енді сізге тексеруші заң бұзушылықтың алдын-алып, ескерту үшін, заң бұзушылығыңызды түсіндіру үшін келеді және оны жою үшін уақыт береді", – деді вице-министр.

Ұлттық экономика министрлігі ұсынған өзгертулерді ескере келе Серік Жұманғарин тексерулерге мораторий жариялау қажет емес деп есептейді.

"Биылғы жылдың өзінде тексерулер саны 30%-ға қысқарады. Біреулер мораторий енгізгісі келген, бірақ енді оны енгізудің мәні қалмады деп ойлаймын, себебі келесі жылдан бастап біз осы өзгертулерді іске қоса бастаймыз және тексеру сескендіретін шара болудан қалады", – деп түсіндіріп өтті Серік Жұманғарин.

Өткен кездесуде бас прокуратураның өкілі – бас прокуратура департаменті бастығының орынбасары Жанат Элиманов тексерулерге деген көзқарасты өзгерту керектігін айтты.

"Ойлау жүйемізді  өзгертсек, біздің мақсатымыз да өзгереді – ол бизнес-ортаны жақсартуға бағытталады. Біз прокуратурада өзімізден бастадық – енді өз жұмысымызға бизнесті құқықтық жағынан қорғайтын қызмет ретінде қараймыз. Біз не істедік? "Қамқор" мобильдік қосымшасын іске қостық: егер тексеру тағайындалса, кәсіпкердің мобильді телефонына push-хабарлама келіп түседі", – деді Жанат Элиманов.

Оның айтуынша, болашақта тексерулер тек президент не бас прокурордың тапсырмасымен ғана жүргізілетін болады.

"Бизнесті енді өзіміз тексермейміз – тек мемлекет басшысының және бас прокурордың тапсырмасымен ғана тексереміз. Жеке дау-дамайларға қатысты сот отырыстарына прокурордың қатысуы тоқтатылады. Бұл заң жобасы қазір сенатта жатыр", - деді прокурор.

Оған қоса бас прокуратура "Атамекен" КҰП-пен қарым-қатынас жасауды қайта қарап, енді жүйелі мәселелерді шешуде бірлесіп жұмыс істегісі келетінін білдірді.

"Атамекенмен" бірлесіп табысты жұмыс істедік, алайда көп жағдайда жекелеген кәсіпкердің мәселесін шешуге күш жұмылдырдық, оның шешімі жалпы саладағы жағдайды жақсартуға әсер етпейді. Біз бірлескен жұмыстың әдісін өзгертеміз деп шештік. Енді заң бұзушылықты анықтап, жүйелі проблемаларды бірлесіп шешетін боламыз. Бұл саладағы көптеген кәсіпкердің өмірін жақсартады. Тиісті келісімнің жобасын КҰП мақұлдады және қазір қол қою кезеңінде тұр", – деді Жанат Элиманов.

"Алдағы съезде де бұл туралы сөз қозғалатынына күмәнім жоқ, – деді Абылай Мырзахметов, – бірақ ең басты қадағалау органы болып табылатын бас прокуратурада болып жатқан ілгерілеуді айтпай кетуге болмайды".

Әйгерім Сүлейменова, Артур Мискарян 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу